Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

9-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

75-ӘН “Мен бармын, мені жібер!”

Ехобаға бағышталуға дайынсыз ба?

Ехобаға бағышталуға дайынсыз ба?

“Ехобаның жасаған бар жақсылығын қалай өтеймін?” (ЗӘБ. 116:12).

НЕГІЗГІ ОЙ

Бұл мақаланың мақсаты — сізге Ехобаға жақындауға көмектесу. Сонда өзіңіз-ақ оған бағышталып, шомылдыру рәсімінен өткіңіз келіп кетеді.

1, 2. Шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын не істеу керек?

 СОҢҒЫ бес жылда бір миллионнан астам адам Ехобаға өмірлерін арнап, шомылдыру рәсімінен өтті. Олардың кейбірі І ғасырдағы Тімөте іспетті шындықпен “нәресте кездерінен таныс” (Тім. 2-х. 3:14, 15). Ал басқалары болса орта жасқа келгенде не тіпті самайларына ақ түскенде Ехоба жайлы білген. Мысалы, Киелі кітапты зерттеп жүрген бір әже 97 жасында шомылдыру рәсімінен өткен!

2 Егер сіз Киелі кітапты зерттеп жүрген болсаңыз, шомылдыру рәсімінен өту жайлы ойланып жүрген шығарсыз. Немесе сен Куәгерлердің отбасында өсіп жатқан жасөспірім бала болсаң, сен де осы жайлы ойланып жүрген боларсың. Бұл — керемет мақсат! Дегенмен шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын адам өзін Ехобаға бағыштауы керек. Осы мақалада бағышталудың не екені түсіндіріледі. Сондай-ақ өміріңізді Ехобаға бағыштауға және шомылдыру рәсімінен өтуге дайын болсаңыз, бұл қадамдарды жасаудан неге қорықпауыңыз керектігі айтылады.

БАҒЫШТАЛУ ДЕГЕН НЕ?

3. Киелі кітап заманында кімдер Ехобаға бағышталған? Мысал келтіріңіз.

3 Киелі кітапта бағышталу деген қандай да бір қасиетті мақсат үшін таңдап алынуды білдіреді. Мысалы, исраилдіктер Ехобаға бағышталған халық болған. Бірақ олардың арасындағы кейбір адамдар арнайы бір қызмет атқару үшін бағышталған. Мәселен, Харон “Құдайға бағышталғанның киелі белгісін” тағып жүрген. Бұл сәлденің маңдай тұсына тағылатын алтыннан жасалған жылтыраған таспа болған. Бұл алтын таспа оның ерекше қызметке таңдалғанын, яғни исраилдіктердің бас діни қызметкері болу үшін таңдалғанын білдірген (Мұс. 3-ж. 8:9). Сондай-ақ назирлер де Ехобаға ерекше жолмен қызмет ету үшін бағышталатын. Еврейдің “назир” деген сөзі “бағышталған”, “бөлініп алынған” дегенді білдіреді. Назир болған адамдар Мұса Заңындағы өздеріне қойылған талаптарды қатаң ұстанулары керек болған (Мұс. 4-ж. 6:2—8).

4. а) Ехобаға бағышталғаннан кейін сіз үшін өміріңізде не маңызды болады? ә) Өзіңізден “бас тарту” деген нені білдіреді? (Суретті де қараңыз.)

4 Ехобаға бағышталғанда, сіз Иса Мәсіхтің шәкірті болуды және Құдайдың еркін орындауды өмірлік мақсатыңыз етуді таңдайсыз. Ал бағышталғаннан кейін не істеуіңіз керек? Иса: “Кім менің соңымнан ергісі келсе, өзінен бас тартсын”,— деген (Мат. 16:24). “Өзінен бас тарту” деп аударылған грек тіліндегі тіркес “өз-өзіңе жоқ деп айтуды” да білдіреді. Демек, Ехобаға бағышталғаннан кейін сіз оның еркіне қайшы келетін кез келген нәрсеге “жоқ” деп айтуыңыз керек (Қор. 2-х. 5:14, 15). Мысалы, азғындық сияқты “тәннің істеріне” (Ғал. 5:19—21; Қор. 1-х. 6:18). Мұндай талаптар сіздің еркіндігіңізді шектей ме? Егер Ехобаны жақсы көрсеңіз және заң-талаптары сізге тек игілік әкелетінін түсінсеңіз, шектемейді (Зәб. 119:97; Ишая 48:17, 18). Осыған қатысты Николас деген бауырлас былай деді: “Ехобаның нормаларына екі түрлі қарауға болады: еркіндігіңді шектейтін түрме секілді немесе ақырған арыстаннан қорғайтын темір қоршау іспетті”.

