Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

4-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

“Осы рух... біздің рухымызбен бірге растайды”

“Осы рух... біздің рухымызбен бірге растайды”

“Осы рух Құдайдың балалары екенімізді біздің рухымызбен бірге растайды” (РИМ. 8:16).

25-ӘН Құдайдың ерекше меншігі

АҢДАТПА *

Елуінші күн мейрамында Ехоба 120 шақты мәсіхшіге ерекше жолмен киелі рухын төкті (1, 2-абзацты қараңыз)

1, 2. Б. з. 33 жылы Елуінші күн мейрамында қандай ерекше оқиға болды?

ИЕРУСАЛИМ. Б. з. 33 жылы, жексенбі, таңғы уақыт. Елуінші күн мейрамы өтіп жатқан күн. 120 шақты шәкірттен құралған топ бір үйдің екінші қабатында жиналып отыр (Ел. іс. 1:13—15; 2:1). Бірнеше күн бұрын Иса оларға Иерусалимнен кетпеуді бұйырған болатын, өйткені оларға ерекше сый берілмек еді (Ел. іс. 1:4, 5). Бұдан кейін не болды?

2 “Кенеттен қатты жел соққандай көктен шу естіліп, бүкіл үйдің іші жаңғырып кетті”. Содан шәкірттердің басында “тілге ұқсаған от жалындары” пайда болып, “бәрі киелі рухқа кенелді” (Ел. іс. 2:2—4). Осындай ерекше жолмен Ехоба сол адамдарға киелі рухын төкті (Ел. іс. 1:8). Олар киелі рухпен майланғандардың * және көкте Исамен бірге билік ету үмітіне ие болғандардың алғашқылары болды.

АДАМ МАЙЛАНҒАНДА НЕ БОЛАДЫ?

3. Елуінші күн мейрамында майланғандар неге киелі рухпен майланғандарына еш күмәнданбады?

3 Егер сіз сол күні жоғары қабаттағы бөлмеде жиналған шәкірттердің бірі болғаныңызда, сол күн есіңізден кетпес еді. Тілге ұқсаған от жалыны басыңызға келіп қонып, сіз басқа тілде сөйлей бастадыңыз! (Ел. іс. 2:5—12). Сондықтан киелі рухпен майланғаныңызға еш күмәніңіз болмады. Алайда киелі рухпен майланғандардың бәрі бірдей ерекше жолмен майланды ма? Жоқ. Неге олай дейміз?

4. Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер қай кезде майланған? Түсіндіріңіз.

4 Адам қай кезде майлануы мүмкін екенін қарастырайық. Б. з. 33 жылы Елуінші күн мейрамында киелі рухпен майланған тек 120 шақты шәкірт қана емес еді. Сол күні тағы 3000-дай адам киелі рухқа кенелді. Олар шомылдыру рәсімінен өткен кезде киелі рухпен майланды (Ел. іс. 2:37, 38, 41). Бірақ кейінгі жылдары майланған мәсіхшілердің барлығы шомылдыру рәсімінен өткен кезде майланбаған. Мысалы, самариялықтар шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін бірнеше уақыттан соң ғана майланды (Ел. іс. 8:14—17). Ал Корнел мен оның үй ішіне келсек, олардың жағдайында мүлдем басқаша болды. Олар шомылдыру рәсімінен өтпей тұрып киелі рухпен майланды (Ел. іс. 10:44—48).

5. Қорынттықтарға 2-хат 1:21, 22-ге сай, әлдебіреу киелі рухпен майланғанда не болады?

5 Ал енді адам киелі рухпен майлағанда не болатынын қарастырайық. Майланғандардың кейбірі бастапқыда Ехобаның оларды таңдағанымен келісе алмаулары мүмкін. Олар: “Құдай неге мені таңдады?”— деп таңғалуы ықтимал. Өзгелері олай ойламауы мүмкін. Қалай болған күнде де, елші Пауыл майланғандардың бәрімен не болатынын былай түсіндірген: “Оған сенген соң, уәде етілген киелі рухпен Мәсіх арқылы сендерге мөр басылды *. Киелі рух — мұраны алатынымыздың кепілі” (Ефес. 1:13, 14). Демек, Ехоба оларды таңдағанын киелі рухы арқылы өздеріне анық білдіреді. Осылайша киелі рух олардың болашақта жер бетінде емес, көкте мәңгі өмір сүретіндеріне сендіріп, “кепіл” береді (Қорынттықтарға 2-хат 1:21, 22 оқыңыз).

