Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

6-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Әкеміз Ехоба бізді қатты жақсы көреді

Әкеміз Ехоба бізді қатты жақсы көреді

“Сондықтан мына іспетті дұға етіңдер: “Көктегі Әкеміз” (МАТ. 6:9).

135-ӘН Ехобаның шақыруы: “Ақылды бол, балам”

АҢДАТПА *

1. Егер әлдекім Персия патшасымен кездескісі келсе, алдымен не істеу керек еді?

СІЗ осыдан 2500 жыл бұрын Персияда өмір сүріп жатырсыз делік. Қандай да бір мәселе бойынша патшамен сөйлескіңіз келіп, Сузы қаласына жол тарттыңыз. Бірақ патшамен кездесу үшін алдымен оның рұқсатын алуыңыз керек. Әйтпесе өміріңізбен қош айтысасыз! (Ест. 4:11).

2. Ехобамен сөйлесуге қатысты қандай ойда болсақ болады?

2 Ехобаның Персия патшасына ұқсамайтынына қаншалықты ризамыз десеңізші! Ехоба адами билеушінің қай қайсысынан да анағұрлым құдіретті әрі дәрежелі. Әйтсе де біз онымен кез келген уақытта сөйлесе аламыз. Ол біздің өзімен еркін сөйлескенімізді қалайды. Ехоба Ұлы Жаратушы, Құдіреті шексіз Құдай, Әлемнің Әміршісі сияқты өте жоғары лауазымдарға ие болса да, оны “Әке” деген жылы сөзбен атағанымызды қалайды (Мат. 6:9). Ехобаның біздің өзіне жақын болғанымызды қалайтыны жүрегімізді елжіретеді!

3. Неге Ехобаны “Әке” деп атай аламыз және бұл мақаладан не білеміз?

3 Ехобаны “Әке” деп атағанымыз өте орынды, өйткені ол — өміріміздің қайнар көзі (Зәб. 36:9). Әкеміз болғандықтан, біз оның тілін алуымыз керек. Егер оның айтқанын істесек, мол батаға кенелеміз (Евр. 12:9). Бұл баталарға мәңгілік өмір де жатады, көктегі де, жердегі де. Сондай-ақ қазірдің өзінде көп баталарға кенелеміз. Бұл мақаладан Ехобаның біздің Әкеміз екенін не дәлелдейтінін және алдағы уақытта оның бізді ешқашан тастамайтынына неге сенімді бола алатынымызды білеміз. Бірақ әуелі көктегі Әкеміз бізді қатты жақсы көретініне және қамқорлайтынына неге еш күмәнданбасақ болатынын қарастырайық.

ЕХОБА — СҮЮШІ ӘРІ ҚАМҚОР ӘКЕ

Қамқор әкенің баласына жақын болғысы келетіні сияқты, Ехоба да бізге жақын болғысы келеді (4-абзацты қараңыз)

4. Кейбіреулерге Ехобаға Әкесі ретінде қарау неге қиын?

4 Құдайға Әкеңіз ретінде қарау сізге қиын ба? Кей адамдар өздерін Ехобамен салыстырғанда кіп-кішкентай әрі еш маңызсыз сезінеді. Олар Құдіреті шексіз Құдайдың әр адамның қамын ойлайтынына шүбәланады. Бірақ сүюші Әкеміз біздің бұлай сезінгенімізді қаламайды. Ол бізге өмір берді және онымен жақын қарым-қатынаста болғанымызды қалайды. Осы шындықты айтқаннан кейін елші Пауыл Афинадағы адамдарға Ехобаның “әрқайсысымыздан алыс емес” екенін түсіндірді (Ел. іс. 17:24—29). Бала мейірімді әрі қамқор әкесімен сөйлесуге асық болатынындай, Ехоба да әрқайсысымыздың онымен сөйлесуге асық болғанымызды қалайды.

5. Бір әйел бауырластың мысалынан не білеміз?

5 Ал басқалары болса өз әкелерінен мейірім мен сүйіспеншілікті аз көрген не мүлдем көрмеген. Сондықтан оларға Ехобаға Әкесіндей қарау қиын болуы мүмкін. Бір әйел бауырлас былай дейді: “Туған әкем маған қорлық сөздер айтатын. Киелі кітапты зерттей бастағанда өзімді көктегі Әкеме жақын сезіну қиын болды. Бірақ Ехобаны тани келе бәрі өзгерді”. Бұндай сезім сізге де таныс па? Онда еш қамықпаңыз. Уақыт өте Ехобаның ең жақсы Әке екеніне сіздің де көзіңіз жетеді.

