46-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
Ехобаның өз уәдесіне берген кепілдігі
“Жер бетінде ант берген әркім шынайы Құдайдың атымен ант беретін болады” (ИШАЯ 65:16).
3-ӘН Сен бізге күш бердің, үміт бердің
АҢДАТПА a
1. Ишая исраилдіктерге не айтпақ болған?
ИШАЯ ПАЙҒАМБАР Ехобаны “шынайы Құдай” деп атаған. “Шынайы” деп аударылған сөз тікелей мағынада “аумин” дегенді білдіреді (Ишая 65:16). Ал “аумин” сөзінің мағынасы — “солай болсын”, “рас”. Киелі кітапта “аумин” сөзі Ехоба мен Исаға қатысты қолданылса, бұл олардың айтқан сөздері міндетті түрде орындалатынына кепілдік болып табылады. Демек, Ишаяның исраилдіктерге айтпақ болғаны — Ехоба не айтса да, оған толық сенуге болады. Бұны Ехоба дәлелдеп те қойған еді, өйткені берген уәдесінің бәрі жүзеге асқан.
2. Ехобаның болашаққа қатысты уәделеріне неге сенуге болады және бұл мақалада қандай сұрақтарды қарастырамыз?
2 Біз де Ехобаның болашағымызға қатысты уәделеріне толық сене аламыз ба? Ишаяның заманынан шамамен 800 жылдан кейін, елші Пауыл Ехобаның сөзіне әрқашан да сене алатынымызға негіз келтірді. Ол: “Құдайдың өтірік айтуы мүмкін емес”,— деген (Евр. 6:18). Бір бұлақтан тұщы да, ащы да су шықпайтынындай, шындықтың қайнар көзі Ехоба да өтірік айта алмайды. Сондықтан Ехобаның әрбір сөзіне, болашаққа қатысты әрбір уәдесіне толықтай сенсек болады. Осы мақалада біз мына екі сұрақты қарастырамыз: Ехоба болашағымызға қатысты қандай уәде беріп отыр? Оның уәдесінің орындалатынына қандай кепілдік бар?
ЕХОБАНЫҢ УӘДЕСІ
3. а) Дүниежүзіндегі бауырластардың сүйікті уәдесі қандай? (Аян 21: 3, 4) ә) Осы уәдені естігенде кейбіреулер не дейді?
3 Қазір біз дүниежүзіндегі бауырластардың сүйікті тармақтарын қарастырамыз (Аян 21:3, 4 оқыңыз). Ехоба бізге: “Енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды”,— деп уәде берген. Жиі біз адамдарға жұмақтың қандай керемет болатынын айтқанда осы тармақты оқып береміз. Бірақ кейбіреулер бұл сөздерді қалай қабылдайды? Олар: “Осылай болса керемет қой, бірақ мүмкін емес сияқты”,— деп жатады.
4. а) Ехоба нені алдын ала білді? ә) Ехоба уәде беріп қана қоймай, тағы не істеді?
4 Ехоба осы уәдені сонау елші Жоханның кезінде жаздырып жатқанда, біздің осы үміт жайлы өзгелерге уағыздайтынымызды білген. Сондай-ақ Ехоба осы уәдедегі “жаңа жайттарға” көп адамның оңайлықпен сенбейтінін де білді (Ишая 42:9; 60:2; Қор. 2-х. 4:3, 4). Сондықтан уәде берумен қатар, оның міндетті түрде орындалатынына бұлтартпас дәлелдер де келтірді. Сол дәлелдерді қарастырсақ, Аян 21:3, 4-тегі уәденің орындалатынына өзіміздің де көзімізді жеткізіп, өзгелерге де көмектесе аламыз. Қазір соларды қарастырайық.
УӘДЕСІНЕ БЕРГЕН КЕПІЛДІГІ
5. Құдайдың жұмақ жайлы уәдесіне сенуге қандай себептер бар және олар қайда жазылған?
5 Ехобаның жұмақ туралы уәдесіне сенудің себептері 5, 6-тармақтарда жазылған. Онда былай делінген: “Тақта отырған: “Міне, бәрін де жаңадан жаратып жатырмын”,— деді. Артынан: “Жазып қой, өйткені бұл сөздер сенуге тұрарлық әрі шынайы”,— деп қосты. Сосын маған былай деді: “Бұлар орындалды! Мен Альфа және Омегамын, басы және аяғы менмін” (Аян 21:5, 6а).