Ехобаның нормаларына еркіндігіңді шектейтін түрме секілді қарайсың ба, әлде ақырған арыстаннан қорғайтын темір қоршау іспетті ме? (4-абзацты қараңыз)


5. а) Өміріңізді Ехобаға бағыштау үшін не істеуіңіз керек? ә) Бағышталу мен шомылдыру рәсімінің айырмашылығы қандай? (Суретті де қараңыз.)

5 Өміріңізді Ехобаға бағыштау үшін не істеуіңіз керек? Бұл үшін Ехобаға дұға етіп, тек оған ғана ғибадат етуді және оның ғана қалауын орындауды уәде етуіңіз керек. Бір сөзбен айтқанда, Ехобаны “бар жүрегіңізбен, бүкіл жан-тәніңізбен, барлық ақыл-ойыңызбен және бар күш-қуатыңызбен сүюді” уәде етесіз (Мар. 12:30). Бағышталғаныңыз Ехоба мен сізге ғана аян. Ал шомылдыру рәсімінен өткенде, Ехобаға бағышталғаныңызды көпшілікке паш етесіз. Бағышталу — жеңіл-желпі қарайтын мәселе емес, ол қасиетті ант. Сондықтан Ехоба сізден антыңызды бұзбайды деп күтеді (Уағ. 5:4, 5).

Ехобаға бағышталу — оған ғана ғибадат етуді және оның еркін өмірде бәрінен жоғары қоюды ант ету (5-абзацты қараңыз)


НЕГЕ ӨЗІМІЗДІ ЕХОБАҒА БАҒЫШТАУЫМЫЗ КЕРЕК?

6. Ехобаға бағышталуға сізді не талпындыру керек?

6 Ехобаға бағышталуға сізді не талпындыру керек? Әрине, оны жақсы көргеніңіз. Бірақ сіздің сүйіспеншілігіңіз тек сезімдерден тұрмау керек. Қайта, сүйіспеншілігіңіздің қазығы Ехоба жайлы “тура білім” мен “киелі рух беретін түсінік” болу керек. Себебі бұлар Ехобаға деген сүйіспеншілігіңізді арттырады (Қол. 1:9). Сіз Киелі кітапты зерттегенде, Ехобаның шынайы Құдай екеніне, Киелі кітап оның Сөзі екеніне және Ехоба өзінің еркін ұйымы арқылы орындайтынына көз жеткіздіңіз.

7. Бағышталмас бұрын не істеу керек?

7 Өмірлерін Ехобаға бағыштағысы келетіндер оның Сөзіндегі негізгі шындықтарды біліп, ондағы нормаларды ұстанулары керек. Сондай-ақ жағдайларына қарай басқаларға сенімдері жайлы айтулары керек (Мат. 28:19, 20). Осылайша Ехобаға деген сүйіспеншіліктері өсіп, тек оған ғана ғибадат етуге құлшынып тұрады. Сізде де осындай құлшыныс бар ма? Бар болса, бағышталып, шомылдыру рәсімінен өтуге сізді тәлімгеріңіздің көңілінен шығу емес, Ехобаны шын жақсы көргеніңіз талпындырады. Сол сияқты жастар да “ата-анамды ренжітпейін немесе достарымнан қалмайын” деп емес, Ехобаны сүйгендіктен шомылдыру рәсімінен өтуге талпынатын болады.

8. Өміріңізді Ехобаға бағыштауға ризашылық қалай әсер етеді? (Зәбүр 116:12—14)

8 Ехобаның сізге жасаған барлық жақсылықтары туралы ойлансаңыз, еріксіз оған өміріңізді бағыштағыңыз келіп кетеді (Зәбүр 116:12—14 оқыңыз). Киелі кітапта “игі де кемелді сыйдың бәрі” Ехобадан келеді деп дәл айтылған (Жақ. 1:17). Сый атаулының ең кереметі — Ехоба өзінің Ұлы Исаны күнәларымыз үшін төлем ретінде бергені. Бір сәтке ойланып көріңізші, сол төлемнің арқасында сіз Ехобамен дос бола аласыз және мәңгі өмір сүруге мүмкіндігіңіз бар (Жох. 1-х. 4:9, 10, 19). Ехоба сізді қатты жақсы көргендіктен өзінің Ұлын берді, басқа да жақсылығын аяп отырған жоқ. Осындай Құдайға қалай ғана риза болмайсың?! Ал ризашылық білдірудің тамаша жолы — өмірімізді Ехобаға арнау (Мұс. 5-ж. 16:17; Қор. 2-х. 5:15). “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабының 46-сабағының 4-тақырыпшасында дәл осы туралы айтылады. Сондай-ақ онда үш минуттық “Құдайға беретін сыйымыз” деп аталатын видео бар.