6. Көктегі сыйына ие болу үшін майланған мәсіхші не істеу керек?

6 Егер мәсіхші майланған болса, міндетті түрде көкке барады дегенді білдіре ме? Жоқ. Ол өзінің көкке шақырылғанына сенімді. Десе де ол мына ескертуді ұмытпауы қажет: “Бауырластар, шақырылғандарыңа және таңдап алынғандарыңа лайық болып қала беруге барынша ұмтылыңдар. Өйткені осы қасиеттерді толықтыра берсеңдер, ешқашан сүрінбейсіңдер” (Пет. 2-х. 1:10). Демек, көкке шақырылған не көкте өмір сүруге таңдалған майланған мәсіхші адал болып қалса ғана сыйына ие болады (Філіп. 3:12—14; Евр. 3:1; Аян 2:10).

АДАМ ӨЗІНІҢ МАЙЛАНҒАНЫН ҚАЛАЙ БІЛЕДІ?

7. Майланғандар өздерінің көкке шақырылғанын қайдан біледі?

7 Алайда адам өзінің көкке шақырылғанын қайдан біледі? Бұның нақты жауабын Пауылдың Римдегі “қасиетті болуға шақырылғандарға” айтқан сөзінен білеміз. Ол былай деген: “Сендер өздеріңді құл етіп, қайтадан қорқыныш тудыратын рухты емес, қайта, Құдайдың балалары ететін рухты қабылдадыңдар. Ол бізді: “Абба, Әке!”— деп шақыруға талпындырады. Осы рух Құдайдың балалары екенімізді біздің рухымызбен бірге растайды” (Рим. 1:7; 8:15, 16). Демек, Құдай майланғандардың көкке шақырылғанын оларға киелі рухы арқылы анық білдіреді (Сал. 1-х. 2:12).

8. Жоханның 1-хаты 2:20, 27-ден мәсіхшінің майланғанын біреудің растағаны қажет емес екені қалай көрінеді?

8 Ехоба көкке шақырылғандардың ойында да, жүрегінде де ешқандай күмән қалдырмайды (Жоханның 1-хаты 2:20, 27 оқыңыз). Әрине, майланған мәсіхшілер өзгелер сияқты Ехобадан қауым кездесулерінде тәлім алуы қажет. Бірақ олар өздерінің майланған екенін біреудің растағанын қажет етпейді. Ехоба олардың майланған екенін тайға таңба басқандай анық білдіру үшін әлемдегі ең ғаламат күшті — киелі рухын қолданады!

ОЛАР “ҚАЙТАДАН ТУЫЛҒАН”

9. Ефестіктерге 1:18, 19-да айтылғандай, адам майланған кезде не өзгереді?

9 Бүгінде Құдай қызметшілерінің көбі әлдекім майланғанда не болатынын түсіне алмайды. Бұл түсінікті де, өйткені олардың өздері майланбаған. Ехоба адамзатты көкте емес, жерде мәңгі өмір сүру үшін жаратқан (Мұс. 1-ж. 1:28; Зәб. 37:29). Алайда ол біраз адамды көкте өмір сүруге таңдады. Ехоба біреуді көкте өмір сүруге таңдағанда, ол оның үміті мен көзқарасын түбегейлі өзгертеді, енді ол көктегі өмірді тағатсыздана күтетін болады (Ефестіктерге 1:18, 19 оқыңыз).

10. “Қайта туылу” деген нені білдіреді? (Сілтемені де қараңыз.)

10 Мәсіхшілер киелі рухпен майланғанда “қайта туылады” не “жоғарыдан туылады” *. Сонымен қатар Иса майланғандар “қайта туылғанда” яғни “киелі рухтан туылғанда” не сезінетінін рухпен майланбаған адамға дәл түсіндіру мүмкін емес екенін айтқан (Жох. 3:3—8; сілт.).

11. Мәсіхші майланғанда оның ой қалпы қалай өзгеретінін түсіндіріңіз.

