Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

39-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

“Ұлы жамағат” деген кімдер?

“Ұлы жамағат” деген кімдер?

“Содан соң қарадым да,... ешбір адам баласы санай алмайтындай ұлы жамағатты көрдім. Олар тақ пен Тоқтының алдында тұр екен” (АЯН 7:9).

60-ӘН Аман қалсын бәрі

АҢДАТПА *

1. Шамамен б. з. 95 жылы елші Жохан қандай жағдайға душар болды?

ШАМАМЕН б. з. 95 жылы елші Жохан өте қиын жағдайға душар болды. Жохан сол кезде егде тартқан еді. Сондай-ақ ол Патмос аралында түрмеде отырды және сол уақытта одан басқа елшілер қалмағанға ұқсайды (Аян 1:9). Жохан жолдантаюшылардың жалған ілімдер таратып, мәсіхшілердің арасына іріткі салып жатқанын білетін. Сол уақытта мәсіхшіліктің алауы міне-міне сөнгелі жатқандай көрінген шығар (Яһд. 4; Аян 2:15, 20; 3:1, 17).

Елші Жохан үстеріне ақ шапан киген және қолдарына пальма бұтақтарын ұстаған “ұлы жамағатты” көрді (2-абзацты қараңыз)

2. Аян 7:9—14 тармақтарда Жоханның Құдайдан алған қандай керемет аян жазылған? (Мұқабадағы суретті қараңыз).

2 Осындай ауыр шағында Құдай Жоханға болашақ туралы бір керемет аян береді. Аянда бір періште басқа төрт періштеге Құдай құлдарының бір тобына шешуші белгі қойылғанға дейін зор алапаттың жойқын желін ұстап тұру керектігін айтты (Аян 7:1—3). Бұл топ Исамен бірге көкте билік ететін 144 000-нан тұрады (Лұқа 12:32; Аян 7:4). Сосын аянда Жохан басқа бір үлкен топты көріп былай деді: “Әрбір ұлттан, рудан, халықтан және тілден шыққан, ешбір адам баласы санай алмайтындай ұлы жамағатты көрдім. Олар тақ пен Тоқтының алдында тұр екен” (Аян 7:9—14 оқыңыз). Болашақта көптеген адамның Құдайға дұрыс жолмен ғибадат ететінін білгенде, Жоханның қалай қуанғанын елестетіп көріңізші.

3. а) Неге Жохан алған аян сенімімізді нығайтады? ә) Бұл мақалада нені қарастырамыз?

3 Жоханның көрген аяны оның сенімін нығайтқаны шүбәсіз. Аяндағы сөздер бүгінгі күні орындалып жатқандықтан, бұл біздің сенімімізді одан бетер нығайтары сөзсіз! Біз зор алапаттан аман қалуға және жер бетінде мәңгі өмір сүруге үміті бар миллиондаған адамдардың жиналып жатқанын көрудеміз. Ехоба өз халқына осы ұлы жамағатқа кімдердің кіретінін 80 жылдан астам уақыт бұрын ашты. Бұл мақалада ол мұны қалай істегенін білеміз. Сосын осы жамағаттың келесідей екі ерекшелігіне назар аударамыз: 1) оның санына және 2) оның мүшелерінің жан-жақтан жиналғандығына. Мұны қарастырғанымыз осы топтың құрамына кіруге үміттенетін адамдардың сенімін нығайтады.

ҰЛЫ ЖАМАҒАТ ҚАЙДА ӨМІР СҮРЕДІ?

4. Христиан әлемі Киелі кітаптағы қандай шындықты түсінбейді, ал Киелі кітап зерттеушілері олардан несімен ерекшеленген?

4 Негізінде, христиан әлемі мойынсұнғыш адамдар жер бетіндегі жұмақта мәңгі өмір сүреді деген Киелі кітаптағы шындықты үйретпейді (Қор. 2-х. 4:3, 4). Бүгінде христиан әлеміндегі діндердің көбісі жақсы адамдардың бәрі өлгеннен кейін көкке барады деп үйретеді. Алайда “Күзет мұнарасы” журналын басып шығарған Киелі кітап зерттеушілері бұлай үйретпеген. Олар Құдайдың жер бетіндегі жұмақты қайта қалпына келтіретінін және миллиондаған мойынсұнғыш адамдардың көкте емес, жерде өмір сүретінін түсінген. Бірақ сол мойынсұнғыш адамдарға кімдер кіретінін анық түсіну үшін оларға уақыт қажет болды (Мат. 6:10).

