Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

30-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

36-ӘН Жүрегімізді сақтайық

Исраил патшаларынан алар сабағымыз

Исраил патшаларынан алар сабағымыз

“Сол кезде әділ мен зұлымның, Құдайға қызмет ететін мен қызмет етпейтіннің арасындағы айырмашылықты тағы да көресіңдер” (МАЛХ. 3:18).

НЕГІЗГІ ОЙ

Исраилде қандай патшалар Ехобаға ұнамды болғанын қарастырамыз және соған қарап Ехоба бүгінде өз қызметшілерінен не күтетінін білеміз.

1, 2. Киелі кітапта Исраилдің кейбір патшалары жайлы не айтылған?

 КИЕЛІ КІТАПТА 40-тан астам Исраил патшаларының есімдері жазылған a. Олардың кейбір істері жайлы бүкпесіз ашық баяндалады. Мысалы, кейбір жақсы патшалардың жаман іспен айналысқаны айтылады. Дәуіт патшаны алсақ, ол тұрмыстағы әйелмен азғындық жасап, күйеуін соғыста әдейі өлтірткен (Сам. 2-ж. 11:4, 14, 15). Бірақ Ехоба ол жайлы: “Қызметшім Дәуіт... бар жүрегімен маған ұнайтынды ғана істеп жүрді”,— деген (Пат. 1-ж. 14:8).

2 Сондай-ақ Киелі кітапта жаман патшалардың жақсы істер істегені жайлы да айтылады. Мысалы, Робоғамды алсақ, ол Құдайдың айтқанына мойынсұнып, он руды өз патшалығына қайтару үшін соғысқан жоқ. Сондай-ақ ол халқының қамы үшін бекіністі қалалар салып, оларды күшейткен (Пат. 1-ж. 12:21—24; Шеж. 2-ж. 11:5—12). Бірақ Киелі кітапта оның Ехобаның көз алдында “жаман істер жасағаны” айтылады (Шеж. 2-ж. 12:14).

3. Қандай маңызды сұрақ туындайды және біз бұл мақалада не қарастырамыз?

3 Осы орайда маңызды бір сұрақ туындайды: Исраил патшалары жақсылық та, жамандық та жасаған болса, Ехоба не нәрсеге қарап оларды жақсы не жаман патша деп тапқан? Бұл сұрақтың жауабын білсек, Ехобаға ұнамды болу үшін біз не істеуіміз керектігін түсінеміз. Ехоба Исраилдің патшаларына баға беріп, жақсы не жаман деп шешкенде, үш жайтты ескерген: Ехоба олардың жүрек күйлеріне, өкінген-өкінбегеніне және таза ғибадатты қаншалықты ұстанғандарына қараған.

ОЛАР ЕХОБАҒА ТҰТАС ЖҮРЕКПЕН ҚЫЗМЕТ ЕТТІ

4. Жаман патшалар мен жақсы патшалардың бір айырмашылығы қандай?

4 Ехобаға ұнамды болған патшалар оған тұтас жүрекпен ғибадат еткен b. Мысалы, жақсы патша болған Жосафат “Ехобаны бар жүрегімен іздеген” (Шеж. 2-ж. 22:9). Ал Жосия жайлы Жазбаларда: “[Ол] іспетті... бар жүрегімен Ехобаға бет бұрған патша болмағаны” айтылған (Пат. 2-ж. 23:25). Уақыт өте жаман патша болып кеткен Сүлеймен жайлы не деуге болады? Ол “Құдайы Ехобаға бар жүрегімен берілмеген” (Пат. 1-ж. 11:4). Жаман патша Әбиям да Ехоба Құдайына “бар жүрегімен қызмет етпеген” (Пат. 1-ж. 15:3).

5. Ехобаға тұтас жүрекпен қызмет ету деген нені білдіреді? Түсіндіріңіз.