6. Матай 11:27-ге сай, Ехоба өзіне сүюші Әке деп қарай алуымыз үшін не істеді?

6 Ехобаны сүюші Әке ретінде тани алуымыз үшін, ол Исаның сөздері мен істерін Киелі кітапқа жаздырды (Матай 11:27 оқыңыз). Иса Әкесінің болмысын айна қатесіз танытқаны сонша: “Мені көрген адамның Әкені де көргені”,— дей алған (Жох. 14:9). Иса жиі Ехобаның Әке ретіндегі рөлі жайлы айтқан. Төрт Ізгі хабардың өзінде Иса Ехобаны 165 рет “Әке” деп атаған. Неге ол Ехобаның Әке екенін көп айтқан? Мұның бір себебі — Ехобаның сүйіспеншілігі мол Құдай екеніне адамдардың көздерін жеткізу болды (Жох. 17:25, 26).

7. Ехобаның Исаға қалай қарағанынан ол жайлы не білеміз?

7 Ехобаның өз Ұлы Исаға қалай қарағанынан ол жайлы не білеміз? Ехоба Исаның дұғаларын әрдайым тыңдаған. Тыңдап қана қоймай, жауап та берген (Жох. 11:41, 42). Иса қандай сынаққа кезіксе де, Әкесінің сүйіспеншілігі мен қолдауын сезіп отырған (Лұқа 22:42, 43).

8. Ехоба Исаны қай жағынан қамтамасыз етті?

8 Иса өмірінің қайнар көзі Әкесі екенін мойындап: “Әкемнің арқасында өмір сүріп жатырмын”,— деген (Жох. 6:57). Иса Әкесіне толықтай арқа сүйеген, ал Ехоба оған өмір сүруге қажетті нәрселерді берген. Ең бастысы — Ехоба Исаның рухани қажеттілігін қамдады (Мат. 4:4).

9. Ехоба Исаны жақсы көретінін әрі қамқор Әке екенін қалай көрсетті?

9 Сүюші Әке болғандықтан, Ехоба Исаның үнемі арқа сүйер асқар тауы бар екенін біліп жүргенін қалады (Мат. 26:53; Жох. 8:16). Ехоба оны барлық жамандықтан қорғамаса да, оған қиындыққа төзуге көмектесті. Иса кез келген сынақтың уақытша екенін білген (Евр. 12:2). Ехоба Исаны жақсы көретінін оны тыңдауымен, қажетін қамдауымен, үйретуімен, қолдау көрсетуімен дәлелдеді (Жох. 5:20; 8:28). Көктегі Әкеміз бізді де дәл осылай қамқорлайды. Қазір соны қарастырайық.

СҮЮШІ ӘКЕМІЗ БІЗДІ ҚАЛАЙ ҚАМҚОРЛАЙДЫ?

Қамқор әке баласын 1) тыңдайды, 2) қажетімен қамтамасыз етеді, 3) тәлім-тәрбие береді және 4) қорғайды. Көктегі сүюші Әкеміз де дәл солай біздің қамымызды ойлайды (10—15 абзацтарды қараңыз) *

10. Зәбүр 66:19, 20-ға сай, Ехоба бізді жақсы көретінін қалай көрсетеді?

10 Ехоба дұғаларымызды тыңдайды (Зәбүр 66:19, 20 оқыңыз). Ол дұғаларымызды шектегенімізді қаламайды, керісінше, ұдайы дұға етуге шақырады (Сал. 1-х. 5:17). Қайда жүрсек те, кез келген уақытта Құдайымызға дұға ете аламыз. Ол уақыты болмай, бізді тыңдамай қоймайды. Қайта, дұғаларымызға үнемі құлақ түреді. Дұғаларымызды тыңдайтынын бағаласақ, Ехобаға жақындай түсеміз. Зәбүр жыршысы: “Мен Ехобаны жақсы көремін, Өйткені ол... үнімді естиді”,— деген (Зәб. 116:1).

11. Ехоба дұғаларымызға қалай жауап береді?

