3-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
Ехоба сізге жар
“Ехоба Құдай Жүсіпке жар болып,.. оның барлық ісін оңғарып жатты” (МҰС. 1-Ж. 39:2, 3).
30-ӘН Ехоба, Құдайымсың, адал Досым
АҢДАТПА a
1, 2. а) Басымызға қиындық түскенде неге бұған таңғалмаймыз? ә) Осы мақалада не туралы білеміз?
ҚИЫНДЫҚ көретініміз біз үшін жаңалық емес. Өйткені “Құдай Патшалығына талай азап шегу арқылы кіруіміз керек” (Ел. іс. 14:22). Сондай-ақ кейбір қиындықтар, мысалы “өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру”, жаңа дүние келмейінше бола бермек (Аян 21:4).
2 Ехоба бізді қиыншылықтардан арашаламайды, бірақ төтеп беруге көмектеседі. Елші Пауылдың Римдегі мәсіхшілерге жазған сөздеріне назар аударайықшы. Пауылдың өзі де, бауырластары да неше түрлі қиындық көрген еді. Солардың бәрін тізіп шыққаннан кейін, ол былай деді: “Бірақ бізді сүйгеннің арқасында барлық жағдайда да жеңіске жетудеміз” (Рим. 8:35—37). Демек, қиналып жүрген күннің өзінде де, Ехоба бізге қол ұшын беріп, жеңімпаз ете алады. Осы мақалада Ехоба Жүсіпке қалай көмектескенін қарастыра отырып, сізге де қалай көмектесетінін білетін боламыз.
ЖАҒДАЙЫ КҮРТ ӨЗГЕРГЕН ЖҮСІП
3. Жүсіптің өмірі қалай бір мезетте өзгеріп кетті?
3 Рубасы Жақып басқа ұлдарының ішінде Жүсіпті ерекше қатты жақсы көретінін жасырмайтын (Мұс. 1-ж. 37:3, 4). Сол үшін Жүсіптің ағалары оны көре алмай кетті. Сөйтіп, одан құтылудың амалын тауып, мадияндық саудагерлерге сатып жіберді. Осылай Жүсіп үйінен жүздеген шақырымға алыстап кетті. Мысырға жеткен соң, саудагерлер оны перғауынның бас күзетшісі Потифарға құлдыққа сатып жіберді. Сөйтіп, әкесі айналып-толғанып жүрген бала жат елден бір-ақ шығып, бейшара құл боп қалды (Мұс. 1-ж. 39:1).
4. Қандай себептермен Жүсіптікіндей сынақ біздің де басымызға түсуі мүмкін?
4 Киелі кітапта айтылғандай, кез келген адам жаман жағдайға ұшырап қалуы мүмкін (Уағ. 9:11). Кейде басымызға “өзгелердікінен ерекше емес”, яғни барлық адамға тән қиындықтар түседі (Қор. 1-х. 10:13). Немесе Исаның шәкірттері болғанымыз үшін бізді мазақтайтын, қарсы шығатын, я тіпті қуғындайтын шығар (Тім. 2-х. 3:12). Алайда басыңызға қандай сынақ түссе де, Ехоба сізге көмектесе алады. Ол Жүсіпке қалай көмектесті?
5. Потифар Жүсіптің жетістігіне қарап не байқады? (Мұсаның 1-жазбасы 39:2—6)
5 Мұсаның 1-жазбасы 39:2—6 оқыңыз. Қабілетті де еңбекқор Жүсіп қожайыны Потифардың көзіне бірден ілікті. Потифар оның жетістігінің сыры неде екенін, яғни “Ехоба оның барлық ісін оңғарып жатқанын байқады” b. Ақыры, ол Жүсіпті өзіне жеке қызметші етіп тағайындап, бүкіл үйін оның қол астына тапсырып қойды. Нәтижесінде Потифар ісі өрге басып, табысты адамға айналды.
6. Жүсіп Потифардың үйінде жүргенде қандай күй кешсе керек?
6 Ал енді бұл жағдайға Жүсіптің көзімен қарап көрейікші. Оның мақсаты Потифардың көзіне түсіп, дәрежесін көтеріп алу болды ма? Жоқ, оның бар арман-тілегі бостандық алып, әкесімен қайта табысу болса керек. Потифардың үйінде қандай билікке ие болса да, Жүсіп баяғыша Ехобаға табынбайтын адамның құлы боп қала берді. Ехоба Потифарға қозғау салып, Жүсіпке бостандық әпермеді. Тіпті десеңіздер, оның жағдайы одан сайын қиындап кетті.