БАҒЫШТАЛУ МЕН ШОМЫЛДЫРУ РӘСІМІНЕ ДАЙЫНСЫЗ БА?

9. Неге адамды бағышталуға күштемеу керек?

9 Бәлкім, сіз “бағышталуға, шомылдыру рәсімінен өтуге әлі дайын емеспін” дейтін шығарсыз. Мүмкін, Ехобаның нормаларына сай келу үшін өміріңізде өзгерістер жасау керек шығар немесе сеніміңізді берік ету үшін көбірек уақыт керек болар (Қол. 2:6, 7). Өйткені әр зерттеушінің қарқыны әртүрлі. Балалар да өз қатарластарымен бірдей уақытта шомылдыру рәсімінен өтуге дайын бола бермейді. Сондықтан әркім өзін басқалармен салыстырмай, қандай өзгерістер жасауға болатынын анықтап, соған сай әрекет ету керек (Ғал. 6:4, 5).

10. Бағышталуға және шомылдыру рәсімінен өтуге дайын емес екеніңізді түсінсеңіз, не істесеңіз болады? (“ Шындықта өсіп жатқан балалар үшін” деген қоршауды да қараңыз.)

10 Егер өміріңізді Ехобаға бағыштауға әлі дайын емес екеніңізді түсінсеңіз, бұл қадамды алдыңызға мақсат етіп қойыңыз. Қажетті өзгерістерді жасау үшін Ехобаға дұға етіп, одан көмек сұраңыз (Філіп. 2:13; 3:16). Ол дұғаңызды тыңдайды әрі міндетті түрде жауап береді (Жох. 1-х. 5:14).

КЕЙБІРЕУЛЕР НЕГЕ ТАРТЫНАДЫ?

11. Ехоба бізге адалдық сақтауға қалай көмектеседі?

11 Десе де кейбіреулер бағышталуға, шомылдыру рәсімінен өтуге дайын болса да, бұл қадамды жасаудан тартыншақтайды. Неге? Олар былай деп ойлауы мүмкін: “Егер мен ауыр күнә жасап қойсам, не болады? Қауымнан шығып кетсем ше?” Егер сізде де осындай қорқыныш болса, Ехоба “[оның] есіміне лайықты өмір сүріп, оған барлық жағынан ұнамды” болуға көмектесетініне сенімді болыңыз (Қол. 1:10). Сонымен қатар ол сізге дұрыс нәрсені істеуге күш береді. Бұған неге сенімді бола аласыз? Өйткені Ехоба осыған дейін басқаларға да дұрыс нәрсені істеуге көмектесіп келе жатыр (Қор. 1-х. 10:13). Міне, сондықтан да салыстырмалы түрде аз ғана адам қауымнан шығарылады. Расында да, Ехоба қызметшілері адал болып қалу үшін барлық жағдайды жасап отыр.

12. Ауыр күнә жасаудан қалай аулақ бола аламыз?

12 Кемелсіз болғандықтан, жаман нәрсені істеуге бәріміздің де бүйрегіміз бұрып тұрады (Жақ. 1:14). Бірақ азғырылуға берілу-берілмеу — сіздің таңдауыңыз. Өзгермейтін бір шындық: қалай өмір сүретініңізді шешетін сіз ғана. Бірақ кейбіреулер бұнымен келіспейді. Олар адам өзінің қалауын, іс-әрекеттерін қадағалай алмайды деп ойлайды. Бірақ бұл шындыққа жанаспайды. Сіз жаман қалауларыңызды тізгіндей аласыз. Сондықтан жаман нәрсе істеуге азғырылғанда, оны істемеуді таңдай аласыз. Бұл үшін Ехобаға күнде-күнде дұға етіңіз. Құдай Сөзін жеке зерттеуді әдетке айналдырыңыз, қауым кездесулеріне үзбей барыңыз, уағызға шығыңыз. Осыларды үнемі істейтін болсаңыз, бағышталғанда беретін антыңызға сай өмір сүре аласыз. Осы орайда Ехобаның көмектесетінін де ұмытпаңыз (Ғал. 5:16).

13. Жүсіп қандай үлгі қалдырды?

