Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

17-ЗЕРТТЕУМАҚАЛАСЫ

99-ӘН Сансыз көп бауырластар

Ехоба сізді ешқашан жалғыз тастап кетпейді

Ехоба сізді ешқашан жалғыз тастап кетпейді

“Мен саған көмектесемін” (ИШАЯ 41:10).

НЕГІЗГІ ОЙ

Ехоба бізге төрт түрлі жолмен көмектесіп жүр.

1, 2. а) Қиын шақта жалғыз қалып кетпейтінімізге неге сенімді бола аламыз? ә) Бұл мақалада не қарастырамыз?

 БАСЫҢЫЗҒА қиындық түскен көздері жападан жалғыз қалып кеткендей сезімде болғансыз ба? Бұл сезім сізге таныс болса, мынаны ұмытпаңыз: Ехоба өз қызметшілерін ешқашан жалғыз тастап кетпейді. Көктен бәрін көріп тұрған Әкеміз міндетті түрде көмекке келеді. Киелі кітапта ол қызметшілеріне: “Мен... саған көмектесемін”,— деп берік уәде еткен (Ишая 41:10).

2 Бұл мақалада Ехоба бізге қандай төрт түрлі жолмен көмектесіп жүргенін қарастырамыз. Ол бізді 1) тура жолмен жетелейді, 2) қажетімізді қамдайды, 3) қауіп-қатерден қорғайды және 4) қиын шақта жұбатады. Көмекке келуге дайын осындай Құдайымыз барда біз ешқашан жападан жалғыз қалып кетпейміз.

ЕХОБА БІЗДІ ТУРА ЖОЛМЕН ЖЕТЕЛЕЙДІ

3, 4. Бүгінде Ехоба бізді қалай жетелеп жүр? (Зәбүр 48:14)

3 Зәбүр 48:14 оқыңыз. Ехоба біздің өз қадамымызға бағыт бере алмайтынымызды жақсы біледі, сондықтан да бізді өзі жетелеп жүр. Бүгінде Ехоба қызметшілеріне өзінің Сөзі Киелі кітап арқылы бағыт-бағдар береді (Зәб. 119:105). Мысалы, Киелі кітапта Ехоба бізге ашуланбауды, кешірімді болуды, барлық жағдайда адал жүріп-тұруды және бір-бірімізді барынша жақсы көруді үйретеді (Зәб. 37:8; Евр. 13:18; Пет. 1-х. 1:22). Соның арқасында біз жақсы ата-ана, жақсы жар, жақсы дос бола аламыз. Сондай-ақ Ехоба Киелі кітап арқылы бізге өмірде дұрыс шешімдер қабылдауға көмектеседі a. Ехобаның ақыл-кеңестеріне ден қояр болсақ, қазірдің өзінде бақытты өмір кешеміз, ал болашақта мәңгілік өмірге жетеміз.

4 Сондай-ақ Ехоба Киелі кітапқа біздікіндей сезімі бар, біздікіндей қиындықтарға кезіккен адамдардың оқиғаларын жаздырған (Қор. 1-х. 10:13; Жақ. 5:17). Өмірде болған сол оқиғаларды оқып-зерттесек, бұның кем дегенде екі пайдасын көреміз. Біріншіден, қиындыққа кезігіп жүрген біз ғана емес екеніне көзіміз жетеді (Пет. 1-х. 5:9). Екіншіден, Киелі кітаптағы сол адамдардан үлгі алып, қиындықтарды еңсеруді үйренеміз (Рим. 15:4).

5. Ехоба бізге кімдер арқылы бағыт-бағдар береді?

5 Ехоба бізге бір сенімдегі бауырластар арқылы да бағыт-бағдар береді b. Мысалы, аудандық бақылаушылар жүйелі түрде қауымдарға келіп бауырластарды жігерлендіреді. Олардың баяндамалары қауымдағылардың сенімін нығайып, ынтымақ-бірлігін берік етеді (Ел. іс. 15:40—16:5). Қауымдағы ақсақалдар да әрбір бауырластың рухани күйі үшін қам жейді (Пет. 1-х. 5:2, 3). Ата-аналар болса балаларына Ехобаны жақсы көруді, өмірде дұрыс шешімдер қабылдауды және жақсы әдеттер қалыптастыруды үйретеді (Нақ. с. 22:6). Ал толысқан әйел бауырластар өздерінен кіші қыз бауырластарға үлгі көрсетіп, ақылдарын айтып, жігер беріп отырады (Тит. 2:3—5).