11 Әкеміз дұғаларымызды тыңдап қана қоймайды, сондай-ақ оларға жауап береді. Елші Жохан: “Оның еркіне сай не сұрасақ та, Құдай бізге құлақ асады”,— деген (Жох. 1-х. 5:14, 15). Алайда Ехоба дұғаларымызға біз қалағандай жауап бермеуі мүмкін. Ол біз үшін ненің жақсы екенін біледі, сондықтан кейде “жоқ” деп жауап береді немесе күте тұрғанымызды қалайды (Қор. 2-х. 12:7—9).

12, 13. Көктегі Әкеміз бізді қай жағынан қамтамасыз етеді?

12 Ехоба қажетімізбен қамтамасыз етеді. Ол барлық әкелерден нені талап етсе, өзі де соны істейді (Тім. 1-х. 5:8). Ол балаларын қажетті нәрселермен қамтамасыз етеді. Ол біздің тамақ, киім-кешек пен баспананы ойлап уайымдағанымызды қаламайды (Мат. 6:32, 33; 7:11). Бізді сүйетіндіктен, Ехоба Әкеміз болашағымыздың да қамын жасап қойды.

13 Ең маңыздысы — Ехоба біздің рухани қажеттілігімізді қамдайды. Сөзі арқылы ол өзі жайлы, ниеті жайлы, өмірдің мәні және болашақ жайлы шындықтарды ашты. Ата-анамыз не басқа адам арқылы өзі туралы білуге көмектесті, осылайша шындықты алғаш білгенде, бізге жеке көңіл бөлді. Сондай-ақ қауымдағы қамқор ақсақалдар мен рухани толысқан бауырластар арқылы бізге көмек беруін жалғастырып келеді. Сонымен қатар кездесулерде бауырластармен бірге Ехобадан тәлім аламыз. Осы және басқа да жолдармен Ехоба Әке ретінде әрқайсысымыздың қамымызды ойлайтынын көрсетуде (Зәб. 32:8).

14. Неге Ехоба бізге тәлім-тәрбие береді және ол мұны қалай істейді?

14 Ехоба бізге тәлім-тәрбие береді. Исадан ерекшелігіміз, біз кемелсіз пендеміз. Сондықтан сүюші Әкеміз бізге тәлім-тәрбие беріп, қажет кезде жөнге салады. Оның Сөзінде: “Ехоба кімді жақсы көрсе, соны жөнге салады”,— делінген (Евр. 12:6, 7). Ехоба бізді түрлі жолдармен жөнге салады. Мысалы, оның Сөзінен оқығандарымыз бен кездесулерде естігендеріміз бізді түзетуі мүмкін. Я болмаса қажетті көмек ақсақалдардан келуі мүмкін. Ехоба бізді қалай жөнге салса да, бұлай етуге оны сүйіспеншілік талпындырады (Ерм. 30:11).

15. Ехоба бізді қай жағынан қорғайды?

15 Ехоба қиын шақтарда қолдау көрсетеді. Қамқор әкенің қиын шақта баласының қасынан табылатыны сияқты, көктегі Әкеміз де қиын кездері бізді қолдап-қуаттайды. Ол киелі рухы арқылы бізді рухани жағынан қорғайды (Лұқа 11:13). Сондай-ақ Ехоба бізді эмоциялық жағынан да қорғайды. Мәселен, ол бізге керемет үміт сыйлады. Болашаққа деген үмітіміз қиындықтарды еңсеруге көмектеседі. Ойлап көріңізші: қандай жаман жағдайға ұшырасақ та, сүюші Әкеміз кез келген жан жарамызды толығымен жазады. Біз кезігіп жүрген қиындықтың бәрі уақытша, ал Ехобаның беретін баталары мәңгілік (Қор. 2-х. 4:16—18).

ӘКЕМІЗ БІЗДІ ЕШҚАШАН ТАСТАМАЙДЫ

16. Адам сүюші Әкесіне мойынсұнбағанда қандай жағдай орын алды?

16 Жердегі отбасында алғаш рет проблемалар туындаған кезде Ехобаның қалай әрекет еткені оның бізді сүйетінін дәлелдейді. Адам ата көктегі Әкесіне мойынсұнбай, Ехобаның бақытты отбасындағы өз орнын жоғалтты, сөйтіп, өзі де, ұрпақтары да Ехобаның отбасына жатпайтын болды (Рим. 5:12; 7:14). Алайда Ехоба Адамның ұрпақтарына көмек қолын созып, бір шара жасады.