11 Мәсіхші майланғаннан кейін басқаша ойлана бастайды. Олар майланбай тұрып, жерде мәңгі өмір сүру үмітін бағалаған. Олар Ехобаның зұлымдықты жойып, жерді жұмаққа айналдыратын кезін аңсап күткен. Бәлкім, қайтыс болған жақынын не досын қарсы алып жатқандарын елестеткен шығар. Алайда олар майланғаннан кейін басқаша ойлана бастады. Неліктен? Олар жерде мәңгі өмір сүру сондай жақсы емес деп ойлаған жоқ. Көп қиналғандықтан не күйзелгендіктен өмір сүргілері келмей қалмады. Немесе аяқастынан жерде мәңгі өмір сүруді ішпыстырарлық деп тұжырымдаған жоқ. Қайта, Ехоба киелі рухы арқылы олардың ой қалыптары мен жандарына жақын тұтқан үміттерін өзгертті.

12. Петірдің 1-хаты 1:3, 4-ке сай, майланған мәсіхшілер үміттері жайлы қандай сезімде болады?

12 Адам майланғанда өзін мұндай мәртебеге лайықсыз сезінуі мүмкін. Бірақ ол Ехобаның оны таңдағанына бір сәтке де күмәнданбайды. Ол көкте өмір сүру үміті жайлы ойлағанда, жүрегі шаттық пен ризашылыққа толады (Петірдің 1-хаты 1:3, 4 оқыңыз).

13. Майланғандар жердегі өмірлері жайлы қандай сезімде?

13 Бұл дегеніміз майланғандар өлгілері келеді дегенді білдіре ме? Елші Пауыл майланғандардың денесін шатырға теңеп былай деген: “Осы шатырдағы біздер ауыртпалық көріп ыңырсудамыз. Оны шешіп тастағымыз келгендіктен емес, ажалды денені мәңгілік өмірмен ауыстыру үшін, басқасын киюді қалағандықтан ыңырсудамыз” (Қор. 2-х. 5:4). Олар тезірек өлім құшуды қалайтындай, өмір сүруге деген құштарлықтарын жоғалтқан жоқ. Керісінше, олар өмірді сүйеді, әр күндерін отбасымен, достарымен бірге Ехобаға қызмет етумен өткізгілері келеді. Десе де олар болашаққа қатысты керемет үміттерін әрдайым жадында ұстайды (Қор. 1-х. 15:53; Пет. 2-х. 1:4; Жох. 1-х. 3:2, 3; Аян 20:6).

ЕХОБА СІЗДІ МАЙЛАДЫ МА?

14. Адамның киелі рухпен майланғанын не дәлелдемейді?

14 Бәлкім, сіз “мен киелі рухпен майланған шығармын” деп ойлайтын боларсыз. Олай болса, мына маңызды сұрақтар жайлы ойлап көріңіз: Ехобаның еркін орындауға деген ықыласыңыз зор ма? Сіз өзіңізді уағыз ісінде ерекше құлшыныс танытатын адам ретінде қарастырасыз ба? Киелі кітаптан “Құдайдың терең даналығын” зерттеп-білгенді қатты жақсы көресіз бе? (Қор. 1-х. 2:10). Ехобаның арқасында уағыз ісінің керемет жемісін көріп жүрсіз бе? Өзгелерге Ехоба жайлы үйретуді үлкен жауапкершілік деп санайсыз ба? Өміріңізде Ехобаның сізге ерекше жолдармен көмектескенін көргенсіз бе? Бұл сұрақтарға “иә” деп жауап берсеңіз, бұл сіздің көкке шақырылғаныңызды дәлелдей ме? Жоқ. Неге олай дейміз? Өйткені Құдай қызметшілерінің бәрі, майланған болсын-болмасын, осылай сезінуі мүмкін. Үміті қандай болмасын, Ехоба өз қызметшілерінің бәріне бірдей киелі рухы арқылы күш дарыта алады. “Мен киелі рухпен майланған шығармын” деп күмәнданғаныңыздың өзі сіздің майланбағаныңызды білдіреді. Өйткені Ехоба таңдаған адамдар “майланғанмын ба, жоқ па” деп еш күмәнданбайды! Олар мұны нақты біледі!

Ехоба киелі рухы арқылы Ыбырайым мен Сараға, Дәуітке, шомылдыру рәсімін жасаушы Жақияға керемет істер жасауға күш берген. Алайда ол бұл рухын оларды көкке таңдауға қолданған жоқ (15, 16-абзацты қараңыз) *

15. Құдайдың рухына ие болғандардың бәрі көкке бармайтынын қайдан білеміз?