6. Ехобаның ақыл-кеңестерінің пайдасын көру үшін өз тарапымыздан не істеуіміз керек?

6 Бізді тура жолмен жетелеу үшін Ехоба ақыл-кеңестерін молынан беріп жатыр. Бірақ оның пайдасын көру үшін біз де өз тарапымыздан әрекет етуіміз керек. Нақыл сөздер 3:5, 6-да: “Ехобаға бар жүрегіңмен сенім арт, Өз ақылыңа сүйеніп жүрме”,— делінген. Егер біз Ехобаға толық сенім артсақ, “ол жолымызды тегістейді”. Соның арқасында біз өмір жолында аяқтан шалатын көптеген проблемаларға сүрінбей, аман-сау жүреміз. Ехоба бізді бақытты өмірге жетелеп, әрқайсысымызға “жүруіміз керек жолды көрсетіп” жатқаны үшін оған дән ризамыз, солай емес пе?! (Зәб. 32:8).

ЕХОБА ҚАЖЕТІМІЗДІ ҚАМДАЙДЫ

7. Ехоба бізді немен қамтамасыз етіп жатыр? (Філіпіліктерге 4:19)

7 Філіпіліктерге 4:19 оқыңыз. Ехоба бізді бар қажетімізбен қамтамасыз етеді. Ол еңбегімізді жарылқап отырғандықтан, ішетін тамағымыз, киетін киіміміз, басымызда баспанамыз бар (Мат. 6:33; Сал. 2-х. 3:12). Адам болған соң не ішемін, не киемін деп уайымдап жатамыз. Бірақ Ехоба біздің бұл нәрселерді тым қатты уайымдағанымызды қаламайды (Мат. 6:25). Ол адал қызметшілерін мұқтаж шағында ешқашан тастап кетпейді (Мат. 6:8; Евр. 13:5). Қамқор Әкеміз қамдарыңды жасаймын деп уәде етіп отырғандықтан, бізде уайымдауға еш негіз жоқ.

8. Ехоба Дәуітті қалай қамқорлап жүрді?

8 Дәуіттің өз адамдарымен Саул патшадан қашып жүрген кезін еске алайықшы. Ехоба қамын жасап жүргеннің арқасында Дәуіт аман қалды. Ехоба ешқашан тастамағанын еске алып, ол былай деп жазған: “Кезінде мен жас болдым, енді қартайдым, Бірақ Құдайдың әділді тастап кеткенін не оның балаларының нан сұрап жүргенін еш көрмедім” (Зәб. 37:25). Ехоба өзінің адал қызметшілерін қиын шақта тастамайтынына сіздің де көзіңіз жетіп жүрген шығар.

9. Бүгінде Ехоба апаттан зардап шеккен қызметшілерін қалай қамқорлап жүр? (Суреттерді де қараңыз.)

9 Ехоба басына күн туған қызметшілерін ешқашан көмексіз қалдырмайды. Мысалы, бірінші ғасырда жержүзін қатты аштық жайлағанда, мәсіхшілер мұқтаждық көріп жүрген бауырластарына жан-жақтан көмек жіберген (Ел. іс. 11:27—30; Рим. 15:25, 26). Бүгінде де Ехоба қызметшілерінің жүрегіне қозғау салып, қиын шақта бір-біріне көмекке келуге талпындырады. Бауырластарымыз апаттан зардап шегіп жатса, біз оларға бірден азық-түлік, ішетін су, киім-кешек пен дәрі-дәрмек жеткіземіз. Ал бауырластардың үйлеріне не Патшалық сарайларымызға зақым келген жағдайда оларды да қалпына келтіріп, қажет болса қайта соғамыз. Бәрінен де маңыздысы, жақындарынан айырылған бауырластардың қасынан табылып, оларға эмоциялық және рухани қолдау көрсетеміз c.

Апаттан зардап шегіп жатсақ, Ехоба бізді қалай жұбатады? (9-абзацты қараңыз) e


10, 11. Борис деген кісінің оқиғасынан не түйдіңіз?

