48-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
Қиындықта Ехобаға сенімді болып қала аласыз
“Берік болыңдар. . . Өйткені мен сендерге жар боламын,— дейді Әскербасы Ехоба” (ХАГ. 2:4).
118-ӘН “Сенімімізді нығайта көр”
АҢДАТПА a
1, 2. а) Біздің жағдайымыз бен Иерусалимге оралған яһудилердің арасында қандай ұқсастық бар? ә) Яһудилер қандай қиындықтарға кезіккенін айтып беріңіз (“ Хагейдің, Зәкәрияның және Езраның заманы” деген қоршауды қараңыз).
СІЗ болашақты ойлап уайымдайсыз ба? Бәлкім, жақында жұмысыңыздан айырылғандықтан енді отбасымды қалай асыраймын деп уайымдайтын шығарсыз. Я болмаса елдегі саяси тұрақсыздықтың, қуғын-сүргіннің не уағыз ісімізге жасалып жатқан қарсылықтардың салдарынан отбасыңыздың амандығын ойлап уайымдайтын шығарсыз. Кезінде Исраил халқы да осындай қиындықтарға кезіккен. Осы мақалада Ехоба оларға қалай көмектескеніне назар аударамыз.
2 Бабылда туып-өскен еврейлер мықты сенім танытып, жайлы өмірлерін тастады да, Иерусалимге көшіп келді. Олардың басым көпшілігі бұл жерді ешқашан көрмеген. Көп ұзамай олар отбасын асырау жағынан қиындықтарға кезікті. Оның үстіне, жан-жақтағы халықтардан қарсылықтар болды және Персия империясында да саяси жағдай тұрақты емес еді. Осылайша Ехобаның ғибадатханасын тұрғызу ісі шетте қалып қойды. Сондықтан халықтың құлшынысын тұтандыру үшін Ехоба шамамен б.з.б. 520 жылы оларға Хагей мен Зәкәрия пайғамбарды жіберді (Хаг. 1:1; Зәк. 1:1). Кейін көретініміздей, бұл пайғамбарлар еңбектерінің жақсы жемісін көрді. Бірақ 50 жыл өтер-өтпес, яһудилердің таза ғибадатқа деген құлшынысы қайтадан бәсеңдеп кетті. Оларды жігерлендіру үшін Бабылдан Мұса Заңының шебер көшірмешісі Езра келді (Езра 7:1, 6).
3. Бұл мақалада қандай сұрақтарды қарастырамыз? (Нақыл сөздер 22:19)
3 Хагей мен Зәкәрия айтқан пайғамбарлықтардың арқасында яһудилер қарсылық кезінде Ехобаға үзбей сенім арта берді. Сол пайғамбарлықтар бізге де өмірдегі қиындықтарда Ехобаға сенімді болуға көмектеседі (Нақыл сөздер 22:19 оқыңыз). Хагей мен Зәкәрия жеткізген хабарды және Езраның үлгісін қарастыра отырып, біз мына сұрақтардың жауабын аламыз: Елдеріне оралғанда болған қиыншылықтар яһудилерге қалай әсер етті? Неге өміріміз қиындап кетсе де, Құдай еркін орындауды бірінші орынға қоюымыз керек? Осындай аумалы-төкпелі заманда Ехобаға деген сенімділігімізді қалай арттырсақ болады?
ЕЛДЕРІНЕ ОРАЛҒАН ЯҺУДИЛЕРГЕ ҚИЫНДЫҚТАР ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТТІ?
4, 5. Ехобаның ғибадатханасын тұрғызуға деген құлшынысты не нәрсе сөндірген болуы мүмкін?
4 Иерусалимге қайта оралған яһудилердің тірліктері бастан асты. Олар тез-ақ құрбандық ошағын қайта тұрғызып, ғибадатхананың іргетасын қалап тастады (Езра 3:1—3, 10). Бірақ көп ұзамай осы лаулап тұрған құлшыныстары сөніп қалды, өйткені ғибадатхананы тұрғызудан басқа олар өздеріне үй салып, егін егіп, отбасыларын асырау керек еді (Езра 2:68, 70). Оның үстіне, жаулары зымиян жоспар құрып, ғибадатхананың құрылысын тоқтатуға тырысты (Езра 4:1—5).