ЖЫҒЫЛҒАН ҮСТІНЕ ЖҰДЫРЫҚ
7. Жүсіптің жағдайы қалай нашарлай түсті? (Мұсаның 1-жазбасы 39:14, 15)
7 Мұсаның 1-жазбасы 39-тарауда айтылғандай, Потифардың әйелінің Жүсіпке ойы кетіп, оны жақындасуға қайта-қайта еліктірмек болады. Бірақ Жүсіп еш көнбей қояды. Бұған әбден ызасы қайнаған әйел ақырында оған “мені зорламақ болды” деп жала жабады (Мұсаның 1-жазбасы 39:14, 15 оқыңыз). Бұл Потифардың да құлағына жетіп, ол Жүсіпті бірнеше жылға түрмеге жауып тастайды (Мұс. 1-ж. 39:19, 20). Ал түрмедегі жағдай қандай болды? Мұсаның 1-жазбасы 40:15-те “түрме” деп аударылған еврейше сөз “құдықты”, я “орды” білдіруі мүмкін. Демек, мұндай қараңғы қапас Жүсіптің мысын басып, оған “біткен жерім осы” деген ой келген шығар. Бұл аздай, ол түрмеде біраз уақыт аяғы бұғауланып, мойнына темір құрсау салынған күйі отырған (Зәб. 105:17, 18). Осылайша Жүсіптің сорына сор қосылып, қожайынының сеніміне кірген құлдан түкке тұрғысыз тұтқынға айналды.
8. Қиындығымыз ушыға түссе де, не нәрсеге сенімді бола аламыз?
8 Дұғада қанша жалынып-жалбарынсаңыз да, жағдайыңыз керісінше қиындай түскен кездер болған ба? Иә, олай болуы мүмкін. Шайтан билеп тұрған дүниеде Ехоба бізді қиындықтардан қалқаламайды (Жох. 1-х. 5:19). Дегенмен мынаған кәміл сенімді болайық: Ехоба біздің нені бастан өткеріп жатқанымызды өте жақсы біледі және қамымызды ойлайды (Мат. 10:29—31; Пет. 1-х. 5:6, 7). Сондай-ақ оның: “Мен сені ешқашан қалдырмаймын, ешқашан тастамаймын”,— деген уәдесін де ұмытпайық (Евр. 13:5). Ол тіпті “біткен жерім осы” деп, күдеріміз үзілген шақта да табандылығымыздан таймауға көмектеседі. Осы орайда Жүсіппен әрі қарай не болғанын көрейік.
9. Ехоба түрмедегі Жүсіпке жар болғанын қайдан білеміз? (Мұсаның 1-жазбасы 39:21—23)
9 Мұсаның 1-жазбасы 39:21—23 оқыңыз. Түрмедегі өмірінің қара түнек шағында да Ехоба Жүсіпке жар болды. Қалай? Жүсіп Потифардың үйіндегідей, түрмеде де сол жердің басшысының сенімі мен құрметіне бөлене бастады. Содан түрме бастығы тұтқындардың барлығын оның қарамағына тапсырып қойды. Киелі кітапта айтылғандай, ол “Жүсіпке тапсырған істің ешқайсысын уайымдамайтын”. Жүсіп те өзіне жүктелген жұмысқа жан сала кірісіп, көңілі алаңдап қалатын. Бірақ қалайша оған осындай міндет сеніп тапсырылды? Ол білдей сарай қызметкерінің әйелін зорламақ болды деп айыпталған тұтқын еді ғой! Бұның жалғыз жауабы — “Ехоба оған жар болды және Ехоба оның барлық ісін оңғарып отырды” (Мұс. 1-ж. 39:23).
10. Неге Жүсіп Ехоба оның барлық ісін оңғарып жатқандай сезінбесе керек? Түсіндіріңіз.
