Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

28-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

123-ӘН Құдай орнатқан тәртіпке бағынайық

Шындықты анықтай аласыз ба?

Шындықты анықтай аласыз ба?

“Ендеше нық тұрып, белдеріңе шындықты белдік етіп тағыңдар” (ЕФЕС. 6:14).

НЕГІЗГІ ОЙ

Ехобадан келген шындық пен Шайтаннан және қарсыластарымыздан келген өтіріктің аражігін ажыратуды үйренеміз.

1. Біз шындыққа қалай қараймыз?

 ЕХОБАНЫҢ халқы Құдай Сөзіндегі шындықты жақсы көреді. Біздің сеніміміз сол шындыққа негізделген (Рим. 10:17). Ехоба мәсіхшілердің қауымын “шындықтың тірегі әрі қорғанышы” еткеніне біздің көзіміз жеткен (Тім. 1-х. 3:15). Сондай-ақ біз арамыздағы “басшылықты қолға алғандарға” қуана мойынсұнамыз. Өйткені олар Киелі кітаптағы шындықты бізге түсіндіріп береді және Құдай еркіне сай нұсқаулар береді (Евр. 13:17).

2. Жақып 5:19-ға сай, шындықты білгеннен кейін де қандай қауіп бар?

2 Алайда шындықты қабылдағаннан кейін де және Құдай ұйымының бізге сенімді басшылықтар беретініне көз жеткізген соң да шындық жолынан адасып кетуіміз мүмкін (Жақып 5:19 оқыңыз). Шайтанның да бар көксегені — біздің Киелі кітапқа деген және Құдай ұйымынан келіп жатқан басшылықтарға деген сенімділігімізді шайқалту (Ефес. 4:14).

3. Неліктен шындықты берік ұстануымыз қажет? (Ефестіктерге 6:13, 14)

3 Ефестіктерге 6:13, 14 оқыңыз. Жуырда Ібіліс жер бетіндегі халықтардың бәрін адастырып, Ехобаға қарсы қою үшін өтірік тарататын болады (Аян 16:13, 14). Сондай-ақ біз оның Ехобаның халқын адастыру үшін барынша күш сала беретінін де білеміз (Аян 12:9). Сондықтан біздің шындық пен өтіріктің аражігін ажыратып, шындыққа мойынсұнуды үйренгеніміз аса маңызды (Рим. 6:17; Пет. 1-х. 1:22). Өйткені зор алапаттан аман өтуіміз осыған байланысты.

4. Бұл мақалада не талқылаймыз?

4 Бұл мақалада біз Киелі кітапқа негізделген шындықты анықтауға және Құдай ұйымынан келген басшылықтарды қабылдауға көмектесетін екі қасиетті қарастырамыз. Кейін шындықты берік ұстануға көмек болар үш кеңесті талқылаймыз.

ШЫНДЫҚТЫ АНЫҚТАУҒА КӨМЕКТЕСЕТІН ҚАСИЕТТЕР

5. Ехобаға деген қорқыныш шындықты анықтауға қалай көмектеседі?

5 Ехобадан қорқу. Бойымызда Ехобаға деген дұрыс қорқыныш жетілдіретін болсақ, Ехобаны қатты жақсы көргендіктен, оған ұнамайтын ештеңе істемейміз. Ехобаның ықыласына ие болу үшін дұрыс пен бұрыстың, шындық пен өтіріктің аражігін ажыратуға барынша күш саламыз (Нақ. с. 2:3—6; Евр. 5:14). Адам алдындағы қорқыныштың Ехобаға деген сүйіспеншілігімізден үстем болып кетуіне ешқашан жол бермейік, әйтпесе адамға ұнаймыз деп Ехобаны ренжітіп алуымыз мүмкін.

6. Қалайша рубасылары адамнан қорыққандықтан шындықты бұрмалап жіберді?