5. Киелі кітап зерттеушілері 144 000-ға қатысты қандай ойда болған?

5 Әрине, Киелі кітап зерттеушілері Жазбалардан адамдардың бір тобы “жерден сатып алынып,” көкте Исамен бірге билік ететінін де зерттеп түсінген (Аян 14:3). Бұл топ жерде жүргенде Құдайға адалдықпен қызмет еткен әрі өмірін бағыштаған құлшынысты 144 000 мәсіхшіден тұру керек еді. Ал ұлы жамағат туралы не деп ойлаған?

6. Киелі кітап зерттеушілері ұлы жамағатқа қатысты не нәрсеге сенді?

6 Жохан алған аянда ұлы жамағаттың “тақ пен Тоқтының алдында” тұрғаны суреттелген (Аян 7:9). Сондықтан Киелі кітап зерттеушілері ұлы жамағат 144 000 сияқты көкте өмір сүреді деген тұжырымға келді. Егер 144 000 да, ұлы жамағат та көкте өмір сүретін болса, онда бұл екі топ бір-бірінен несімен ерекшеленбек? Киелі кітап зерттеушілері ұлы жамағатқа жер бетінде өмір сүргенде, Құдайға толық мойынсұнбаған адамдар кіреді деп ойлаған. Олар қандай да бір шамада Киелі кітаптың моральдық нормаларына сай өмір сүрсе де, кейбірі әлі де христиан әлеміндегі шіркеулердің мүшесі болып қалуы мүмкін еді. Сөйтіп, Киелі кітап зерттеушілері олар Құдайға қандай да бір сүйіспеншілік танытты, бірақ бұлары Исамен бірге билік етуге жеткіліксіз деген ойға келді. Құдайды қатты жақсы көрмегендіктен, ұлы жамағат көктегі таққа отыруға емес, тақтың алдында тұруға лайықты деп ойлады.

7. Киелі кітап зерттеушілерінің пікірінше, мыңжылдықтың кезінде жер бетінде кімдер өмір сүрмек еді және ежелдегі адал ер кісілер жөнінде олар қандай ойда болады?

7 Сонда жерде кімдер өмір сүрер еді? Кезінде Киелі кітап зерттеушілері 144 000 мен ұлы жамағат көкке жиналғаннан кейін, қалған миллиондаған адамға Мәсіхтің мыңжылдық билігінің батасын көру үшін жерде өмір сүруге мүмкіндік беріледі деп сенді. Олар сол миллиондаған адам Ехобаға Мәсіхтің мыңжылдық билігі басталғанға дейін қызмет етеді деп күткен жоқ. Олардың ойынша, бұл топ Ехобаның жолдарын мыңжылдық билік кезінде танып-білмек еді. Содан кейін Ехобаның нормаларын қабылдағандар жер бетінде мәңгі өмір сүру батасына ие болады да, ал қарсы болғандар жойылады деп білді. Сондай-ақ Киелі кітап зерттеушілерінің ойынша, сол уақыттары жер бетінде бекзада болып қызмет ететіндер, сондай-ақ Мәсіхке дейін өмірден озған адал ер кісілер мыңжылдық бітісімен көкте өмір сүру сыйына ие болу керек еді (Зәб. 45:16).

8. Қандай үш топ Құдайдың еркіне сай болып көрінді?

8 Осылай Киелі кітап зерттеушілері үш топ бар деп түсінді: 1) Мәсіхпен көкте билік ететін 144 000; 2) көктегі тақтың және Тоқтының алдында тұратын, Құдайға аса құлшыныс танытпаған ұлы жамағат; 3) Мәсіхтің мыңжылдық билігінің кезінде Ехобаның жолдарын танып-білетін миллиондаған адам *. Алайда кейін шындықтың нұры жарқырап, Ехоба оларға ұлы жамағат жайында анығырақ түсінуге көмектесті (Нақ. с. 4:18).