5 Ехобаға тұтас жүрекпен қызмет ету деген нені білдіреді? Ехобаға бар жүрегімен қызмет ететін адам оған өзін міндет сезінгендіктен ғана ғибадат етпейді. Ол Ехобаны жақсы көріп, шын беріліп ғибадат етеді. Сондай-ақ Ехобаға деген сүйіспеншілігі мен құрметін өмірінің соңына дейін жоғалтпайды.

6. Жүрегімізді біртұтас етіп сақтау үшін не істеуіміз керек? (Нақыл сөздер 4:23; Матай 5:29, 30)

6 Ехобаға тұтас жүрекпен ғибадат еткен жақсы патшаларға қалай еліктей аламыз? Бұл үшін осы дүниенің жаман ықпалынан сақ болуымыз керек. Мысалы, зиянды көңіл көтеру түрлері, жаман орта, байлықты бәрінен де маңызды санау жүрегімізді екіге бөліп, тұтастығынан айырады. Егер қандай да бір нәрсенің Ехобаға деген сүйіспеншілігімізді әлсіретіп жатқанын байқасақ, одан арылу үшін бірден әрекет етейік (Нақыл сөздер 4:23; Матай 5:29, 30 оқыңыз).

7. Неге осы дүниенің жаман ықпалынан барынша сақ болуымыз керек?

7 Біз жүрегіміздің бөлініп кетуіне еш жол бермеуіміз керек. Егер сақ болмасақ, “рухани істермен айналысып жүрмін ғой, мен жаман ықпалға берілмеймін” деп өзімізді алдауымыз мүмкін. Мынадай мысалды қарастырайық: сіз қақаған аязда жылыну үшін үйге кіріп, от жақтыңыз. Бірақ есікті ашық қалдырсаңыз, от жаққаныңыздан пайда бар ма? Әрине жоқ, өйткені есіктен кірген суық ауа тез-ақ үйді мұздатып тастайды. Тура солай Ехобамен қарым-қатынасымызды жылытып отыру, яғни рухани ас-су қабылдау жеткіліксіз. Осы дүниенің зиянды ықпалына есігімізді жауып қоюымыз керек. Сонда осы дүниенің суық “ауасы”, яғни көзқарасы жүрегімізге кіріп, оны бөле алмайды (Ефес. 2:2).

ОЛАР КҮНӘЛАРЫНА ӨКІНДІ

8, 9. Дәуіт патша мен Езекия патша Ехобаның түзетуін қалай қабылдады? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)

8 Жоғарыда айтқанымыздай, Дәуіт патша ауыр күнәлар жасаған. Бірақ Натан пайғамбар келіп күнәсін әшкерелегенде, Дәуіт кішіпейілділікпен өкінген (Сам. 2-ж. 12:13). Ол Натанды алдау үшін не жазадан қашу үшін өкінгендей сыңай танытпаған. Зәбүрдің 51-жырында айтқан сөздерінен көрінетіндей Дәуіт шын жүректен өкінген (Зәб. 51:3, 4, 17, кіріспе).

9 Езекия патша да Ехобаға қарсы күнә жасаған. Киелі кітапта оның “тәкаппарланып кетіп, өзін де, Яһуда елі мен Иерусалимді де Құдайдың қаһарына ұшыратқаны” айтылған (Шеж. 2-ж. 32:25). Езекия не себепті тәкаппарланып кеткен болуы мүмкін? Бәлкім, оның мол дәулеті, ассириялықтарды жеңгені, ауруынан керемет түрде сауыққаны өзін басқалардан ерекше санап кетуіне әсер еткен шығар. Оның бабылдықтарға бар қазынасын көрсетіп мақтанғаны сол тәкаппарлығынан болса керек. Кейін Ишая пайғамбар оны сол үшін сөгіп, айыптады (Пат. 2-ж. 20:12—18). Сол кезде Езекия да Дәуіт сияқты кішіпейілділікпен өкінді (Шеж. 2-ж. 32:26). Ақырында Ехоба оны “ұнамды істер істеп жүрген” патша деп тапты (Пат. 2-ж. 18:3).