5 Қарсылықтан бөлек, Исраилде экономикалық және саяси жағдай жақсы болмады. Өздері бағынышты болған Персия империясының патшасы Кир б.з.б. 530 жылы қайтыс болған соң, орнына Камбиз таққа отырып, әскер жинады да, Мысырға жорыққа аттанды. Жолда ол исраилдіктерден әскеріне беретін тамақ, су және паналайтын жер талап етіп, жағдайларын одан бетер қиындатса керек. Камбиздің орнына келген Дарий І патшаның тұсында да империяда көтерілістер мен толқулар болып, заман тыныш болмады. Сондықтан еліне оралған яһудилердің көбісі отбасыларын уайымдағандары сөзсіз. Тіпті олардың кейбірі қазір Ехобаның ғибадатханасын тұрғызатын уақыт емес деп ойлай бастады (Хаг. 1:2).
6. Зәкәрия 4:6, 7-ге сай, яһудилер тағы қандай қиындықтарға кезікті, бірақ Зәкәрия оларды не деп қайрады?
6 Зәкәрия 4:6, 7 оқыңыз. Экономикалық және саяси тұрақсыздықпен қоса, яһудилер қуғын-сүргінге кезікті. Жаулары б.з.б. 522 жылы ақыры өз дегендеріне жетіп, Ехобаның ғибадатханасының құрылысына тыйым салғызды. Бірақ Зәкәрия пайғамбар келіп, Ехоба құдіретті рухымен кез келген бөгетті алып тастайтынына Құдай халқын сендірді. Содан б.з.б. 520 жылы Дарий патша ғибадатхананың құрылысына қатысты салынған тыйымды алып тастады. Тіпті сол іске қомақты қаржы бөліп, жергілікті әміршілерді яһудилерге көмектесуге міндеттеді (Езра 6:1, 6—10).
7. Елдеріне оралған яһудилер Құдай еркін бірінші орынға қойғанда қандай батаға кенелді?
7 Яһудилер ғибадатхананы соғуды бірінші орынға қойса, Ехоба оларға жар боламын деп уәде етті (Хаг. 1:8, 13, 14; Зәк. 1:3, 16). Хагей мен Зәкәрия пайғамбар осыны жеткізгенде, яһудилерге қанат бітіп, б.з.б. 520 жылы құрылысқа қайта кірісті. Сөйтіп, бес жылға жетер-жетпес уақытта Ехобаның ғибадатханасы бой көтеріп шыға келді. Яһудилер кедергілер мен қиыншылықтарға қарамастан, Құдай еркін бірінші орынға қойып еді, Ехоба оларды рухани жағынан да қолдады және тіршілікке қажетімен де қамдады. Нәтижесінде олар Ехобаға шат-шадыман болып ғибадат етті (Езра 6:14—16, 22).
ҚҰДАЙ ЕРКІН ОРЫНДАУДЫ БАСТЫ ОРЫНҒА ҚОЙЫҢЫЗ
8. Хагей 2:4-тегі сөздер Құдай еркін бірінші орынға қоюға қалай көмектеседі? (Сілтемені де қараңыз.)
8 Зор алапат жақындап қалғандықтан, ізгі хабарды уағыздау қаншалықты маңызды екенін ұмытпауымыз керек (Мар. 13:10). Алайда қаржылай қиындық көріп жатсақ не уағыз ісімізге қарсылық болып жатса, Құдай Патшалығын бірінші орынға қою қиын болуы мүмкін. Сондайда бізге не көмектеседі? “Әскербасы Ехоба” b — біздің жағымызда екеніне сенімді болу. Патшалықтың мүддесін өз мүддемізден жоғары қоя берсек, Ехоба міндетті түрде жар болады. Сондықтан да ештеңеден қорқудың қажеті жоқ (Хагей 2:4 оқыңыз).