6 Егер біз Құдайдан емес, адамнан қорқатын болсақ, шындықтан оп-оңай кетіп қалуымыз мүмкін. Қазір Ехоба исраилдіктерге уәде еткен жерді барлап келуге барған 12 рубасымен болған оқиғаны қарастырып көрейік. 10 барлаушының Ехобаға деген сүйіспеншіліктеріне қарағанда, қанахандықтардың алдындағы қорқынышы басым болып кетті. Олар исраилдіктерге: “Біз ондағы халыққа қарсы шыға алмаймыз, олар бізден әлдеқайда күшті!”— деді (Мұс. 4-ж. 13:27—31). Иә, адам көзімен қарағанда, қанахандықтар расымен де исраилдіктерден күштірек болатын. Бірақ жауларымызды жеңе алмаймыз деп ойлаған исраилдіктер Ехобаны ұмыт қалдырды. 10 барлаушы Ехобаның исраилдіктерге қатысты ниетін есте ұстаулары керек еді. Осының алдында ғана Ехобаның олар үшін не істегені жайлы ой жүгіртулері керек еді. Сонда олар Ехобаның құдіретті күшінің алдында қанахандықтардың күші салыстыруға да келмейтінін түсінер еді. Бірақ 12 барлаушының бәрі сенімнен жұрдай болмады. Олардың арасындағы Ешуа мен Халеп Ехобаның ықыласына ие болғысы келді. Олар екеуі халыққа: “Ехобаның көңілінен шықсақ, ол бізді... сол жерге міндетті түрде апарып, оны иелігімізге береді”,— деді (Мұс. 4-ж. 14:6—9).

7. Ехобаға деген қорқынышымызды жетілдіру үшін не істесек болады? (Суретті де қараңыз.)

7 Бойымызда Ехобаға деген орынды қорқынышты жетілдіру үшін, шешім қабылдаған сайын Ехобаға не ұнайды деп ойлануымыз керек (Зәб. 16:8). Киелі кітаптағы оқиғаларды оқыған кезде “мен сол жағдайда болғанда, не істер едім” деп ойланыңыз. Мысалы, елестетіп көріңіз, сіз 10 исраилдік рубасын тыңдап тұрған халықтың арасындасыз. Олар қара аспанды төндіріп, қанахандықтар жайлы небір нәрселерді айтып жатыр. Олардың сөздеріне сеніп, қорқынышқа бой алдырасыз ба? Әлде Ехобаға деген сүйіспеншілігіңіз бен оған ұнамды болам деген шешіміңіз басым түсе ме? Өкінішке қарай, күллі халық Ешуа мен Халеп айтқан шындыққа сенбей қойды. Нәтижесінде, Уәде етілген жерден құралақан қалды (Мұс. 4-ж. 14:10, 22, 23).

Сіз кімге сенесіз? (7-абзацты қараңыз)


8. Бойымызда қандай қасиетті жетілдіру үшін күш салуымыз қажет және неге?

8 Кішіпейілділік. Ехоба тек кішіпейіл адамдарға ғана шындықты ашады (Мат. 11:25). Кезінде біз шындықты білу үшін кішіпейілділікпен өзгелердің көмегін қабылдадық (Ел. іс. 8:30, 31). Десе де көкірек болып кетуден сақ болуымыз керек. Егер көкірек болып кетсек, өзіміздің ойымызды Киелі кітап принциптерімен және Ехобаның ұйымынан келген басшылықтармен тең көре бастауымыз мүмкін.

9. Кішіпейіл болып қалу үшін не істеуіміз қажет?

9 Кішіпейіл болып қалу үшін ұлы Жаратушымыз Ехобаның алдында өзіміздің қаншалықты төмен екенімізді есте ұстауымыз қажет (Зәб. 8:3, 4). Сондай-ақ “үйренуге дайын, кішіпейіл болайыншы” деп дұға етсек болады. Сонда Ехобаның көмегімен оның Сөзі және ұйымы арқылы беріп жатқан ойларын өз ойларымыздан жоғары санауды үйренеміз. Киелі кітапты оқығанда Ехобаның кішіпейілділікті жақсы көріп, өркөкіректікті, тәкаппарлық пен өзімшілдікті қаншалықты жек көретініне назар аударыңыз. Қандай да бір көзге түсетін қызметке тағайындалып жатсаңыз, кішіпейіл болып қалуға екі есе күш салғаныңыз жөн.

ҚАЛАЙ ШЫНДЫҚТЫ БЕРІК ҰСТАНА АЛАМЫЗ?

10. Ехоба өз халқына нұсқауларды кімдер арқылы беріп келеді?