10 Жүсіптің жағдайына қайтадан оның тарапынан қарап көрейікші. Сорақы жала жабылып, түрмеге тасталған ол барлық ісі оңғарылып жатқандай сезінді ме екен? Бәрінен бұрын ол не қалады деп ойлайсыз? Түрме бастығының көңілінен шығуды ма? Жоқ, оның бар қалағаны ақталып, азаттық алу болса керек. Сол үшін де ол бостандыққа шыққалы жатқан бір тұтқынға өтініш білдіріп, өзі туралы перғауынға бірауыз сөз айтуды, осылай қараңғы қапастан алып шығуды сұраған еді (Мұс. 1-ж. 40:14). Бірақ әлгі кісі өтінішін аяқсыз қалдырғандықтан, Жүсіп қапаста тағы екі жыл отырады (Мұс. 1-ж. 40:23; 41:1, 14). Дегенмен Ехоба оның ісін әрі қарай да оңғара берді.
11. Ехоба Жүсіпке қандай қабілет дарытты және бұл қалай оның ниетінің орындалуына сеп болды?
11 Жүсіп түрмеде жатқан уақытта, Ехоба перғауынға екі түс көрсетеді. Перғауын бұл түстің мағынасын біле алмай, әбден мазасы кетеді. Кейін түс жори алатын бір тұтқын бар екенін естіп, Жүсіпті алдыртады. Ол Ехобаның арқасында түстің мағынасын ашып, тіпті аштықтан аман өтудің де тиімді жолын көрсетіп береді. Перғауын бұған таңғалып, бұл жігітке Құдайдың өзі жар болып отырғанын түсінеді. Сөйтіп, оны бүкіл Мысыр елінің азық-түлігіне жауапты етіп тағайындайды (Мұс. 1-ж. 41:38, 41—44). Кейіннен зұлмат аштық Мысыр тұрмақ, Жүсіптің туғандары тұрып жатқан Қанахан еліне дейін жайлап кетеді. Сол кезде Жүсіп отбасын аштықтан құтқарып, осылайша Мәсіх шығатын әулетті аман алып қалады.
12. Ехоба Жүсіпке қалай көмектесіп отырды?
12 Ал енді Жүсіптің өміріндегі ерекше жағдайларды шолып өтейік. Бейшара құл болып келген Жүсіпке Потифардың назарын аударған кім? Түкке тұрғысыз тұтқынға түрме бастығының ықыласын түсірген кім? Мысыр патшасына күрделі түс көрсетіп, Жүсіпке соны жоритын қабілет берген кім? Оның бүкіл Мысыр елінің азық-түлігіне жауапты адам болып тағайындалуына қозғау салған кім? (Мұс. 1-ж. 45:5). Иә, Жүсіптің әрбір ісін оңғарып отырған Ехоба болғанында дау жоқ! Жүсіптің бауырлары оның көзін құртудың амалын жасаған сияқты еді, бірақ Ехоба жағдайды бастан-аяқ төңкеріп, өзінің еркін жүзеге асырып жіберді.
ЕХОБА БІЗГЕ ҚАЛАЙ ЖАР БОЛАДЫ?
13. Ехоба басымызға түскен кез келген жағдайға араласып отыра ма? Түсіндіріңіз.
13 Жүсіптің оқиғасынан қандай түйін шығарамыз? Ехоба басымызға түскен әр жағдайда араша түсіп отыра ма? Өмірімізде жаман жағдайларды болдырып, артын жақсылыққа айналдырып отыра ма? Жоқ, Киелі кітап бұған үйретпейді (Уағ. 8:9; 9:11). Алайда бір білеріміз, Ехоба басымызға қандай сынақ түсіп жатқанын біледі және көмекке шақырып жалбарынған үнімізді естиді (Зәб. 34:15; 55:22; Ишая 59:1). Бұнымен қоймай, сынаққа қажымай төтеп беруге көмектеседі. Қалай?
14. Басымызға қиын күндер туғанда, Ехоба қалай көмектеседі?
14 Жиі Ехоба дәл керек кезінде жұбатып, жігер беруімен сынаққа төтеп беруімізге көмектеседі (Қор. 2-х. 1:3, 4). Түрікменстанда сенімі үшін екі жылға бас бостандығынан айырылған Эзиз бауырласымыздың сөздеріне назар аударайықшы. “Сот күні таңертең бір ер бауырлас маған Ишая 30:15-тегі: “Дамыл тауып, маған сенім артсаңдар, күшті боласыңдар”,— деген сөздерді оқып берді. Бұл тармақ қандай жағдай болмасын, сабыр сақтап, Ехобаға сенім арта беруге көмектесті. Ондағы ойлар түрмедегі бірінші күнімнен соңғы күніме дейін жаныма жалау болды”,— дейді ол. Ехоба сізге де жұбаныш пен жігерге аса мұқтаж кезіңізде көмектескен бе?