10 Жомарт Құдайымыз Ехоба бізге ғана емес, өзіне ғибадат етпейтін адамдарға да қамқорлық көрсетеді. Оған еліктеп, біз де Куәгер емес адамдарға жақсылық жасауымыз керек (Ғал. 6:10). Сонда олар да Ехоба жайлы көбірек білуге талпынуы мүмкін. Мысалы, Украинада тұратын Борис деген кісімен солай болған. Мектепте директор болып жұмыс істеп жүргенде, ол Куәгер оқушылардың нанымдарын құрметтеп, оларға жақсы қарайтын. Ол соғыстың кесірінен елдің қауіпсіздеу аймағына көшуді шешкенде, бауырластар оған қолғабыс еткен. Бауырластардың жақсылығына риза болған Борис Еске алу кешіне барды. Сол кез жайлы ол былай дейді: “Куәгерлер менің қамымды ойлап, көп көмек көрсетті. Мен оларға шын жүректен ризамын”.

11 Көктегі мейірімді Әкеміз сияқты біз де, Куәгер болсын-болмасын, мұқтаждық көрген адамдардың бәріне жақсылық жасай берейік (Лұқа 6:31, 36). Кім біледі, адамдарды сүйетінімізді байқап, олар да шындыққа келіп қалар (Пет. 1-х. 2:12). Олай болмаған күнде де, жасаған жақсылығымыз бізге қуаныш сыйлайды, өйткені Киелі кітапта: “Алғаннан гөрі берген бақытты”,— делінген (Ел. іс. 20:35).

ЕХОБА БІЗДІ ҚАУІП-ҚАТЕРДЕН ҚОРҒАЙДЫ

12. Ехоба өз халқын қай жағынан қорғайды? (Зәбүр 91:1, 2, 14)

12 Зәбүр 91:1, 2, 14 оқыңыз. Ехоба өз халқын рухани жағынан қорғауды уәде еткен. Шайтан біздің таза ғибадат етуімізге тосқауыл бола алмайды, өйткені Ехоба бұған ешқашан жол бермейді (Жох. 17:15). Сенімді болайық, “зор алапат” басталған кезде де Ехоба уәдесінде тұрып, өз халқын рухани жағынан ғана емес, тура мағынада да қорғап қалады (Аян 7:9, 14).

13. Ехоба қызметшілерін жеке-жеке қалай қорғайды?

13 Ал Ехоба қызметшілерін жеке-жеке қалай қорғайды? Ол бізге Киелі кітап арқылы ақыл-кеңестерін беріп, дұрыс пен бұрысты ажыратуды үйретеді (Евр. 5:14). Сол ақыл-кеңестерге сай өмір сүрсек, өзімізді рухани жағынан қорғаймыз, тура мағынада да басымызды қауіптен сақтап, аман-сау жүреміз (Зәб. 91:4). Ехоба бізді қауым арқылы да қорғайды (Ишая 32:1, 2). Ехобаны сүйіп, оған мойынсұнатын адамдардың арасында жүргеніміз бізді осы дүниенің зиянды ықпалынан қалқалайды. Бауырластардың қолдауы мен жігері бізге азғыруларға қарсы тұруға күш береді (Нақ. с. 13:20).

14. а) Неге Ехоба қызметшілерін барлық қауіп-қатерден қорғап отырмайды? ә) Зәбүр 9:10-ға сай, біз не нәрсеге сенімді болсақ болады?

14 Ежелде Ехоба кейбір қызметшілерінің өмірін тура мағынада сақтап қалған. Бірақ Ехоба оларды әрбір қауіп-қатерден қорғап отырмаған. Неге? Кейде адамдар “қолайсыз уақыт пен кездейсоқ жағдайларға тап болып жатады” (Уағ. 9:11). Ал кейде Ехоба Шайтанның өтірікші екенін дәлелдеу үшін қызметшілерінің қудалануына, тіпті өлім құшуына жол береді (Әйүп 2:4—6; Мат. 23:34). Бірақ Ехобаның қиындықтарға жол бергені ол бізді тастап кетті дегенді білдірмейді. Ол әрдайым қызметшілерінің қасынан табылып, оларды қолдап-демейді d (Зәб. 9:10).