ШЫНДЫҚТЫҢ НҰРЫ ЖАРҚЫРАЙ ТҮСУДЕ

1935 жылғы конгресте жерде өмір сүруге үміті бар көп жамағат шомылдыру рәсімінен өтті (9-абзацты қараңыз)

9. а) Жер бетінде өмір сүретін ұлы жамағат қай мағынада “тақ пен Тоқтының алдында” тұра алады? ә) Неге Аян 7:9-ға қатысты бұл түсінік қисынды деуге болады?

9 Жоханның ұлы жамағат туралы аяны 1935 жылы айқындала түсті. Ехоба куәгерлері “тақ пен Тоқтының алдында” тұру үшін ұлы жамағатқа көкте болудың қажеті жоқ екенін түсінді. Олар бейнелі мағынада тақтың алдында тұрады. Ұлы жамағат жерде өмір сүрсе де, Ехобаны әлемнің билеушісі ретінде мойындау арқылы және бүкіләлемдік билігіне мойынсұну арқылы “тақтың” алдында тұрады (Ишая 66:1). Ал Исаның төлем құрбандығына сенім таныту арқылы “Тоқтының” алдында тұрады. Аян 7:9-дағы сөздер бейнелі мағынада айтылғанын түсінуге көмектесетін Киелі кітапта тағы бір жазба орны бар. Матай 25:31, 32-де “барлық халықтар”, оның ішінде зұлым адамдар да Исаның салтанатты тағының алдына “жиналып әкелінетіні” айтылған. Бұл халықтардың көкте емес, жерде болатыны айдан анық. Сондықтан 1935 жылы қабылданған жаңа түсінік қисынды еді. Иә, Киелі кітапта ұлы жамағаттың көкке алынатыны жайлы ештеңе айтылмағаны да сондықтан. Көкте мәңгі өмір сүру үміті тек бір топқа уәде етілген, бұл 144 000-нан тұрады әрі олар Исамен бірге жердің үстінен билік етеді (Аян 5:10).

10. Неге ұлы жамағат Ехобаның жолдарын Мәсіхтің мыңжылдық билігіне дейін танып-білулері керек?

10 1935 жылдан бері Ехоба куәгерлері Жоханның аянындағы ұлы жамағат жер бетінде мәңгі өмір сүру үмітіне ие адал мәсіхшілерден тұратынын түсінді. Зор алапаттан аман өту үшін олар Мәсіхтің мыңжылдық билігі басталғанға дейін Ехобаның жолдарын танып-біліп, оған ғибадат етулері керек. Осылайша “алда болатын осы жайттардың бәрінен қашып құтыла алу үшін” олар Мәсіхтің мыңжылдық билігіне дейін мықты сенімдері бар екенін көрсетулері керек (Лұқа 21:34—36).

11. Неге кейбір Киелі кітап зерттеушілері Мәсіхтің мыңжылдық билігі бітісімен кейбіреулері көкке барады деп болжаған болуы мүмкін?

11 Ал жердегі адал болған кейбір адамдар Мәсіхтің мыңжылдық билігі бітісімен көкке барады деген пікір ше? 1913 жылы 15 ақпанда жарық көрген “Күзет мұнарасында” сондай болжам айтылған еді. Сол журналды оқыған адамда мынадай сұрақ туындауы мүмкін еді ғой: “Неге ежелдегі Құдайдың адал қызметшілері қайта тірілгенде жерде өмір сүреді де, ал толықтай адалдық танытпаған мәсіхшілер көкте өмір сүру сыйына ие болады?” Әрине, аталмыш болжам келесідей екі теріс пікірдің әсерімен жасалған: 1) ұлы жамағат көкте өмір сүреді және 2) бұл топ аса адал болмаған мәсіхшілерден тұрады.

12, 13. Майланғандар мен ұлы жамағат өз сыйлары жайлы нені түсінеді?