10 Ехобаның ұйымынан келіп жатқан нұсқауларға сенім артыңыз. Ежелгі Исраилде Ехоба Мұса арқылы, кейінірек Ешуа арқылы өз халқына нұсқаулар беріп отырған (Ешуа 1:16, 17). Исраилдіктер бұл кісілерге Ехобаның өкілдері деп қарағанда, батаға кенелген. Ғасырлар өте мәсіхшілердің қауымы құрылған кезде Ехоба өз халқына басшылықты 12 елші арқылы беріп отырды (Ел. іс. 8:14, 15). Кейінірек олардың қатарына Иерусалимдегі өзге ақсақалдар да қосылды. Осы адал кісілердің жетекшілігіне мойынсұнғанның арқасында “қауымдағылардың сенімі нығайып, күннен-күнге саны арта берді” (Ел. іс. 16:4, 5). Бүгінде біз де Ехобаның ұйымынан келіп жатқан басшылықтарға мойынсұнатын болсақ, батаға кенелеміз. Ал егер Ехоба тағайындаған жетекшілерден бас тартсақ, Ехоба не сезінеді? Бұл сұрақтың жауабын білу үшін Уәде етілген жерге бара жатқан исраилдіктермен не болғанын қарастырайық.

11. Ежелгі Исраилде Ехоба тағайындаған жетекшіні мойындамағандармен не болды? (Суретті де қараңыз.)

11 Уәде етілген жерге бара жатқан жолда беделді ер кісілер Мұсаға қарсы шығып, оны Ехобаның өзі тағайындағанына күмән келтіре бастады. Олар: “[Мұса ғана емес], қауымдағылардың бәрі де киелі, Ехоба солардың арасында”,— деді (Мұс. 4-ж. 16:1—3). Расымен де, Құдайдың көз алдында қауымдағылардың бәрі киелі еді. Бірақ Ехоба өз халқына басшы етіп Мұсаны таңдаған болатын (Мұс. 4-ж. 16:28). Сондықтан бүлікшілер Мұсаны айыптауымен, шын мәнінде, Ехобаның өзін айыптап жатқан еді. Түптеп келгенде, олар Ехобаны емес, өз қалауларын ғана ойлады. Олардың бар көксегені көбірек билік пен беделге ие болу еді. Сондықтан Құдай осы бүлікші жетекшілерді және оларға қосылған мыңдаған адамды жойып жіберді (Мұс. 4-ж. 16:30—35, 41, 49). Бүгінде де Ехоба өз ұйымы арқылы беріп жатқан басшылықтарды құрметтемейтіндерді жаратпайды.

Сіз кімді қолдайсыз? (11-абзацты қараңыз)


12. Неге Ехобаның ұйымына толықтай сенім арта аламыз?

12 Біз Ехобаның ұйымына толықтай сенім артсақ болады. Ұйымда жетекшілікті қолға алған бауырластар Киелі кітап шындықтарына қатысты түсініктеріміз айқындала түскенде немесе Патшалық ісін ұйымдастыруға қатысты кейбір нәрселерді басқаша атқару керектігін түсінгенде, өзгерістер жасауға қорықпайды (Нақ. с. 4:18). Өйткені олар бірінші кезекте Ехобаға ұнамды болғылары келеді. Сондай-ақ олар шешімдерін Құдай Сөзіне негіздейді. Ал Құдай Сөзі Ехобаның барлық халқы ұстануы керек дұрыс ілімнің үлгісі болып табылады.

13. “Дұрыс ілімнің үлгісі” деген не және біз не істеуіміз керек?

13 “Дұрыс ілімнің үлгісін бұдан былай да берік ұстаныңыз” (Тім. 2-х. 1:13). “Дұрыс ілімнің үлгісіне” Киелі кітаптағы мәсіхшілердің ілімдері жатады (Жох. 17:17). Біздің барлық наным-сенімдеріміз осы ілімдерге негізделген. Ехобаның ұйымы бізді осы ілімдерді берік ұстануға үйретіп келеді. Осылай етер болсақ, біз Ехобаның батасына кенеліп, рухани қауіпсіздікте боламыз.

14. Не себепті І ғасырдағы кейбір мәсіхшілер “дұрыс ілімнің үлгісін” берік ұстана алмай қалды?