6. Аян 21: 5, 6-дағы сөздер неге Құдайдың уәдесіне деген сенімімізді күшейтеді?
6 Неге бұл сөздер Ехоба уәдесін орындайтынына деген сенімімізді нығайтады? Осы 5, 6-тармақтарға қатысты “Аян. Оның салтанатты шарықтау шегі жақын!” (ор.) кітабында мынадай ой бар: “Осылай Ехоба болашаққа қатысты уәдесін орындайтынына кепілдік беретін құжатқа қол қойғандай болған” b. Яғни Аян 21:3, 4 — Құдайдың уәдесі, ал 5, 6-тармақтар оның уәдесінде тұратынына кепілдік беретін қолы деуге болады. Ендеше осы сөздерді тереңірек қарастырайық.
7. 5-тармақ кімнің сөздерімен басталады және неліктен бұл көңіл бұратын жайт?
7 5-тармақтың басында бұның бәрі “Тақта отырғанның” сөздері екені айтылады (Аян 21:5а). Ал Ехобаның тікелей өзі сөйлегені Аян кітабында бар-жоғы үш-ақ рет кездеседі. Ойлап көріңізші, бұл кепілдікті құдіретті періште емес, қайта тірілген Иса да емес, Ехобаның өзі айтқан! Бұл оның айтқалы жатқан 5, 6-тармақтағы сөздерінің растығына салмақ қоса түседі. Өйткені Ехоба — “өтірік айта алмайтын Құдай” (Тит. 1:2). Сондықтан біз оның сөздеріне кәміл сенімдіміз.
“МІНЕ, БӘРІН ДЕ ЖАҢАДАН ЖАРАТЫП ЖАТЫРМЫН”
8. Ехоба өз уәдесін орындайтынына қалай екпін түсірген? (Ишая 46:10)
8 Енді Ехобаның “міне” деген сөзін қарастырайық (Аян 21:5). “Міне” деп аударылған грек сөзі Аян кітабында жиі кездеседі. Бір еңбекке сай, “бұл — айтқалы жатқан сөзге адамның назарын аудару үшін қолданылған қаратпа сөз”. Ехоба не нәрсеге назарымызды бұрғысы келеді? Ол: “Бәрін де жаңадан жаратып жатырмын”,— дейді. Ехоба болашақта істейтін жайттарды айтып тұрса да, ол оны осы шақта айтқан. Өйткені оны істейтініне толықтай сенімді (Ишая 46:10 оқыңыз).
9. а) “Бәрін де жаңадан жаратып жатырмын” деген сөз қандай екі әрекетті білдіреді? ә) Қазіргі “аспан” мен “жермен” не болады?
9 Ехобаның “бәрін де жаңадан жаратып жатырмын” деген келесі сөздерін алайық (Аян 21:5). 21-тараудан көрінетіндей, бұл сөздер Ехобаның екі әрекетін — бір нәрсені ауыстыратынын, ал басқасын қалпына келтіретінін — білдіреді. Ехоба нені ауыстырады? Аян 21:1-де: “Бұрынғы аспан мен бұрынғы жер құрып кетті”,— делінген. “Бұрынғы аспан” Шайтан мен жын-перілердің ықпалындағы үкіметтерді білдіреді (Мат. 4:8, 9; Жох. 1-х. 5:19). Ал “жер” сөзі кейде жер бетіндегі адамдарға нұсқайды (Мұс. 1-ж. 11:1; Зәб. 96:1). Демек, “бұрынғы жер” дегеніміз — қазіргі зұлым адамзат қоғамы. Ехоба қазіргі “аспан” мен “жерді” түзетіп, жақсартып жатпайды, оны толығымен басқасына ауыстырады. Олардың орнына “жаңа аспан мен жаңа жер”, яғни жаңа үкімет пен жаңа қоғам орнатады.
10. Ехоба нені жаңартады?
10 Ехоба тағы қалай бәрін жаңадан жаратады? Ол жер мен адамзатты қалпына келтіріп, кемелді күйге жеткізеді. Бүкіл жер бетін Едем бағындай етіп көркейтеді. Сондай-ақ ол әрқайсысымызды жаңартып, толықтай сауықтырады. Ақсақ, зағип, саңыраудың бәрі айығады, тіпті өлгендер өмірге қайта оралады (Ишая 25:8; 35:1—7).
