Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

13-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Қызметімізді жанашырлықпен атқарайық

Қызметімізді жанашырлықпен атқарайық

“Иса... оларды аяп кетті. Сөйтіп, оларды көп нәрсеге үйрете бастады” (МАР. 6:34).

70-ӘН Лайық адамдарды іздеп табайық

АҢДАТПА *

1. Исаның жүрек жылытар қасиетінің бірі қандай?

ИСАНЫҢ бойындағы жүрек жылытар қасиеттердің бірі — кемелсіз адамдардың қиындықтарын түсіне білгені. Ол жерде болған кезінде “қуанғандардың қуанышына, қайғырғандардың қайғысына ортақ болған” (Рим. 12:15). Оған мысал — 70 шәкірті уағыз ісінен мәз-мейрам болып келгенде, Исаның да “қуанышқа кенелгені” (Лұқа 10:17—21). Ал досы Елазар өмірден өткенде, оның жақындарының қайғырғанын көріп, “Иса іштей күңіреніп, толқып кеткен” (Жох. 11:33).

2. Исаға жанашыр болуға не көмектесті?

2 Иса кемелді болса да, кемелсіз адамдарға мейірімділік пен жанашырлық танытқан. Оған бұлай етуге не мұрындық болды? Ең әуелі, адамдарға деген сүйіспеншілігі. Алдыңғы мақалада сөз етілгендей, Иса “адам баласын ерекше жақсы көрген” (Нақ. с. 8:31). Бұл адамдардың ой қалпын жақсы тануға қозғау болды. Елші Жохан Иса туралы: “Ол әрбір адамның жүрегін көреді”,— деген (Жох. 2:25). Оның адамдарға ет жүрегі елжіреп, жаны ашып тұратын. Ал олар Исаның сүйіспеншілігін сезінгенде, Патшалық жайлы хабарға құлақ асатын. Сол сияқты біз де бойымызда осындай жылы сезімдерді күшейтсек, адамдарға тигізер көмегіміз де артады (Тім. 2-х. 4:5).

3, 4. а) Жанашыр болсақ, қызметімізге қалай қараймыз? ә) Осы мақаладан не білеміз?

3 Елші Пауыл ізгі хабарды жариялауға міндетті екенін білген. Бұл біздің де міндетіміз (Қор. 1-х. 9:16). Бірақ жанашыр болсақ, қызметімізге тек міндет деп қарамаймыз. Қайта, адамдардың қамын ойлайтынымызды, оларға көмектесуге құлықты екенімізді дәлелдеуге асық боламыз. “Алғаннан гөрі берген бақытты” екені бәрімізге мәлім (Ел. іс. 20:35). Қызметте осыны естен шығармасақ, уағыздауды одан сайын ұнататын боламыз.

4 Осы мақаладан уағыз қызметінде жанашыр болуды үйренеміз. Алдымен, Исаның адамдарға қалай қарағанынан не үйрене алатынымызды білеміз. Содан соң, оның үлгісіне еліктеудің төрт жолын талдаймыз (Пет. 1-х. 2:21).

ИСА ҚЫЗМЕТІН ЖАНАШЫРЛЫҚПЕН АТҚАРҒАН

Жаны ашығандықтан, Иса адамдарға жұбаныш хабарын жеткізді (5, 6-абзацты қараңыз)

5, 6. а) Иса кімдерге жанашырлық танытқан? ә) Ишая 61:1, 2-де алдын ала айтылып кеткендей, Иса жұртты не үшін аяды?

5 Исаның қалай жанашырлық танытқанына тоқталайық. Бір жолы Иса мен шәкірттері тынымсыз уағыздағандықтан, қатты шаршап қалады. Сол сәтте “олардың тіпті тамақтануға уақыты болмайды”. Сонда Иса шәкірттерін ертіп, “аздап тынығып алу үшін оңаша бір жерге кетеді”. Алайда жұрт олар бара жатқан жерге жүгіре отырып, олардан бұрын жетеді. Иса алдынан шыққан қалың жұртты көргенде, не сезінді? “Иса... оларды аяп * кетті. Себебі олар бағушысы жоқ қойлардай еді. Сөйтіп, оларды көп нәрсеге үйрете бастады” (Мар. 6:30—34).