15 Киелі кітапта көптеген адал кісілердің көкте өмір сүруге үміті болмаса да, киелі рухқа ие болғаны жазылған. Мысалы, Дәуітті киелі рух жетелеген (Сам. 1-ж. 16:13). Киелі рух оған Ехоба туралы терең шындықтарды түсінуге әрі Киелі кітаптың кей бөліктерін жазуға көмектесті (Мар. 12:36). Десе де елші Петір: “Дәуіт болса көкке көтерілген жоқ”,— деді (Ел. іс. 2:34). Шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия да “Құдайдың киелі рухына кенелген” (Лұқа 1:13—16). Иса “Жақиядан ұлы ешкім болған емес” деген, бірақ оның Көк Патшалығына кірмейтінін айтты (Мат. 11:10, 11). Ехоба киелі рухы арқылы оларға керемет істер жасауға күш берген. Алайда ол бұл рухын оларды көкке таңдауға қолданған жоқ. Бұл олардың көкте билік етуге таңдалғандарға қарағанда аз адалдық танытқанын білдіре ме? Жоқ. Бұл Ехобаның оларды жер бетінде болатын жұмақтағы өмірге тірілтетінін білдіреді (Жох. 5:28, 29; Ел. іс. 24:15).

16. Бүгінде Құдай қызметшілерінің басым бөлігі қандай сыйды асыға күтіп жүр?

16 Бүгінде жердегі Құдай қызметшілерінің басым бөлігі көкте өмір сүруге үміттенбейді. Ыбырайым, Сара, Дәуіт, шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия және өзге де Киелі кітап заманындағы адал ерлер мен әйелдер сияқты, олар да Құдай Патшалығы жер бетіне билік ететін кезде өмір сүруді асыға күтуде (Евр. 11:10).

17. Келесі мақалада қандай сұрақтарды қарастырамыз?

17 Арамызда әлі де майланған бауырластар бар болғандықтан, кейбір сұрақтар туындауы мүмкін (Аян 12:17). Мысалы, майланғандар өздеріне қатысты қандай көзқараста болулары керек? Қауымымыздағы біреу Еске алу кешінде рәміздерден дәм тата бастаса, оған қалай қарауымыз қажет? Өздерін майланғанбыз дейтіндердің саны көбейіп жатса, уайымдауымыз керек пе? Бұл сұрақтардың жауабын келесі мақаладан білеміз.

^ 5-абзац Б. з. 33 жылы Елуінші күн мейрамынан бері Ехоба кейбір мәсіхшілерге тамаша үміт беріп келеді. Бұл — оның Ұлымен көкте билік ету үміті. Сол мәсіхшілер өздерінің осындай керемет мәртебеге таңдалғандарын қалай біледі? Ехоба біреуді көкке шақырса, не болады? Қазір осы қызықты сұрақтардың жауабын білеміз. Бұл мақала 2016 жылы қаңтар айында жарық көрген “Күзет мұнарасындағы” мақалаға негізделген.

^ 2-абзац СӨЗ МӘНІ: Киелі рухпен майлану. Ехоба киелі рухы арқылы көкте Исамен бірге билік ететін адамды таңдайды. Киелі рухы арқылы Ехоба сол адамның көкте өмір сүретініне “кепіл” береді (Ефес. 1:13, 14). Мұндай мәсіхшілер сыйлары көкте екенін киелі рух “растайтынын”, яғни анық білдіретінін айта алады (Рим. 8:16).

^ 5-абзац СӨЗ МӘНІ: Мөр. Бұл мөр біржола қойылмайды, тек адалдығын сақтаған адамға өлерінен біршама уақыт бұрын не зор алапат басталар алдында ғана қойылады (Ефес. 4:30; Аян 7:2—4). 2019 жылдың сәуір айындағы “Жұмыс дәптерінің” сілтемесін қараңыз: Құдайдың әрбір майланған мәсіхшіге беретін “кепілі” мен “мөрі” нені білдіреді? (Қор. 2-х. 1:21, 22).

^ 10-абзац “Қайта туылу” нені білдіретіні жайлы көбірек білу үшін, 2009 жылы 1 сәуірде жарық көрген “Күзет мұнарасының” (ор.) 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10, 11, 12-беттерін қараңыз.

27-ӘН Құдай балаларының паш етілуі

^ 57-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Сеніміміз үшін түрмеде отырсақ та не еркін уағыздап, шындықты үйретсек те, Құдай Патшалығы жер бетінде билік ететін кезде өмір сүруді тағатсыздана күтудеміз.