Шайтанның тұзағынан сақ жүріңіз!
ИСРАИЛ халқы Иордан өзенін кесіп өтуге дайындалып жатты. Олар Құдай уәде еткен жердің табалдырығында тұрған еді. Осы арада жұртқа жатжерлік әйелдер келіп, исраилдік ер кісілерді мерекелеріне шақырды. Исраилдіктер үшін жаңа достар табуға, ішіп-жеп, би билеп, көңіл көтеруге керемет мүмкіндік туғандай көрінді. Әлгі әйелдер Құдай Заңын ұстанбайтын, әдет-ғұрыптары мен моральдық ұстанымдары өзгеше болатын. Бірақ исраилдік ерлердің кейбірі: “Ештеңе етпейді, біз абай боламыз”,— деп ойласа керек.
Мұның арты неге ұласты? “Исраилдіктер Моаб қыздарымен азғындық жасай бастады”. Моабтық әйелдердің түпкі мақсаты исраилдік ерлерді жалған тәңірлерге бас ұрғызу болатын. Олар дегендеріне жетті де! “Сонда Ехобаның Исраилге қаһары лаулады” (Исраилдік ерлер Құдайдың екі заңын бұзды: пұттарға табынды және жыныстық азғындық жасады. Мойынсұнбағандары үшін мыңдаған адам өлді (Мұс. 2-ж. 20:4, 5, 14; Мұс. 5-ж. 13:6—9). Осы жағдайда өзегіңді өртейтін бір жайт — Құдай Заңын бұзбағанда, сәл ғана уақыттан кейін әлгі мыңдаған исраилдік Иорданнан өтіп, Уәде етілген жерге кірер еді! (Мұс. 4-ж. 25:5, 9).
Бұл оқиға жайында елші Пауыл былай деді: “Солардың бастарынан өткізгендері басқаларға сабақ болды және замандардың соңында өмір сүріп жатқан біздерге ескерту ретінде жазылып қалдырылды” (Қор. 1-х. 10:7—11). Ежелдегі исраилдіктердің ауыр күнәға батып, Уәде етілген жерге кіре алмай қалғандары Шайтанның көңіліне майдай жақты. Пауыл айтқан ескертуге барынша ден қойғанымыз абзал. Өйткені Шайтан біздің де Құдай ұсынып отырған жаңа дүниеге кіре алмай қалғанымызды көксейді!
ЖОЙҚЫН ТҰЗАҚ
Өз ісінің қас шебері болып алған, талай адамды уысына түсірген Шайтан мәсіхшілерді де тұзаққа түсіргісі келеді. Исраилдіктермен болған жағдайдағыдай, бүгінде де ол жыныстық азғындықпен алдайды. Оның азғындыққа арбау үшін қолданатын ең күшті қаруы — порнография.
Бүгінде порнографияны ешкімге білдіртпей көруге болады. Ондаған жыл бұрын адамдар порнография көру үшін ұятсыз фильм көрсетілетін кинотеатрға немесе порнографиялық кітап-журнал сататын дүкенге баруы керек-тін. Адамдар осындай жерлерге кірмек түгілі маңында тұруға ұялатын. Ал қазір ғаламторға қосылған кез келген адам жұмысында немесе көлігінде отырып-ақ анайы бейнелерді көре алады. Көптеген елде адамдар тіпті үйлерінен шықпай-ақ көре береді.
Бұл тек бергі жағы. Мобильді құрылғылардың кесірінен порнография көру тіптен оңай. Адамдар оны көшеде, автобуспен не пойызбен кетіп бара жатып қалтасындағы құрылғыдан көре алады.
Порнографияны көру де, жасыру да оңай болған сайын оның зияны да адам айтқысыз болып отыр. Мұндай бейнелерді көретін адамдар отбасыларын, өз адами қадірлерін және ар-ұяттарын ойран етеді. Ең жаманы, олар Құдаймен достық қарым-қатынастарын бұзады. Иә, порнографияның зияны жойқын. Көп жағдайда ол адамның жанына терең жара салады. Бұл жара уақыт өте жазылғанымен, оның орнында тыртық қалуы мүмкін.
Бірақ мына маңызды шындықты ұмытпайық: Ехоба бізді Шайтанның тұзағынан қорғай алады. Алайда бір шарт бар. Біз ежелгі исраилдік ерлердің қателіктерін қайталамай, Ехобаның “айтқанының бәріне құлақ асуымыз” керек (Мұс. 2-ж. 19:5). Ол порнографияны қатты жек көретінін жете түсінуіміз қажет. Ал оның порнографияны жек көретінін қайдан білеміз?
ЕХОБА СИЯҚТЫ ЖЕК КӨРІҢІЗ
Мына жайтқа назар аударып көрейік: ежелгі заманда Құдайдың Исраилге берген заңдары сияқты заңдар басқа ешқандай халықта болмаған. Ол заңдар Исраил халқын жан-жағындағы елдер мен олардың лас, арам әрекеттерінен бейне бір қорғандай сақтап тұрған (Мұс. 5-ж. 4:6—8). Онда әсіресе мына шындыққа айрықша мән берілді: Ехоба жыныстық азғындықты жек көреді.