6 Иса халықты не үшін аяғанын, неліктен оларға жаны ашығанын байқадыңыз ба? Иса “олардың бағушысы жоқ қойлардай” екенін көрген. Араларында бала-шағаларын асырау үшін ертеден қара кешке дейін жұмыс істейтіндер мен сіңірі шыққан кедейлер болған шығар. Жақындарын жоғалтып, қайғырып жүргендер де болған шығар. Осыны көрген Иса олардың күйін жақсы түсінген дей аламыз. Себебі алдыңғы мақаладан білгеніміздей, Иса сондай қиындықтардан өзі де өтсе керек. Ол жұрттың күйіне бейжай қарамаған, әрі оларға жұбаныш хабарын жеткізуге асыққан (Ишая 61:1, 2 оқыңыз).

7. Исаны қалай үлгі етсек болады?

7 Исадан не үйренеміз? Исаның кезіндегідей, қазіргі адамдар да “бағушысы жоқ қойлардай”. Қатпар-қатпар қиындықтардан көз аша алмай жүргендері қаншама! Бірақ бізде оларға қажет нәрсе, яғни Патшалық туралы жақсы хабар бар (Аян 14:6). Қожайынымыз Исаны үлгі еткендіктен әрі “бейшара мен кедейге жанымыз ашығандықтан”, біз осы хабарды жариялаймыз (Зәб. 72:13). Иә, біз адамдарды аяймыз, сондықтан оларға жәрдем беру үшін қолдан келгенді жасағымыз келеді.

ЖАНАШЫРЛЫҚ ТАНЫТУ ЖОЛДАРЫ

Әр адамның мұқтаждығын ескеріңіз (8, 9-абзацты қараңыз)

8. Қызметте жанашырлық танытудың бір жолы қандай? Мысал келтіріңіз.

8 Ал енді қызметте жолықтырған адамдарға жанашырлық танытуға не көмектесетініне тоқталайық. Біз қызметте сөйлескен адамның орнына өзімізді қойып, сосын оған түсінікпен қарағымыз келеді * (Мат. 7:12). Бұлай етудің төрт жолы бар. Біріншісі — әр адамның мұқтаждығын ескеру. Ізгі хабарды уағыздау дәрігердің қызметіне ұқсайды. Жақсы дәрігер алдына келген әр емделушінің мұқтаждығын жеке-жеке қарастырады. Ол адамға сауалдар қойып, мұқият тыңдап, оның хал-ахуалын, сырқат белгілерін біліп алады. Бірақ ойына бірінші келген ем-шараны тағайындай салмайды. Ол емделушінің сырқат белгілерін әрі қарай бақылайды да, соңында оған тура келетін ем жолын белгілейді. Сол сияқты біз де қызметте бәріне бір тәсілмен уағыздай бермейміз. Қайта, әр адамның жай-күйін, жеке көзқарасын ескереміз.

9. Не деп ойлауға асықпаған жөн? Қалай әрекет еткен дұрыс?

9 Қызметте кездескен адамның жағдайын, не нәрсеге сенетінін, не үшін сенетінін білемін деп ойлауға асықпаңыз (Нақ. с. 18:13). Ізетпен сұрақтар қоя отырып, ішіндегісін “тартып шығарыңыз” (Нақ. с. 20:5). Сіздің мәдениетте оғаш болмаса, одан жұмысы, отбасы, тұрмыс-тіршілігі мен көзқарасы туралы сұраңыз. Осылай адамның ішіндегісін тартып шығарғанда, ол ізгі хабарға не үшін мұқтаж екенін түсінесіз. Осыны түсінгенде, оған жаныңыз ашып, Иса сияқты қажетті көмегіңізді ұсына аласыз (Қорынттықтарға 1-хат 9:19—23 салыстырыңыз).

Адамның жағдайы туралы ойланыңыз (10, 11-абзацты қараңыз)

10, 11. Қорынттықтарға 2-хат 4:7, 8-ді ойда тұтсақ, адамдарға жанашырлық танытудың екінші жолы қандай? Мысал келтіріңіз.

10 Екінші жолы — адамдардың жағдайы туралы ойлану. Біз олардың жағдайын біршама түсіне аламыз. Себебі бәріміз кемелсіз болғандықтан, олардікіндей ауыртпалықтар бізде де бар (Қор. 1-х. 10:13). Бірақ біз Ехобаның арқасында өмірдің тауқыметіне төтеп беріп жүрміз (Қорынттықтарға 2-хат 4:7, 8 оқыңыз). Ал енді Ехоба сияқты досы жоқ адамдар жайлы ойлап көріңізші. Олардың жағдайы өте мүшкіл. Біз оларды Иса сияқты аяймыз, сондықтан оларға “жақсылық жөнінде хабар әкелгіміз” келеді (Ишая 52:7).