15, 16. Тори бауырластың жағдайынан не түйдіңіз?
15 Кейде қандай да бір қасіреттен өтіп барып қана, Ехоба сол жағдайда бізді ақырына дейін қолдап келгенін түсініп жатамыз. Тори деген әйел бауырласымыздың жағдайында осылай болды. Оның аяулы ұлы Мэйсон алты жыл қатерлі ісікпен ауырып, кейін көз жұмған. Қабырғасы сөгіліп, жаны сыздаған Тори: “Ана үшін бұдан асқан қасірет жоқ екен. Балам азап шегіп қиналғанша, өзім қиналғанымда ғой деп ойладым. Барлық ата-ана үшін бұл өте ауыр”,— дейді.
16 Бірақ кейінірек Тори өткен күндерге ой жіберіп, Ехобаның қалай қолдап-демеп келгенін түсінді. Ол былай дейді: “Сол ауыр кезеңді қазір есіме алсам, Ехоба бастан-аяқ бізді сүйіспеншілігіне бөлеп келген екен. Мысалы, Мэйсон ауруханада қиналып, ешкіммен көрісетін шамасы болмай жатса да, бауырластар екі сағат жол жүріп келіп, ауруханада отыратын. Анау-мынау көмек қажет болып қалса, қолдап-демеуге әрқашан да дайын отыратын. Бауырластар ақшалай жағынан да көмегін аямады. Ең ауыр сәттің өзінде де бізде керектінің бәрі болды”. Ехоба осылай анасын да, ұлын да қиындыққа төтеп беруге қажеттінің бәрімен қамдады (“ Ехоба керек кезінде керегімізді беріп отырды” деген қоршауды қараңыз).
ЕХОБАНЫҢ КӨМЕГІН КӨРЕ БІЛІҢІЗ
17, 18. Сынақтар кезінде Ехобаның көмегін көріп, бағалай білуге не көмектеседі? (Зәбүр 40:5)
17 Зәбүр 40:5 оқыңыз. Альпинисті мысалға алсақ, оның мақсаты — діттеген шыңын бағындыру. Десе де ол жол-жөнекей аялдап, айналасындағы табиғаттың сұлулығын тамашалайды. Дәл солай сіз де қиындыққа төтеп бере жүріп, арасында кідіріп, ойланып тұруды ұмытпаңыз. Ехоба сізге сол жағдайды өткеруге қалай көмектесіп жатқаны туралы ой жүгіртіңіз. Әр күні кешке: “Ехоба бүгін маған қандай батасын берді? Бұл сынақ әлі жалғасып жатса да, Ехоба соған төзуге қалай көмектесіп жатыр?”— деп ойланыңыз. Осылайша Ехобаның, кем дегенде, бір батасын көре білуге күш салыңыз.
18 Сіз Ехобаға “осы қиындықтан құтқара көрші” деп дұға айтып жүрген боларсыз. Әрине, мұныңыз орынды, сізді түсінуге болады (Філіп. 4:6). Дегенмен Ехобаның дәл қазір бізге төгіп жатқан баталарын да назардан тыс қалдырмағанымыз жөн. Оған қоса, Ехоба бізді нығайтып, сынаққа төтеп беруге көмектесемін деп уәде еткен. Сондықтан ешқашан да Ехобаның бізді қолдап-демеп жатқанын бағаламай жүрмейік. Сонда Жүсіпке жар болғанындай, Ехоба бізге де, тіпті ауыр кезеңнің өзінде, жар болып жатқанын түсінеміз (Мұс. 1-ж. 41:51, 52).
32-ӘН Ехобаның жағына шық
a Азапты күндерді кешіп жатқанда, Құдай бізге жар боп жатыр деп ойламайтын шығармыз. Біз осы қиындық біткенде ғана жағдайым жақсарады деуіміз мүмкін. Бірақ Жүсіптің өмірінен біз мына бір маңызды жайтты түсінеміз: тіпті қиындығымыз үдеп тұрған шақта да Ехоба бізге көмектесіп, күйімізді оңғара алады. Ол мұны қалай істейтінін қарастырайық.
b Жүсіптің құл боп жүрген кезіндегі бұл өзгерістер үш-төрт тармаққа сыйып кеткенмен, бірнеше жылға созылған болуы мүмкін.