9, 10. Бір ерлі-зайыпты Матай 6:33-тің растығына қалай көз жеткізді?
9 Ізашар болып қызмет ететін Олег пен Ирина c деген ерлі-зайыптылардың жағдайын алайық. Олар басқа аумақтағы қауымға көмектесу үшін сол жаққа көшкен соң, елдегі экономикалық қиындықтардың кесірінен жұмыстарынан айырылып қалады. Бір жыл бойы тұрақты жұмыс таппай жүрсе де, Олег пен Ирина әрдайым Ехобаның сүйіспеншілігін, көмегін сезінді және бауырластар да оларға арасында жәрдем беріп тұрды. Сол бір қиын шақтан олар қалай өтті? Күйеуі Олег алғашында көңілі қатты түскенімен: “Біз қызметімізді жан сала атқарғандықтан, өмірдегі ең маңызды нәрсені бірінші орынға қоя алдық”,— дейді. Олар жұмыс іздей жүре, уағыз ісін белсене атқарды.
10 Бір күні қызметтен келсе, олардың бір досы 160 шақырым жол жүріп, екі сөмке азық-түлік алып келіпті. Олег былай дейді: “Сол күні біз Ехоба мен қауымның зор қамқорлығын тағы бір рет сезіндік. Бізде еш үміт жоқтай болып көрінген жағдайда да, Ехоба өз қызметшілерін ешқашан тастамайтынына сенімді болдық” (Мат. 6:33).
11. Құдай еркін бірінші орынға қойсақ, не нәрсеге сенімді бола аламыз?
11 Ехоба шәкірт дайындап, адамдарды құтқару ісін басты орынға қойғанымызды қалайды. Алдыңғы 7-абзацта айтылғандай, Хагей Ехобаның халқын қасиетті қызметтеріне қайта кірісуге, яғни ғибадатхананың іргетасын жаңадан қалап жатқандай құлшына кірісуге талпындырды. Солай етсе, Ехоба оларға “батамды жаудырамын” деп уәде етті (Хаг. 2:18, 19). Біз де Ехобаның тапсырған ісін өмірде басты орынға қойсақ, Ехоба еңбегімізге батасын жаудыратынына сенімді бола аламыз.
ЕХОБАҒА ДЕГЕН СЕНІМДІЛІКТІ ҚАЛАЙ ӨСІРУГЕ БОЛАДЫ?
12. Езра мен оның яһуди бауырларына неге берік сенім қажет болды?
12 Б.з.б. 468 жылы Езра бастаған екінші топ Бабылдан шығып, Иерусалимге жол тартты. Мұндай сапарға аттану үшін яһудилерге мықты сенім керек болды, өйткені олар ғибадатхананың құрылысына тарту етілген мол алтын-күмісті алып бара жатты. Ал жолда оларға қарақшылар шабуылдауы мүмкін еді (Езра 7:12—16; 8:31). Иерусалимге аман-есен жеткен күннің өзінде, қаладағы жағдай мәз емес еді. Қаланың қабырғалары мен қақпалары жөнделмеген, ішіндегі халқы аз әрі шашыраңқы орналасқан болатын. Қазір Езра қалай берік сенім дамытқанына тоқталайық.
13. Езраның Ехобаға деген сенімділігі қалай нығайған? (Сілтемені де қараңыз.)