11 Сергей деген бауырластың мысалына тоқталып өтейік. Шындықты білмей тұрып ол өте ұялшақ, тұйық болған. Ол өз ойын еркін жеткізе алмайтын. Кейін Сергей Киелі кітапты зерттей бастайды. Ол былай дейді: “Киелі кітапты зерттеп жүргенімде әр мәсіхшінің өз сенімімен бөлісу жауапкершілігі бар екенін білдім. Алайда мен бұлай ете алмайтыныма сенімді болдым”. Десе де Сергей шындықты әлі де естімеген адамдар туралы ойланып, Ехобасыз олардың өмірі қандай ауыр екенін түсінді. “Үйренген нәрселерім маған көп қуаныш әкеліп, жантыныштығына бөлейтін. Мен бұл шындықтарды өзгелердің де естуі керектігін түсіндім”,— деп қосты Сергей. Оның жанашырлығы артқан сайын, уағыздауға деген батылдығы да артты. “Бір таңғалғаным, өзгелерге Киелі кітап жайлы айтқаным өз-өзіме деген сенімділігімді нығайтып, жаңа нанымдарымның жүрегімде терең тамыр жаюына көмектесті”,— дейді Сергей *.

Рухани өсу үшін кей адамдарға уақыт қажет (12, 13-абзацты қараңыз)

12, 13. Біз неге шыдамды болуымыз керек? Мысалмен түсіндіріңіз.

12 Үшінші жолы — шыдамды болу. Біз жақсы білетін шындықтар адамдардың ойларына кіріп те шықпаған болар. Олар сенетін ілімдерін жандарына жақын тұтуы мүмкін. Олар үшін дін — жанұяларымен, мәдениеттерімен және қоғаммен біртұтас ететін нәрсе. Мұндай адамдарға қалай көмек көрсете аламыз?

13 Тоз-тозы шыққан ескі көпірді елестетіп көріңізші. Жаңасын салу керек болса да, ескі көпірді бірден бұзып тастамайды. Оны адамдар әрі қарай да қолдана береді. Жаңасы салынып біткенде ғана ескі көпірді құлатады. Сол секілді адамдарға жандарына жақын ескі сенімдерінен бас тартуды айтпас бұрын, жаңа шындықтарды, яғни Жазбалардағы бұрын-соңды естімеген ілімдерді бағалауға көмектесуіміз керек. Осындай көмектен кейін ғана адамдар ескі наным-сенімдерінен бас тартуға дайын болады. Ұмытпайық, өзгеріс жасау үшін оларға уақыт керек (Рим. 12:2).

14, 15. Жер бетіндегі жұмақта мәңгі өмір сүру үміті жайлы білмейтін адамдарға қалай көмектесе аламыз? Мысал келтіріңіз.

14 Қызметте адамдарға шыдамдылық танытсақ, олар Киелі кітаптағы шындықты бірден түсініп, бірден қабылдайды деп күтпейміз. Қайта, жанашырлық қозғау салып, оларға Жазбалардың көмегімен ой түзуге көмектесеміз. Ал бұған біраз уақыт қажет болуы мүмкін. Мысалы, жер бетіндегі жұмақта мәңгі өмір сүру үміті жайлы қалай түсіндіруге болатынын көрейік. Көбісі бұл ілім жайлы біле бермейді. Олар өлмек бар да, тірілмек жоқ дейді, болмаса жақсы адамдар аспанға кетеді деп ойлайды. Осы адамдарға қалай көмектесе аламыз?

15 Бір ер бауырлас тиімді деп тапқан тәсілді қарастырып көрейік. Ол алдымен Мұсаның 1-жазбасы 1:28-ді оқиды екен. Содан соң: “Құдай адамдардың қайда және қандай жағдайда өмір сүргенін қалаған?”— деп сұрайды. Көбісі: “Жер бетінде, жайлы ортада өмір сүргенін”,— деп жауап береді. Сосын бауырлас Ишая 55:11-ді оқып: “Құдайдың сол қалауы өзгерді ме?”— деп сұрайды. Адамдар көбіне өзгермегенін айтады. Бауырлас соңында Зәбүр 37:10, 11-ді оқып, адамдарды қандай болашақ күтіп тұрғанын сұрайды. Жазбалардың көмегімен осылай ой түзу арқылы бұл бауырлас бірнеше адамға Құдайдың қалауын ашты, яғни жақсы адамдар жер бетіндегі жұмақта мәңгі өмір сүре алатынын түсіндірді.