14 Егер біз “дұрыс ілімнің үлгісінен” ауытқып кетсек, не болуы мүмкін? Бір оқиғаны қарастырайық. І ғасырда кейбір мәсіхшілердің арасында “Ехобаның күні келіп қалды” деген қауесет тараған көрінеді. Бұндай ойлардың таралуына Пауылдан келгендей көрінген бір хат себеп болған болуы мүмкін. Салоникадағы кейбір мәсіхшілер бұл мәліметті еш тексермей, оған сеніп қалады, тіпті әрі қарай тарата бастайды. Егер олар Пауылдың өздерімен бірге болғанда үйреткендерін есте ұстағанда, бұл өтірікке иланып қалмас еді (Сал. 2-х. 2:1—5). Пауыл бауырластарына естігендерінің бәріне сене бермеуге кеңес берді. Алдағы уақытты да ескеріп, Пауыл Салоникалықтарға арналған екінші хатын мынадай сөздермен аяқтады: “Мен, Пауыл, бұл сәлемімді өз қолыммен жазып отырмын, міне, менің қолтаңбам осындай. Барлық хаттарымды осыдан танисыңдар” (Сал. 2-х. 3:17).

15. Шынайы болып көрінген өтірікке алданып қалмас үшін не істесек болады? Мысал келтіріңіз. (Суретті де қараңыз.)

15 Пауылдың салоникалықтарға айтқандарынан не үйренсек болады? Егер біз Киелі кітаптан білгендерімізге сай келмейтін бір ой естісек немесе ерекше таңғалдыратын бір хабар естісек, ақыл-парасатымызды қосуымыз қажет. Кеңес Одағы кезінде жауларымыз бауырластарға дүниежүзілік бас басқармадан келгендей көрінетін бір хат жіберген. Хатта бауырластарды бір-бірінен бөлініп, тәуелсіз ұйым болуға шақырған. Бір қарағанда, бұл хат шынымен де бас басқармадан келгендей көрінетін. Бірақ адал бауырластар бұған алданып қалмады. Бауырластар бұл хаттағы сөздердің осыған дейін алған білімдеріне қайшы екенін түсінді. Бүгінде де шындықтың жаулары интернет пен әлеуметтік желіні пайдаланып, бізді жаңылыстырып, жікке бөлгісі келеді. Сондай кездері “бірден ақыл-парасатымыздан айырылмай”, оқыған не естігендеріміз осыған дейін білген шындықтарға сай келе ме, жоқ па — соны тексеруіміз керек (Сал. 2-х. 2:2; Жох. 1-х. 4:1).

Шынайы болып көрінген өтірікке алданып қалмаңыз (15-абзацты қараңыз) a


16. Римдіктерге 16:17, 18-ге сай, егер біреу шындықты бұрмаласа, не істеуіміз керек?

16 Ехобаға адал жандармен бірлікте болыңыз. Ехоба өз қызметшілерінің оған бірлікте қызмет еткендерін қалайды. Шындыққа тас кенедей жабысып, берік ұстансақ қана біз өзара бірлікте қала аламыз. Ал шындықты бұрмалайтын адам қауымда алауыздық тудырады. Сондықтан Құдай бізді “олардан аулақ жүріңдер” деп ескертеді. Әйтпесе өзіміз де шындықтан ауытқып кетуіміз мүмкін (Римдіктерге 16:17, 18 оқыңыз).

17. Шындықты анықтап, оны берік ұстанатын болсақ, қандай игілігін көреміз?

17 Егер шындықты анықтап, оны берік ұстансақ, рухани аман-сау жүреміз (Ефес. 4:15, 16). Сондай-ақ Шайтанның өтіріктері мен үгіт-насихатына алданбаймыз. Ал зор алапат кезінде Ехобаның қорғанышында боламыз. Ендеше, әрі қарай да шындықты берік ұстана берейік, “сонда тыныштықтың Құдайы бізге жар болады!” (Філіп. 4:8, 9).

122-ӘН Берік те мығым бол!

a СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Кеңес Одағы кезінде бауырластарымыз бас басқармадан келгендей көрінетін бір хат алады. Бірақ шын мәнінде бұл хат жауларымыздан еді. Бүгінде де жауларымыз интернет арқылы Ехобаның ұйымы жайлы жалған ақпарат таратады.