Айналасындағы елдердің азғын істерін айта келе Ехоба халқына былай деді: “Мен сендерді алып бара жатқан Қанахан елінің адамдарындай әрекет етпеңдер... Солардың кесірінен жерлері де арамдалды. Мен оның тұрғындарын күнәсі үшін жазалаймын”. Қанахандықтар лас, азғын өмір сүргендері сонша — олардың жері Исраилдің киелі Құдайы үшін арам, бүлінген жер болған (Ехоба Қанахан елін кезінде жазаға тартқанмен, өзге халықтар жыныстық азғындыққа салынуды жалғастыра берді. 1500 жылдан аса уақыттан кейін Пауыл өз заманының адамдарын “ұяттан әбден безген” деп сипаттаған. “Олар өрескел қылықтар жасап, әрқилы арам істерді тойымсыздықпен істеді” (Ефес. 4:17—19). Біздің заманымызда да өрескел азғындық жасайтын адамдар көп. Сондықтан шынайы мәсіхшілер олардың істеріне көз салудан мүмкіндігінше сақ болулары қажет.
Порнография — Құдайға қарсы жасалған жексұрындық. Құдай адамдарды өзіне ұқсас етіп жаратқан, әрі оларға ұят сезімін берген. Ол жыныстық жақындыққа қатысты орынды шектеулер орнатқан. Құдайдың ниеті бойынша, мұндай жақындық некедегі жұптарға ләззат әкелу үшін берілген еді (Мұс. 1-ж. 1:26—28; Нақ. с. 5:18, 19). Ал порнографияны насихаттайтындар жайлы не деуге болады? Олар Құдайдың моральдық нормаларын аяқасты етіп таптайды. Иә, олар Ехобаны қорлайды. Азғын мәліметтер шығарып, оларды насихаттап, моральдық нормалардан аттап өтетіндерді Құдай жазасыз қалдырмайды (Рим. 1:24—27).
Порнографияны ашықтан-ашық, ермек үшін көретіндер де бар. Олар мұнда тұрған еш жамандық жоқ деп ойлар. Бірақ шындығына келгенде, олар Ехобаның нормаларын аяқасты ететіндерді қолдап-қолпаштап жатыр. Осылай етіп жатқандарын басында түсінбеген шығар. Бірақ бір жайт айдан анық: шынайы Құдайға қызмет ететін адам порнографияны жек көруі қажет. Жазбалар: “Ей, Ехобаны жақсы көретіндер, жамандықты жек көріңдер”,— деп үндейді (Зәб. 97:10).
Порнографиядан аулақ болғылары келсе де, кейбіреулерге бұл қиынға соғуы мүмкін. Ерм. 17:9). Бірақ осы арпалыста жеңіп шыққан мәсіхшілер аз емес. Осындай күрес жүргізіп жатқан болсаңыз, жалғыз емессіз. Жеңіске сіз де жете аласыз. Қазір Шайтанның тұзағынан Құдай Сөзі қалай қорғайтынына көңіл бөлейік.
Өйткені біз кемелсіз пенделерміз, әрі азғын қалауларға бой алдырмау үшін күресуіміз қажет. Бұл аздай, күнәкар жүрегіміз өзімізді ақтап, Құдайдың заңынан аттап кетуге азғыруы мүмкін (АЗҒЫН ОЙЛАРҒА БАТПАҢЫЗ
Мақаланың басында айтылғандай, көп исраилдік жыныстық нәпсілерін тыймай, мұның сұмдық салдарын тартты. Бүгінде де солай болуы мүмкін. Исаның бауыры Жақып мынандай қауіп бар екенін айтқан: “Әрбір адам өз құмарлығына елігіп, торға түскендіктен сыналады. Ал құмарлық дамып жетілгенде, күнә тудырады” (Жақ. 1:14, 15). Адам жүрегінде орынсыз бір қалау дамып, белгілі бір деңгейге жеткенде, оның күнә жасауы әбден мүмкін. Сондықтан азғын ойларға батпай, оларды санамыздан шығарып тастау керек.
Сізге жаман ойлар келе бастаса, дереу әрекет етіңіз. Иса: “Қолың не аяғың күнәға азғырса, оны кесіп ал да, лақтырып таста... Ал көзің күнәға азғырса, ойып ал да, лақтырып таста”,— деген (Мат. 18:8, 9). Иса мұнда өз денемізге зақым келтіру жайында емес, бізді азғырып жатқан нәрсені бірден әрі батыл жоюды айтып тұр. Бұл кеңестің порнографияны көруге қандай қатысы бар?