13 Езра сын сағатта Ехоба өз халқына қалай көмектескенін көрген. Б.з.б. 484 жылға оралайық. Персия патшасы Ахашверош бүкіл империядан еврейлердің көзін құрту жайлы жарлық шығарғанда, Езра Бабылда тұрып жатса керек (Ест. 3:7, 13—15). Демек, Езраны да, оның халқын да қанды қырғын күтіп тұрды. Персия “аймақтарының бәрінде” тұрып жатқан яһудилер қатты қайғырып, ауыздарына тамақ алмай, Ехобаға жалынумен болды (Ест. 4:3). Қастандық ойластырғандар кейін өздері қазған орға өздері түскенде, Езра мен яһудилер қандай сезімде болғанын елестетіп көріңізші! (Ест. 9:1, 2). Осындай белестен өткендіктен, Езра болашақ сынақтарға дайын болды және Ехоба өз халқын қорғай алатынына деген сенімділігі беки түсті d.
14. Қиын шақта Ехобаның қамқорлығын сезінген әйел бауырластан не үйренеміз?
14 Қиын шақта Ехобаның қамқорлығын сезінгеніміз оған деген сенімділігімізді нығайтады. Шығыс Еуропада тұратын Анастасия деген бауырласпен осылай болды. Оған бейтараптық сақтау үшін жұмысынан шығып кетуге тура келді. “Осыған дейін ақшадан тарыққан кезім болған емес. Бірақ әлгі жағдайда уайымымды Ехобаға арттым. Ал ол мені қызындай қамқорлады. Алда осы жағдай тағы қайталанса, мен еш қорықпаймын, өйткені көктегі Әкем қазір қажетімді қалай берсе, ертең де дәл солай береді”,— дейді Анастасия.
15. Езраға Ехобаға деген сенімділігін сақтап қалуға тағы не көмектескен? (Езра 7:27, 28)
15 Езра өз жағдайында Ехоба оған қалай жар болғанын көрген. Ол өзіне Ехобаның көмектескен кездері жайлы көп ойлаған. Осылай оған сеніміділігін еш азайтпаған. Оның: “Ехоба Құдайым маған жар болды”,— деп жазған сөздеріне назар аударыңызшы (Езра 7:27, 28 оқыңыз). Езра осыған ұқсас сөздерді өз кітабында алты рет келтіреді (Езра 7:6, 9; 8:18, 22, 31).
16. Ехоба бізге жар екенін қандай жағдайларда көре аламыз? (Суретті де қараңыз.)
16 Қандай да бір қиын жағдайда Ехоба бізге де көмектесе алады. Мысалы, бастығымыздан конгреске сұранғанда не кездесулердің бәріне қатысу үшін жұмыс кестемізді өзгертуді өтінгенде, Ехоба бізге қалай жар болатынына куә боламыз. Нәтижесі біз күткеннен де жақсы болып шыққанда, таңғалып қалуымыз мүмкін. Бұл біздің Ехобаға деген сенімділігімізді арттырады.
17. Қиын шақта Езраның кішіпейілділігі неден көрінді? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)
17 Езра кішіпейілділікпен Ехобадан көмек сұраған. Мойнына артылған жауапкершілігі қатты уайымдатқан сайын, ол Ехобаға кішіпейілділікпен дұға айтқан (Езра 8:21—23; 9:3—5). Оның осылай Ехобаға арқа сүйегені айналасындағы жұртқа әсер етпей қоймады. Халық оны қолдап, сенімін үлгі етті (Езра 10:1—4). Бізді де жейтін нанымыз не отбасымыздың амандығы қатты уайымдатқанда, Ехобаға сенімділікпен дұға айтуымыз керек.
18. Ехобаға деген сенімділігімізді өсіруге не көмектеседі?
18 Біз де кішіпейілділікпен Ехобаның көмегіне жүгінсек және бауырластардың көмегін қабылдасақ, Құдайға деген сенімділігіміз өседі. Үш баланың анасы Эрика қабырғасын қайыстырған ауыр жағдайда да Ехобаға деген сенімділігін сақтап қалды. Ол қысқа мерзімнің ішінде аяулы жарынан және ішіндегі баласынан айырылып қалды. Эрика сол кезді еске алып былай дейді: “Ехоба саған қандай жолмен көмектесетінін алдын ала біле алмайды екенсің. Кейде оның қалай көмектескенін көріп, аң-таң болып қаласың. Бір байқағаным, Ехоба дұғаларымның көбісіне достарымның айтқан сөздері мен істері арқылы жауап беріпті. Достарыма маған көмектесу жеңіл болу үшін, оларға ашылуым керектігін түсіндім”.