12 Бірақ айтып кеткеніміздей, Ехоба куәгерлері 1935 жылы Жоханның аянындағы ұлы жамағаттың Армагеддоннан аман өтетінін анық түсінді. Олар “зор алапаттан өтеді” және жер бетінде қалып, қатты дауыстап: “Құтқарылғанымыз үшін біз тақта отырған Құдайымыз бен Тоқтыға борыштымыз”,— дейтін болады (Аян 7:10, 14). Сондай-ақ Жазбаларда көкте өмір сүру үшін қайта тірілетіндер ежелдегі адал ер адамдардан гөрі “әлдеқайда жақсы” үмітке ие екендері айтылған (Евр. 11:40). Сөйтіп, бауырластар зор құлшыныс танытып, адамдарды Ехобаға қызмет етуге, жерде мәңгі өмір сүру үмітіне ие болуға шақыра бастады.

13 Ұлы жамағат өздерінің үміттеріне қатты қуанады. Адал қызметшілері көкте өмір сүре ме я жерде ме — мұны Ехоба шешетінін олар жақсы түсінеді. Майланған мәсіхшілер де, ұлы жамағат та алатын сыйлары еңбек сіңіргеннің арқасында емес, Ехоба рақымын танытып, Иса Мәсіхтің төлем құрбандығын бергеннің арқасында мүмкін екенін түсінеді (Рим. 3:24).

ҰЛЫ ЖАМАҒАТТЫҢ АУҚЫМЫ

14. 1935 жылдан кейін көбісінің ойында қандай сұрақ тұрды?

14 1935 жылы ұлы жамағат жайлы түсінік айқындалған соң да көбісінің ойында “жерде өмір сүруге үміттенетін адамдар қалай ұлы жамағатқа айналады?” деген сұрақ тұрды. Мысалы, ұлы жамағат туралы түсінік айқындалған кезде Рональд Паркин 12 жаста болатын. Ол былай деп есіне алады: “Сол кездері дүниежүзі бойынша 56 000-дай жариялаушы болды, ал олардың көбісі, тіпті басым бөлігі десем қателеспейтін шығармын, майланғандар болды. Сондықтан ұлы жамағат соншалықты ұлы болып көрінбеді”.

15. Ұлы жамағаттың саны қалай өсті?

15 Кейінгі онжылдықтарда көп елдерге миссионерлер жіберіле бастады және Ехоба куәгерлерінің саны өсе берді. Сосын 1968 жылы “Мәңгілік өмірге алып баратын шындық” деген кітаптың көмегімен Киелі кітапты зерттеу бағдарламалары басталып кетті. Бұл кітапта Киелі кітап шындықтары қарапайым етіп түсіндірілгеннің арқасында момын адамдар бұрын-соңды болмағандай көлемде ұйымға ағыла бастады. Төрт жылдың ішінде 500 000-нан астам адам шомылдыру рәсімінен өтіп, шәкірттердің қатарына қосылды. Католик шіркеуінің ықпалы Латын Америкасында және басқа да елдерде әлсірей бастағандықтан, ал Шығыс Еуропа және Африканың кейбір елдерінде ісімізге салынған шектеулер алынғандықтан тағы миллиондаған адам шомылдыру рәсімінен өтті (Ишая 60:22). Соңғы жылдары Ехобаның ұйымы адамдарға Киелі кітап шындықтарын үйретуге арналған өте тиімді құралдарды шығарды. Бүгінде саны 8 миллионан асатын ұлы жамағаттың жиналып жатқанында күмән жоқ.

ЖЕРЖҮЗІНЕН ЖИНАЛҒАН ҰЛЫ ЖАМАҒАТ

16. Ұлы жамағат қайдан жиналады?

16 Жохан көрген аянын жазған кезде ұлы жамағаттың “әрбір ұлттан, рудан, халықтан және тілден шығатынын” айтқан. Бұған дейін Зәкәрия да соған ұқсас пайғамбарлық сөздерді жазған болатын. Ол былай деді: “Сол күндері әртүрлі тілде сөйлейтін барлық халықтардан шыққан он адам яһудидің етегіне жармасып, оған: “Біз сенімен барамыз, өйткені Құдай сенің халқыңмен бірге екенін естідік”,— дейтін болады” (Зәк. 8:23).