Күнәлары әшкереленгенде, Дәуіт патша мен Езекия патша кішіпейілділікпен өкінген (8, 9-абзацтарды қараңыз)


10. Ехоба Амазиях патшаны түзеткенде, ол не істеді?

10 Ал Амазиях патша болса “Ехобаға ұнамды істер істеді, бірақ онысын бар жүрегімен істеген жоқ” (Шеж. 2-ж. 25:2). Сонда ол нені дұрыс істемеді? Амазиях едомдықтарды Ехобаның арқасында жеңсе де, ол солардың құдайларына табынып кетті c. Сол үшін Ехобаның пайғамбары келіп түзеткенде, патша қасарысып, тіпті тыңдаған да жоқ (Шеж. 2-ж. 25:14—16).

11. Қорынттықтарға 2-хат 7:9, 11-ге сай, Ехоба бізді кешіру үшін не істеуіміз керек? (Суретті де қараңыз.)

11 Осы патшалардың оқиғаларынан не түйеміз? Біз күнәларымызға өкініп, оларды қайталамау үшін барымызды салуымыз керек. Егер қауым ақсақалдарынан қандай да бір кеңес естісек, тіпті ол кеңес бізге болмашы нәрсе үшін берілгендей көрінсе, не істеуіміз керек? Ондай кезде Ехоба мені жақсы көрмейді немесе ақсақалдар мені жақтырмайды деп ойламауымыз керек. Ұмытпайық, тіпті Исраилдің жақсы патшаларына да кеңестер берілген (Евр. 12:6). Біз де кеңес естіп, жөнге салынып жатсақ, 1) кішіпейілділікпен қабылдайық, 2) қажетті өзгерістер жасайық және 3) Ехобаға ары қарай да бар жүрегімізбен қызмет ете берейік. Өйткені біз күнәмізға өкінсек, Ехоба бізді кешіреді (Қорынттықтарға 2-хат 7:9, 11 оқыңыз).

Кеңес естіп, жөнге салынып жатсақ, 1) кішіпейілділікпен қабылдайық, 2) қажетті өзгерістер жасайық және 3) Ехобаға ары қарай да бар жүрегімізбен қызмет ете берейік (11-абзацты қараңыз) f


ОЛАР ТАЗА ҒИБАДАТТЫ БЕРІК ҰСТАНДЫ

12. Жақсы патшаларды тағы не ерекшелендіреді?

12 Ехобаға ұнамды болған патшалар таза ғибадатты берік ұстанған. Олар бүкіл халықты да соған шақырған. Әрине, жоғарыда қарастырғанымыздай, олардың да қателескен кездері болған. Бірақ олар Ехобаға қалтқысыз берілген, сондай-ақ елді пұттардан тазарту үшін ынты-шынтысымен күрескен d.

13. Неге Ехоба Ахабты жаман патша деп тапты?

13 Ехоба неге кейбір патшаларды жаман деп тапқан? Негізі олардың барлық іс-әрекеті жаман болмаған. Мысалы, зұлым патша Ахабтың өзі Набутайдың өліміне себепші болғаны үшін қандай да бір шамада кішіпейілділік танытып, өкініш білдірген (Пат. 1-ж. 21:27—29). Сондай-ақ ол қалалар соққан әрі Исраилді жеңістерге жеткізген (Пат. 1-ж. 20:21, 29; 22:39). Бірақ ол әйеліне еріп, жалған ғибадатты шарықтату үшін алдына жан салмаған. Осы ісі үшін Ахаб ешқашан өкінген емес (Пат. 1-ж. 21:25, 26).

14. а) Неге Ехоба Робоғамды жаман патша деп тапты? ә) Жаман патшалардың басым бөлігі бір-біріне қай жағынан ұқсайды?