“БҰЛ СӨЗДЕР СЕНУГЕ ТҰРАРЛЫҚ ӘРІ ШЫНАЙЫ. . . БҰЛАР ОРЫНДАЛДЫ!”
11. Ехоба Жоханға қандай бұйрық берді және қандай себеп келтірді?
11 Ехоба кепілдік ретінде тағы не айтты? Ол Жоханға: “Жазып қой, өйткені бұл сөздер сенуге тұрарлық әрі шынайы”,— деген (Аян 21:5). Құдай жазып қоюды жай бұйыра салған жоқ, оның себебін де келтіріп: “Өйткені бұл сөздер сенуге тұрарлық әрі шынайы”,— деді. Жоханның осы бұйрыққа құлақ асып, “жазып қойғаны” қандай жақсы болған! Осының арасында біз Ехоба уәде еткен алдағы жұмақ жайлы, ондағы баталар жайлы оқып, ой жүгірте аламыз.
12. Ехоба неге “бұлар орындалды!” деп сеніммен айта алады?
12 Әрі қарай Құдай: “Бұлар орындалды!”— деген (Аян 21:6). Неге Ехоба жұмақ жайлы уәдесі орындалып қойғандай өткен шақта айтқан? Осы ниетін орындауға оған ештеңе кедергі бола алмайтындықтан, ол осылай сеніммен айта алады. Сосын Ехоба уәдесіне кепіл болатын тағы бір күшті дәлел келтірді. Ол не деп айтты?
“МЕН АЛЬФА ЖӘНЕ ОМЕГАМЫН”
13. Ехоба неге өзін “Альфа және Омегамын” деген?
13 Жоғарыда айтқанымыздай, Жохан көрген аяндарда Ехоба үш рет өзі сөйлеген (Аян 1:8; 21:5, 6; 22:13). Сол үш жағдайда да “мен Альфа және Омегамын” деген. Альфа — грек әліпбиінің алғашқы әрпі, ал омега — соңғысы. Демек, Ехоба бір істі бастаса, оны міндетті түрде соңына жеткізетінін айтқысы келген.
14. а) Ехоба қашан “Альфа” дегендей болды және қашан “Омега” деп айтады? ә) Мұсаның 1-жазбасы 2:1—3 тармақтарда қандай кепілдік жазылған?
14 Ехоба Адам мен Хауаны жаратқаннан кейін адамзат пен жерге қатысты ниетін айтқан. “Құдай оларға батасын беріп былай деді: “Өсіп-өніп көбейіңдер, ұрпақтарың жайылып, жер бетін толтырыңдар, әрі оны өңдеңдер” (Мұс. 1-ж. 1:28). Осы ниетін айтқан кезде Ехоба “Альфа” дегендей болды. Ал болашақта Адам мен Хауаның мойынсұнғыш кемелді ұрпақтары жер бетін толтырып, жұмаққа айналдырған кезде Ехобаның ниеті толықтай орындалып, ол “Омега” дегендей болады. “Аспан мен жер және ондағының бәрін жаратқан” соң, Ехоба ниетінің сөзсіз жүзеге асатынына кепілдік берген. Мұсаның 1-жазбасы 2:1—3 тармақтарда (оқыңыз) айтылғандай, ол жетінші күнді қасиетті деп жариялады. Бұл нені білдіреді? Ехоба сол күнді адамзат пен жерге қатысты ниеті толықтай орындалып бітетін күн деп белгілеп қойған. Бұл жетінші күннің соңында Ехобаның ниеті міндетті түрде жүзеге асады деген сөз.
15. Неге Шайтан Ехоба ниетін орындай алмайды деп ойлаған болуы мүмкін?
15 Адам мен Хауа бүлік шығарып, күнә жасаған соң, күнә мен өлім ұрпақтарына да өтті (Рим. 5:12). Сонда Құдайдың жер бетін кемелді мойынсұнғыш адамдармен толтырамын деген ниеті енді орындалмастай көрінген шығар. Шайтан сонда Ехобаға тосқауыл болып, “Омега” дей алмайтындай етті ме? Ол Ехобаның амалы қалмады деп ойлаған шығар. Егер Құдай Адам мен Хауаны жойып, басқа бір кемелді жұп арқылы ниетімді орындаймын десе, Ібіліс Ехобаны өтірікші деп айыптар еді. Өйткені Мұсаның 1-жазбасы 1:28-ге сай, Ехоба жер бетін Адам мен Хауаның ұрпақтары толтыратынын айтқан еді.