ЕХОБАҒА СОҢЫНА ДЕЙІН СЕНІМДІ БОЛЫП ҚАЛЫҢЫЗ
19, 20. Біз Бабылда қалған яһудилерден не үйренеміз?
19 Біз қарттықтың, ауыр дерттің не отбасылық жағдайлардың себебінен Бабылда қалып қойған яһудилерден де құнды сабақ аламыз. Олар елдеріне қайтқан бауырларына ерікті сый-тарту беріп, оларды қуана қолдады (Езра 1:5, 6). Тіпті яһудилердің алғашқы тобы Иерусалимге қайтқанынан 19 жыл өтсе де, Бабылда қалғандар оларға әлі де сый-тарту жіберіп тұрғанға ұқсайды (Зәк. 6:10).
20 Ехобаға қызметте көп бере алмай жатқандай сезінсек те, оған ұнамды болу үшін шын жүректен тырысып жатқанымызды ол бағалайды. Бұған неге сенімдіміз? Ехоба Зәкәрия пайғамбарға Бабылда қалған яһудилер беріп жіберген алтын-күмістен “ұлы тәж” жасауды бұйырады (Зәк. 6:11 сілт). Бұл тәж олардың дарқан көңілмен берген садақаларын “еске салып тұрмақ” еді (Зәк. 6:14). Ехоба біздің де қиын шақта оған барымызды салып қызмет еткенімізді ешқашан ұмытпайды. Соған сенімді болайық (Евр. 6:10).
21. Алдағы жағдайларға дайын болуға не көмектеседі?
21 Соңғы күндерде өмір сүріп жатқандықтан, қиындықтардың азаймайтыны, тіпті барған сайын өрши түсетіні белгілі (Тім. 2-х. 3:1, 13). Бірақ уайымға берілудің қажеті жоқ. Хагей пайғамбардың кезінде Ехобаның өз халқына: “Мен сендерге жар боламын. . . Еш қорықпаңдар”,— деген сөзін ұмытпайық (Хаг. 2:4, 5). Ехобаның еркін орындау үшін барымызды сала берсек, ол бізге де міндетті түрде жар болады. Хагей мен Зәкәрия айтқан пайғамбарлықтан білгенімізді және Езрадан үйренгенімізді қолдансақ, алда не күн тумасын, Ехобаға сенімділігімізді жоғалтпаймыз.
122-ӘН Берік те мығым бол!
a Бұл мақала бізге экономикалық қиындықтарға тап болғанда, елдегі саяси жағдай тыныш болмағанда немесе қызметімізде қарсылықтарға кезіккенде Ехобаға көбірек сенім артуға көмектеседі.
b “Әскербасы Ехоба” деген тіркес Хагей кітабында 14 рет кездеседі. Бұл Ехобаның құдіреті шексіз екенін және ол рухани жаратылыстардан тұратын сансыз көп әскердің Басшысы екенін яһудилердің есіне салып тұрған. Біз де осы шындықты есте ұстаймыз (Зәб. 103:20, 21).
c Кейбір есімдер өзгертілген.
d Езра Құдай Заңының шебер көшірмешісі болғандықтан, Иерусалимге аттанбас бұрын Ехобаның пайғамбарлығына берік сенім артты (Шеж. 2-ж. 36:22, 23; Езра 7:6, 9, 10; Ерм. 29:14).
e СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Ер бауырлас бастығынан конгреске баруға сұранып еді, ол жібермей қойды. Бауырлас Ехобадан көмек пен ақыл сұрап, бастығына қайта жолықты. Оған конгреске шақыру қағазын көрсетіп, Киелі кітаптан білім алудың маңыздылығын түсіндірді. Бастығы бұған таңғалып, шешімін өзгертті.