14 Жаман патшалардың тағы бірі — Робоғам. Басында айтып кеткеніміздей, билік еткен кезінде Робоғам біраз жақсылықтар жасаған. Бірақ ол патшалық билігі орнығып, күшейіп алған соң, Ехобаның заңдарын орындауды қойып, жалған ғибадатқа бет бұрып кетті (Шеж. 2-ж. 12:1). Содан бастап ол біресе Ехобаға, біресе жалған құдайларға ғибадат етіп жүрді (Пат. 1-ж. 14:21—24). Таза ғибадаттан бас тартқан патшалар Робоғам мен Ахаб қана емес. Негізі, жаман патшалардың басым бөлігі жалған ғибадатты қандай да бір шамада қолдағандары үшін айыпты болған. Осыдан көретініміздей, Ехоба патшаларды жақсы не жаман деп, бірінші кезекте, таза ғибадатты қаншалықты ұстанғандарына қарап шешкен.

15. Неге таза ғибадатты берік ұстану Ехоба үшін өте маңызды?

15 Неге патшалардың ғибадаты Ехоба үшін соншалықты маңызды болған? Оның бір себебі Құдай халқын таза ғибадатқа бастап жүру сол патшалардың міндеті еді. Оның үстіне, жалған ғибадат бар жерде міндетті түрде ауыр күнәлар мен әділетсіздіктер болатын (Ошия 4:1, 2). Бұған қоса, Исраил патшалары да, халық та Ехобаға бағышталған адамдар болатын. Сол себепті де Киелі кітап олардың жалған құдайларға табынып кеткенін азғындыққа, опасыздыққа теңеген (Ерм. 3:8, 9). Егер адам өзінің жан жарының көзіне шөп салып, опасыздық жасаса, бірінші кезекте адал болуы тиіс адамына сатқындық жасап, жүрегін оңдырмай жаралайды. Сол сияқты Ехобаға бағышталған адам жалған ғибадатпен байланысса, тікелей Ехобаға қарсы күнә жасайды және жүрегін қатты ауыртады e (Мұс. 5-ж. 4:23, 24).

16. Ехоба не нәрсеге қарап адамды әділ не зұлым деп табады?

16 Бұдан нақты түйетініміз, біз жалған ғибадаттан аулақ жүруге бел бууымыз керек. Бірақ бұл ғана емес, біз таза ғибадатты берік ұстанып, рухани істерде белсенді болуымыз да керек. Малахи пайғамбар Ехоба кімді жақсы, кімді жаман адам деп санайтынын анық айтқан. Ол былай деген: “Сол кезде әділ мен зұлымның, Құдайға қызмет ететін мен қызмет етпейтіннің арасындағы айырмашылықты тағы да көресіңдер” (Малх. 3:18). Сондықтан Ехобаға ғибадат етуді доғаруға ешқандай нәрсенің, тіпті өзіміздің кемелсіздігіміз бен қателіктеріміздің де, себеп болуына жол бермеуіміз керек. Ехобаға қызмет етуді доғарудың өзі ауыр күнәға жатады.

17. Өмірлік жарымыз ретінде кімді таңдайтынымыз Ехобамен қарым-қатынасымызға қалай әсер етеді?

17 Егер сіз салтбасты болсаңыз және неке құруды ойлап жүрсеңіз, Малахидің сөздеріне ден қойғаныңыз жарды дұрыс таңдауға көмектеседі. Адамның жақсы қасиеттері көп шығар, бірақ ол тірі Құдай Ехобаға ғибадат етпесе, Ехоба оны әділ адам деп санай ма? (Қор. 2-х. 6:14). Неке құрғаннан кейін, ол сіздің Ехобамен қарым-қатынасыңызға жақсы ықпал ете ме? Сүлеймен патшаның да бөтен құдайларға табынатын әйелдерінің жақсы қасиеттері болған шығар. Бірақ олар Ехобаға ғибадат етпегендіктен, бірте-бірте Сүлейменнің жүрегін жалған ғибадатқа бұрып әкетті (Пат. 1-ж. 11:1, 4).

18. Ата-аналар балаларына нені үйретуі керек?