16. Неге Шайтан Ехобаны айыптай аламын деп ойлаған болуы мүмкін?
16 Шайтан былай деп те ойлаған шығар: “ал егер Ехоба Адам мен Хауадан ұрпақ таралуына жол берсе, олар ешқашан кемелділікке жете алмайды” (Уағ. 7:20; Рим. 3:23). Онда Шайтан Ехобаның қолынан түк шықпағанын айтып, кінәлар еді. Өйткені жағдай бұлай өрбігенде, Құдайдың ниеті аяқсыз қалып, жер беті ешқашан кемелді адамдарға толмас еді.
17. Ехоба Едем бағындағы туындаған түйткілді қалай шешті және бұның нәтижесі қандай болмақ? (Суретті де қараңыз.)
17 Шайтан мен алғашқы жұп бүлік шығарғанда, Ехоба бұл мәселенің керемет шешімін тауып, Шайтанды аң-таң қалдырды (Зәб. 92:5). Ол Адам мен Хауаның балалы болуына жол беріп, сөзінде тұрды. Ал ниетімен не болды? Ол Адам мен Хауадан тараған мойынсұнғыш адамдарды құтқаратын “ұрпақтың” келуін қамдады. Бұл “ұрпақ” адамзат үшін жанын төлем ретінде бермек еді (Мұс. 1-ж. 3:15; 22:18). Жағдайдың бұлай шешілгеніне Шайтан таңғалып, біраз есеңгіреп қалса керек! Неге? Өйткені төлемге негіз болған — риясыз сүйіспеншілік (Мат. 20:28; Жох. 3:16). Ал өзін ғана ойлайтын Шайтанға бұл жат қасиет. Осы төлемнің арқасында Мәсіхтің мыңжылдық билігінің соңында Адам мен Хауаның кемелді, тілалғыш ұрпағы жер бетін толтырып, жұмаққа айналдырады. Осылайша Ехобаның о бастағы ниеті орындалып, Ехоба “Омега” дейтін болады.
ЕХОБАНЫҢ ЖҰМАҚ ЖАЙЛЫ УӘДЕСІНЕ ДЕГЕН СЕНІМІҢІЗДІ ҚАТАЙТА БЕРІҢІЗ
18. Ехоба уәдесін орындайтынына қандай үш себеп келтірді? (“ Ехобаның уәдесіне сенудің үш себебі” деген қоршауды да қараңыз.)
18 Бұл мақалада жер бетінде жұмақ орнайтынының келелі себептерін көрдік. Осыған басқалардың көзін жеткізу үшін не айтсақ болады? Біріншіден, бұл уәдені Ехобаның өзі берген. Аян кітабында айтылғандай, Тақта отырған: “Міне, бәрін де жаңадан жаратып жатырмын”,— деген. Ехобаның өз уәдесін орындауға даналығы да, күші де жетеді, ықыласы да бар. Екіншіден, Ехоба бұл уәденің орындалатынына сенімді болғаны сонша — оны орындалып қойғандай айтқан. Сондықтан да: “Бұл сөздер сенуге тұрарлық әрі шынайы. . . Бұлар орындалды!”— деген. Үшіншіден, Ехоба бір нәрсені бастаса, оны соңына дейін жеткізбей қоймайды. Өйткені: “Мен Альфа және Омегамын”,— деген. Ехоба ниетін толық іске асырады да, өтірікші әрі қолынан түк келмейтін Шайтанның өзі екенін дәлелдейді.
19. Адамдар жұмақтың болатынына күмәнданып жатса, не істесек болады?
19 Қызметте адамдарға Ехобаның кепілдік беретін сөздерін айтқанда, өзіңіздің де сеніміңіз қайралады. Келесіде біреуге Аян 21:4-тегі жұмақ жайлы әсем сөздерді оқығанда, ол сізге “бұл мүмкін емес сияқты” десе, не деуге болады? Сол тараудың 5, 6-тармақтарын оқып, Ехоба осы уәдесіне “қол қойып”, қалай кепілдік бергенін көрсетіңіз (Ишая 65:16).
145-ӘН Құдай уәде еткен жұмақ
a Осы мақалада жұмақ туралы уәдесі орындалатынына Ехоба қандай кепілдік бергенін білеміз. Сол кепілдік жайлы басқаларға айтқан сайын, Ехобаның уәдесі орындалатынына көзіміз жете түседі.