17. Барлық ұлттан, тілден шыққан адамдарға көмектесу үшін қандай іс атқарылып жатыр?

17 Ехоба куәгерлері әрбір тілден шыққан адамдар жиналу үшін, алдымен, ізгі хабар көптеген тілдерде уағыздалу керектігін түсінеді. Біздің ұйым Киелі кітапты зерттеуге көмектесетін мәліметтерді осымен 130 жылдан астам уақыттан бері аударып келеді. Қазір біз тарихтағы ең ауқымды аударма ісін атқарып, мәліметтерді 900-ден астам тілге аударып жатырмыз. Иә, барлық ұлттан ұлы жамағаттың жиналып жатқаны Ехобаның бүгінде жасап жатқан кереметі десек қателеспейміз. Киелі кітап және оған негізделген әдебиеттер көптеген тілдерге аударылып жатқанның арқасында жержүзінен жиналып жатқан ұлы жамағат Ехобаға бірлікте ғибадат етіп жатыр. Ехобаның халқы өздерінің уағыз ісіндегі құлшыныстарымен және бауырластарына деген сүйіспеншіліктерімен танымал. Бұл сенімімізді нығайтып жатқаны сөзсіз! (Мат. 24:14; Жох. 13:35).

ЖОХАН АЛҒАН АЯННЫҢ БІЗ ҮШІН ҚАНДАЙ МӘНІ БАР?

18. а) Ишая 46:10, 11-ге сай, Ехобаның ұлы жамағат туралы пайғамбарлықты орындап жатқанына неге таңғалмаймыз? ә) Жерде өмір сүруге үміттенетіндер неге өздерін құр қалғандай сезінбейді?

18 Біз ұлы жамағат туралы пайғамбарлықты түсінгенімізге қатты қуанамыз! Ехоба бұл пайғамбарлықты керемет түрде орындап жатқанына еш таңғалмаймыз (Ишая 46:10, 11 оқыңыз). Ұлы жамағат Ехоба берген үміттеріне өте риза. Олар Құдайдың рухымен майланбағандарын, Исамен бірге көкте қызмет етпейтіндерін ойлап, өздерін бір нәрседен құр қалғандай сезінбейді. Киелі жазбаларда киелі рухтың жетелеуімен жүрген көптеген ерлер мен әйелдер туралы жазылған. Десе де олар 144 000 құрамына кірмеген. Олардың арасында шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия бар (Мат. 11:11). Дәуіт те солардың қатарында (Ел. іс. 2:34). Олар да, басқа көптеген адамдар да жердегі жұмақта өмір сүру үшін қайта тірілетін болады. Олардың да, ұлы жамағаттың да Ехобаға адал екендерін және оның бүкіләлемдік билігін қолдайтындарын көрсетуге мүмкіндіктері болады.

19. Ұлы жамағат туралы аянның мәнін түсінсек, не істеуге талпынамыз?

19 Адамзат тарихында Құдай барлық халықтан миллиондаған адамды ешқашан осылай жинаған емес. Үмітіміз көкте не жерде өмір сүру болсын, барлығымыз мүмкіндігінше көп адамға “басқа қойлардың” ұлы жамағатына қосылуға көмектесуіміз керек (Жох. 10:16). Жақында Ехоба алдын ала айтып кеткен зор алапатқа бастау беріп, адамзатқа қайғы-қасірет әкеліп жатқан үкіметтер мен діндерді жояды. Ұлы жамағаттың әрбір мүшесін керемет болашақ күтіп тұр. Олар жер бетінде Ехобаға мәңгілік бойы қызмет ететін болады! (Аян 7:14).

139-ӘН Жұмақта жүргеніңді елестет

^ 5-абзац Осы мақалада Жоханның “ұлы жамағат” туралы алған аянын қарастырамыз. Бұл сол жамағатқа кіретін адамдардың сенімін нығайтары сөзсіз.