17. Адам атаның бүлігінен кейін Ехоба бірден не істеді?

17 Ехоба Адам атаны жазаға тартты, бірақ оның әлі туылмаған ұрпақтарын үмітсіз қалдырмады. Ехоба бірден тілалғыш адамдарды өз отбасына қайтаратынын уәде етті (Мұс. 1-ж. 3:15; Рим. 8:20, 21). Ол бұны сүйікті Ұлы Исаның төлем құрбандығының негізінде мүмкін етті. Ұлын біз үшін қиюымен, Ехоба бізді қатты жақсы көретінін дәлелдеді (Жох. 3:16).

Егер Құдайдан алшақтап кетіп, бірақ мұнымызға өкінсек, көктегі мейірімді Әкеміз Ехоба бізді қайтадан құшақ жая қарсы алуға дайын (18-абзацты қараңыз)

18. Тіпті одан алшақтап кетсек те, Ехоба оның балалары болғанымызды қалайтынына неге сенімді бола аламыз?

18 Кемелсіз болсақ та, Ехоба біздің өзінің отбасында болғанымызды қалайды және ол бізді ешқашан масыл деп есептемейді. Біз Ехобаның көңілін қалдыруымыз не біршама уақытқа одан алыстап кетуіміз мүмкін, сонда да ол бізден еш үміт үзбейді. Иса Ехобаның әкелік сүйіспеншілігі қаншалықты ыстық екенін сипаттау үшін адасқан ұл туралы мысалды айтып берді (Лұқа 15:11—32). Сол мысалдағы әке ұлының қайтып келетінінен еш күдер үзбеді. Ал ұлы қайта оралғанда құшақ жая қарсы алды. Ехобадан алшақтап кетіп, бірақ мұнымызға өкінсек, сүюші Әкеміз бізді қайта қабылдауға дайын екеніне сенімді болсақ болады.

19. Ехоба Адам атаның кесірінен болған залалдың орнын қалай толтырады?

19 Әкеміз Ехоба Адам атаның кесірінен болған барлық залалдың орнын толтырады. Адам атаның бүлігінен кейін Ехоба адамдардың арасынан 144 000 жанды таңдап алуды шешті. Олар көкте Исамен бірге патша әрі діни қызметкер болады. Иса мен сол билеушілер жаңа дүниеде тілалғыш адамзатқа кемелділікке жетуге көмектеседі. Адамзаттың мойынсұнушылығы соңғы рет сыналғаннан кейін Құдай оларға мәңгілік өмір сыйлайды. Сол кезде жер беті кемелді ұл-қыздарына толғанын көріп, Әкеміздің жүзі бал-бұл жайнайды. Бұл неткен сән-салтанатқа толы кез болмақ десеңізші!

20. Ехобаның бізді қатты жақсы көретіні неден көрінеді және келесі мақалада не қарастырамыз?

20 Ехоба бізді қатты жақсы көретінін үнемі көрсетіп келеді. Ол — әлемдегі ең тамаша Әке. Ол дұғаларымызды тыңдайды, материалдық та, рухани да қажеттіліктерімізді қамдайды. Ол бізге тәлім-тәрбие береді және қолдап-қуаттайды. Сондай-ақ болашақта біз үшін керемет істер істемек. Әкеміздің бізді жақсы көретінін және қамқорлайтынын білгеніміз жанымызға жылу береді! Келесі мақалада балалары ретінде оның сүйіспеншілігін бағалайтынымызды қалай көрсете алатынымызды қарастырамыз.

108-ӘН Құдайдың айнымас сүйіспеншілігі

^ 5-абзац Біз әдетте Ехобаны Жаратушы әрі Әлемнің Әміршісі деп білеміз. Әйтсе де оны сүюші әрі қамқор Әкеміз деуге себеп көп. Бұл себептерді осы мақаладан білеміз. Сондай-ақ Ехоба бізді ешқашан тастамайтынына неге сенімді бола алатынымызды да қарастырамыз.

^ 59-абзац СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: Төрт суретте де әке мен бала бейнеленген: 1) ұлын мұқият тыңдап тұрған әке, 2) қызының қажетін қамдап жатқан әке, 3) ұлына тәлім-тәрбие беріп жатқан әке, 4) ұлын жұбатып жатқан әке. Осы суреттердің артында тұрған Ехобаның қолы оның бізді де осындай жолдармен қамқорлайтынын есімізге салады.