13 Азғырылуға кезіккенде қалай әрекет ететініңізді алдын ала шешіп алсаңыз, бағышталғанда беретін уәдеңізге сай өмір сүру анағұрлым оңай болады. Киелі кітапта осылай еткен кемелсіз адамдардың мысалдары жеткілікті. Солардың бірі — Жүсіп. Потифардың әйелі оны қайта-қайта азғырды. Бірақ ол сол жағдайда қалай әрекет ететінін жақсы білген. Киелі кітапта Жүсіптің әйелдің ұсынысынан “бас тартқаны” айтылған. Ол былай деген: “Қалайша мен осындай ауыр қылмыс жасап, Құдай алдында күнәға батпақпын?!” (Мұс. 1-ж. 39:8—10). Осы сөздерден көрінетіндей, әйел оны азғырмай тұрып-ақ Жүсіп қалай әрекет ететінін алдын ала шешіп қойған. Соның арқасында оған дұрыс нәрсені істеу оңай болды.

14. Жаман істерге “жоқ” деп айтуды қалай үйренсеңіз болады?

14 Сіз Жүсіпке қалай еліктей аласыз? Азғырылуға кезіккенде қалай әрекет ететініңізді қазір шешіп алыңыз. Ехоба жек көретін нәрселерге бірден “жоқ” деп айтуға үйреніңіз. Жаман ойларды тіпті санаңызға жуытпаңыз (Зәб. 97:10; 119:165). Осылай етсеңіз, азғырылғанда күнә жасамайсыз. Өйткені қалай әрекет ететініңізді алдын ала ойластырып қойғансыз.

15. Адам Ехобаны “шын жүректен іздейтінін” қалай көрсете алады? (Еврейлерге 11:6)

15 Сонымен, сіз шындықты тапқаныңызға сенімдісіз және Ехобаға бар жүрегіңізбен қызмет еткіңіз келеді. Бірақ оған бағышталудан, шомылдыру рәсімнен өтуден сізді бір нәрсе ұстап тұр. Енді не істесеңіз болады? Дәуіт патша сияқты дұға етіңіз. Ол Ехобаға былай деп жалынған: “Уа, Құдай, терең үңіліп, жүрегімде не бар екенін көрші. Мені тексеріп, мазалайтын ойларымды білші. Көңілімде қауіпті жолға апаратын ойлар жоқ па, соны көрші, Мені мәңгілік жолымен жетелеші” (Зәб. 139:23, 24). Ехоба “өзін шын жүректен іздейтіндерді” жарылқайды. Сіздің бағышталуға және шомылдыру рәсімінен өтуге ұмтылып жатқаныңыз оны шын жүректен іздейтініңізді көрсетеді (Еврейлерге 11:6 оқыңыз).

ЕХОБАҒА ЖАҚЫНДАЙ БЕРІҢІЗ

16, 17. Ехоба шындықта өсіп жатқан балаларды қалай жақындатып тартады? (Жохан 6:44)

16 Иса өзінің шәкірттерін Ехоба жақындатып тартатынын айтқан (Жохан 6:44 оқыңыз). Бұның сізге қандай қатысы бар екенін ойлап көріңізші. Ехоба адамның бойынан бір жақсылықты байқаған соң, оны өзіне жақындатып тартады. Оларды “ерекше” немесе “бағалы меншігіндей” көреді (Мұс. 5-ж. 7:6, сілт.). Ол сізге де тура осылай қарайды.

17 Бәлкім, сен Куәгерлердің отбасында өсіп жатқан жасөспірім бала шығарсың. Сондықтан саған “Ехоба мені жақындатып тартқан жоқ, ата-анам оған ғибадат еткендіктен, мен де сөйтіп жүрмін” деген ой келер. Бірақ Ехоба ата-анаң Куәгер болғандықтан емес, жеке сені өзіне жақындатып тартады. Себебі ол адамдарды топ ретінде емес, жеке-жеке байқайды. Оған қоса, Киелі кітапта: “Құдайға жақындаңдар, сонда ол да сендерге жақындайды”,— делінген (Жақ. 4:8; Шеж. 1-ж. 28:9). Яғни сен де Құдайға жақындау үшін өзің бірінші болып қадам жасай аласың. Сонда ол да саған жақындайды (Салоникалықтарға 2-хат 2:13 салыстырыңыз).

18. Келесі мақала не жайлы? (Зәбүр 40:8)

18 Ехобаға өміріңізді арнап, шомылдыру рәсімінен өткенде, сіз Исанікіндей құлшыныс танытасыз. Ол Әкесі не сұраса да, бәрін орындауға дайын болған (Зәбүр 40:8 оқыңыз; Евр. 10:7). Келесі мақалада шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін Ехобаға адалдықпен қызмет ете беруге не көмектесетінін қарастырамыз.

ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢІЗ?

  • Ехобаға бағышталу деген нені білдіреді?

  • Ехобаға деген ризашылық оған бағышталуға қалай талпындырады?

  • Ауыр күнә жасаудан қалай аулақ бола аламыз?

38-ӘН Құдай саған күш береді