18 Ата-аналар, Киелі кітаптағы патшалардың оқиғаларын қолданып, балаларыңыздың жүрегіне Ехобаға құлшына ғибадат етуге деген қалау ұялатыңыздар. Ехоба патшаларды таза ғибадатты қаншалықты ұстанғандарына қарап жақсы не жаман деп тапқан. Осыны балаларыңызға түсіндіріңіз. Сондай-ақ балаларыңыз сіздің Киелі кітапты оқу, қауым кездесулеріне бару, уағызға шығу сияқты рухани істерді барлық істерден жоғары қоятыныңызды сөзіңізден де, ісіңізден де байқасын (Мат. 6:33). Әйтпесе балаларыңыз “ата-анам Ехоба куәгері, сондықтан мен де Ехоба куәгерімін” деп жүре беруі мүмкін. Олай ойлайтын бала таза ғибадатты басты орынға қоймай, оны шетке ысырып тастауы, тіпті шындықтан кетіп қалуы мүмкін.

19. Ехобаға қызмет етпей қойғандар үшін қандай үміт бар? (“ Сіз Ехобаға орала аласыз!” деген қоршауды да қараңыз.)

19 Ехобаға қызмет етуді доғарғандар үшін үміт бар ма? Әрине бар. Олар өкініп, Ехобаға қайтадан қызмет ете алады. Бұл үшін олар кішіпейілділік танытып, ақсақалдардың көмегін қабылдаулары керек (Жақ. 5:14). Ехобаның ықыласына қайтадан ие болу үшін не істесек те, қанша күш салсақ та, бұл соған тұрады!

20. Жақсы патшаларға еліктесек, Ехобаның алдында қандай адам боламыз?

20 Сонымен, Исраил патшаларынан не үйрендік? Біз де жақсы патшалар сияқты Ехобаға шын беріліп, оған тұтас жүрекпен қызмет ете берейік. Қателіктерімізден сабақ алып, өкініп, қажетті өзгерістер жасайық. Сондай-ақ жалғыз шынайы Құдайға ғибадат ету қаншалықты маңызды екенін ұмытпайық. Ехобадан ажырамай, оған адал болып қалсаңыз, ол сізді әділ адам деп табады.

45-ӘН Жүрек толғанысы

a Бұл мақаладағы “Исраил патшалары” деген тіркес Ехобаның халқына билік еткен барлық патшаларға нұсқайды. Оның ішіне екі рулы Яһуда патшалығына, он рулы Исраил патшалығына билік еткен патшалар және он екі рудың бәріне бірдей билік еткен патшалар кіреді.

b СӨЗ МӘНІ: Киелі кітаптағы “жүрек” деген сөз жиі адамның ішкі дүниесін сипаттау үшін қолданылады. Бұған адамның болмысы, ойы, қалауы, ниеті, көзқарасы мен мақсаттары жатады.

c Сол заманда жалған құдайларға табынатын патшалар қандай да бір халықты басып алғаннан кейін солардың құдайларына табынған көрінеді.

d Аса патша ауыр қателіктер жасаған (Шеж. 2-ж. 16:7, 10). Бірақ Киелі кітапта оның жақсы адам болғаны айтылады. Ол басында түзетуден бас тартқанмен, кейін өкінген көрінеді. Жалпы алғанда оның қателіктерінен гөрі жақсы қасиеттері басымырақ болған. Айта кететін бір жайт, Аса тек Ехобаға ғана ғибадат еткен және патшалығын пұттардан тазартуға көп күш салған (Пат. 1-ж. 15:11—13; Шеж. 2-ж. 14:2—5).

e Ескеретін жайт, Мұса Заңының алғашқы екі заңында Ехобадан басқа біреуге не басқа нәрсеге ғибадат етуге тыйым салынған (Мұс. 2-ж. 20:1—6).

f СУРЕТ: Жас ақсақал ер бауырластың ішімдік ішуіне қатысты уайымын айтып жатыр. Ер бауырлас кеңесті кішіпейілділікпен қабылдап, қажетті өзгерістер жасап, Ехобаға ары қарай да қызмет етуде.