Хат жазу сияқты кішкентай жақсылықтың өзі үлкен жеміс әкеледі (16, 17-абзацты қараңыз)

16, 17. Нақыл сөздер 3:27-ге сай, жанашырлық танытудың тағы бір жолы қандай? Мысал келтіріңіз.

16 Ал енді жанашырлық танытудың төртінші жолына аялдайық. Бұл — қол ұшын берудің мүмкіндігін жібермеу. Айталық, үй иесіне ыңғайсыз уақытта келіп қалдық. Ондайда кешірім сұрап, басқа жолы соғатынымызды айтсақ болады. Ал егер оған кішігірім көмегіміз қажет болса ше? Немесе үйінен шыға алмайтын адамды кездестіріп, ол бізді бір жерге жұмсаса ше? Осындай кездерде адамға қол ұшын берудің мүмкіндігін жіберіп алмайық (Нақыл сөздер 3:27 оқыңыз).

17 Бір әйел бауырласпен болған жағдайды қарастырайық. Бұл бауырлас қарапайым, бірақ өте маңызды жақсылық жасап, соның жақсы жемісін көрді. Ол сәбиінен айырылған бір ерлі-зайыптыға жаны ашып, хат жазады. Хатта Жазбалардан алынған жұбаныш сөздері бар еді. Бұл хат ерлі-зайыптыға қалай әсер етті? Қайғыға батқан әйелі былай деп жауап жазыпты: “Кеше адам төзгісіз ауыр күн болды. Хатыңыз жанымызға қалай дауа болғанын, сірә, сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Сізге қанша алғыс жаудырсам да аздық етер. Кеше хатыңызды 20 қайтара оқып шықтым. Қамқорлыққа, мейірім мен жігерге шомылдым. Сізге шын жүректен алғыс айтамын”. Шынында да, өзімізді жаны қиналып жүрген адамдардың орнына қойып, қолдан келгенше көмектессек, біз де мұның мол жемісін көреміз.

ӨЗІМІЗДЕН КӨП КҮТПЕЙІК

18. Қорынттықтарға 1-хат 3:6, 7-ден оқығанымыздай, не нәрсені есте ұстағанымыз дұрыс?

18 Қызметте мынаны есте ұстағымыз келеді: адамдарға Құдай жайында білуге көмектескенімізбен, бұл істе негізгі рөл атқаратын біз емес (Қорынттықтарға 1-хат 3:6, 7 оқыңыз). Адамдарды шындыққа тартатын — Ехоба (Жох. 6:44). Ақырғы шешімді алайда әр адам өзі қабылдайды, яки жүрек күйіне қарай ізгі хабарға құлақ асады не аспайды (Мат. 13:4—8). Иса тарихта болған ең ұлы Ұстаз болса да, оның хабарын көп адам тыңдамаған. Сондықтан кімде-кім ізгі хабарымызды қабылдамай жатса, бұған көңіліміз еш жығылмасын.

19. Қызметімізді жанашырлықпен атқарудың қандай игілігі бар?

19 Қызметімізді жанашырлықпен атқарудың әкелер игілігі мол. Мысалы, уағыз ісін сүйіп атқарамыз, беруден келетін бақытқа кенелеміз және “мәңгі өмірге ыңғай танытқандардың” ізгі хабарды оңай қабыл алуына қам жасаймыз (Ел. іс. 13:48). “Олай болса, мүмкіндік барда бәріне... жақсылық жасай берейік” (Ғал. 6:10). Сонда көктегі Әкемізді мадақтап, жүрегіміз шаттыққа толады! (Мат. 5:16).

64-ӘН Егін жинауға қуана атсалысу

^ 5-абзац Жанашыр болсақ, қызметтен алар қуанышымыз артады және адамдар хабарымызға құлақ асуға ықыласты болады. Осы мақаладан Исадан не үйренетінімізді және қызметте жолықтырған адамдарға жанашырлық танытудың төрт жолын білеміз.

^ 5-абзац СӨЗ МӘНІ: Аяушылық — жаны қиналып жүрген не жәбір көрген адамға ет жүрегіміз елжірей жанымыз ашу. Бұл сезім адамға көмектесу үшін еш аянбауға талпындырады.

^ 8-абзацҚызметте “алтын ережені” ұстанайық!” деген мақаланы қараңыз (“Күзет мұнарасы”, 2014 жыл 15 мамыр).

^ 11-абзац 2011 жылдың 1 қазанындағы “Күзет мұнарасының” 18-бетін қараңыз.