Егер алдыңыздан ұятсыз бейне шыға келсе, “ештеңе етпейді” деп ойламаңыз. Одан бірден назарыңызды тайдырыңыз. Теледидарды дереу басқа арнаға ауыстырыңыз. Компьютерді, телефонды бірден өшіріңіз. Назарыңызды таза нәрсеге аударыңыз. Сонда бұрыс қалаулардың жетегінде кетпей, ой-санаңызды қадағалай аласыз.
САНАДА АЗҒЫН БЕЙНЕЛЕР ҚАЛҒАН БОЛСА...
Порнография көруді доғарсаңыз да, сол бейнелер арагідік есіңізге түсіп тұрса ше? Ұятсыз бейнелер мен ойлар адамның санасынан ұзақ уақыт бойы өшпей, ойда жоқ та еске түсіп кетуі мүмкін. Мұндай кезде
кейбіреулер мастурбация сияқты лас әрекетке баруға азғырылады. Осындай қауіп бар екенін әрдайым есте ұстап, бұрыс ойларды бағындыруға дайын болыңыз.Ойыңызды да, іс-әрекетіңізді де Құдайға жағымды етуге нық бекініңіз. “Денемді ұрғылап, өзіме құл іспетті бағындырудамын” деген елші Пауылды үлгі етіңіз (Қор. 1-х. 9:27). Азғын қалауларға құл болмаңыз. “Ой-саналарыңды жаңартып, түбегейлі өзгеріңдер. Сонда Құдайдың ізгі де ұнамды әрі кемелді еркіне не жататынына көз жеткізе аласыңдар”,— дейді Құдай Сөзі (Рим. 12:2). Мынаны ұмытпаңыз: күнәкар қалауымызға жол беруден гөрі, Құдайдың еркіне сай ойлап, әрекет ету анағұрлым көп қанағат әкеледі.
Күнәкар қалауымызға жол беруден гөрі, Құдайдың еркіне сай ойлап, әрекет ету анағұрлым көп қанағат әкеледі
Жазбалардағы кейбір тармақтарды жаттап алыңыз. Жаман ойлар келгенде, өзіңізді күштеп, сол тармақтар туралы ойланыңыз. Зәбүр 119:37; Ишая 52:11; Матай 5:28; Ефестіктерге 5:3; Қолостықтарға 3:5; Салоникалықтарға 1-хат 4:4—8 сияқты тармақтар Ехобаның порнографияға қалай қарайтынын және сізден нені талап ететінін ойыңызға салады.
Ұятсыз нәрселерді көруге не ойлауға деген құштарлығыңыз төзе алмастай қатты болса, не істеу керек? Мұндайда Исаның әрекетіне еліктеңіз (Пет. 1-х. 2:21). Иса шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін, Шайтан оны қайта-қайта сынаумен болды. Бірақ ол еш бой бермеді. Қайта-қайта Жазбалармен жауап беріп, Шайтанның шырмауына ілікпеді. Ол: “Кет қасымнан, Шайтан!”— дегенде, Шайтан одан кетіп қалды. Ібіліске қарсы күресте Иса бір рет те тізе бүкпегендей, сіз де еш берілмеңіз (Мат. 4:1—11). Шайтан мен оның дүниесі ақыл-санаңызға азғын ойларды кіргізуге үздіксіз тырысады. Бірақ қайтпас қайсар болыңыз. Порнографияға қарсы күресте Ехобаның көмегімен жеңіске жете аласыз.
ЕХОБАҒА ДҰҒА АЙТЫҢЫЗ ЖӘНЕ ОҒАН МОЙЫНСҰНЫҢЫЗ
Ехобаға талмай дұға етіңіз. Пауыл былай деген: “Еш нәрсені уайымдамаңдар, барлық өтініштеріңді дұға етіп, жалбарынып, ризашылықпен Құдайға білдіріңдер. Сонда Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығы жүректерің мен ой-саналарыңды Мәсіх Иса арқылы сақтайды” (Філіп. 4:6, 7). Күнәға беріліп қалмауыңыз үшін, Құдай ой-санаңызға тыныштық сыйлап, сізге көмектеседі. Ехобаға жақындасаңыз, ол да сізге жақындайды (Жақ. 4:8).
Шайтанның тұзақтарынан қорғанудың ең мықты жолы — Әлемнің Әміршісіне етене жақын болу. Иса: “Осы дүниенің билеушісі [Шайтан] келе жатыр. Алайда маған оның билігі жүрмейді”,— деген (Жох. 14:30). Иса бұған неліктен сенімді болды? Ол: “Мені жіберген өзіммен бірге. Ол мені жалғыз қалдырған жоқ, өйткені мен әрқашан оған ұнайтынды істеймін”,— деп түсіндірді (Жох. 8:29). Сіз де Ехобаға ұнайтынды істесеңіз, ол сізді ешқашан жалғыз қалдырмайды. Порнография деген тұзақтан аулақ жүріңіз, сонда Шайтанның қақпанына түспейсіз.