ЕХОБА БІЗДІ ҚИЫН ШАҚТА ЖҰБАТАДЫ

15. Ехоба бізді дұға, Киелі кітап және бауырластар арқылы қалай жұбатады? (Қорынттықтарға 2-хат 1:3, 4)

15 Қорынттықтарға 2-хат 1:3, 4 оқыңыз. Уайымдау, мұңаю, қайғыру бәрімізге де таныс сезімдер. Қазір жаныңыз қиналып жүрсе, бұл күйіңізді ешкім түсінбейтіндей көріне ме? Сіздің күйіңізді Ехоба өте жақсы түсінетінін ұмытпаңыз. Ол сізді “қиындық көрген кезіңіздің бәрінде жұбатуға” дайын. Ехоба өз қызметшілерін қалай жұбататынын білесіз бе? Ең алдымен дұға арқылы. Жүрегіңізді ақтарып дұға етсеңіз, ол сізге “адам ақылынан асқан тыныштық” сыйлайды (Філіп. 4:6, 7). Ехоба бізді Киелі кітап арқылы да жұбатады. Оны оқығанда Ехоба жанымызды жайландырып, рухымызды көтереді. Өйткені өз Сөзінде ол бізді қаншалықты жақсы көретінін айтады, даналыққа үйретеді, сондай-ақ болашаққа үміт сыйлайды. Қауым кездесулері де жұбаныш көзі болып табылады. Ол жерде біз Киелі кітаптан білім алып сергиміз, аяулы бауырластарымызбен араласып жігерленеміз.

16. Нэйтан мен Прискиланың оқиғасынан не түйдіңіз?

16 Ехоба өз қызметшілерін Киелі кітап арқылы қалай жұбататынын түсіну үшін, бір ерлі-зайыптымен болған жағдайды көрейік. Нэйтан мен Прискила Құрама Штаттарда тұрады. Бірнеше жыл бұрын екеуі қызмет аясын кеңейтіп, жариялаушылар аз жерге көшіп барды. “Ехоба бұл шешімімізге батасын беретініне сенімді едік”,— дейді Нэйтан. Бірақ жаңа жерге көшіп барған соң, екеуінің де денсаулығы сыр беріп, ақшадан тарығып, жағдайлары қиындай бастады. Ақыры олар Құрама Штаттарға қайтуға мәжбүр болды. Бірақ қайтып келгеннен кейін де қаржылай жағдайлары оңала қоймады. “Неге Ехоба бізге батасын бермеді, әлде бір нәрсені дұрыс істемей, оны ренжітіп алдық па деген ой маза бермеді”,— дейді Нэйтан. Бірақ уақыт өте Нэйтан мен Прискила Ехоба оларды бір сәтке де тастамағанына көздері жетті. Бұған қатысты Нэйтан былай деп түйінін айтты: “Сол бір қиын шақта Киелі кітап қасымызда отырып ақыл-кеңесін айтатын, жігер беретін досымыздай болды. Біз қиындықтың өзіне емес, сол қиындыққа төзуге Ехоба қалай көмектесіп жатқанына көбірек назар аударуды үйрендік. Соның арқасында алдағы уақытта да кез келген қиындықты Ехобаның көмегімен жеңе алатынымызды түсіндік”.

17. Хельга бауырлас жұбанышты қайдан тапты? (Суретті де қараңыз.)

17 Біз қауымдағы бауырластардан да жұбаныш таба аламыз. Венгрияда тұратын Хельга деген бауырластың оқиғасын алайық. Ол қаншама жыл бойы қиындықтан көз ашпай келген. Оның тіпті бәрінен күдер үзіп, түңіліп кеткен кездері болған. Бірақ Ехоба оған қауым арқылы жұбаныш берді. Хельга былай дейді: “Сол кездері жұмысқа әрең барып-келетінмін, ауру балама қарау да көп күш алатын. Бірақ күшім енді таусыла бергенде, Ехоба бірден көмекке келетін. Осы 30 жылда ол мені жұбатпаған бір де бір күн болған жоқ. Ехоба көңіліме медет болсын деп жиі маған жанашыр бауырластарды жіберетін. Олар мені жігерлендіру үшін мақтап, жылы-жылы сөздер айтып жүретін. Тура мұқтаж болып тұрған шағымда әйтеуір бір бауырлас ашықхат не хабарлама жазып жіберетін”.

Өзгелерді жұбатуға Ехоба сізді қалай талпындыруы мүмкін? (17-абзацты қараңыз)


18. Өзгелерді қалай жұбатсақ болады?

18 Ехоба сияқты өзгелер үшін жұбаныш болудың жолдары көп. Адамды мұқият тыңдау, еңсесін көтеретін сөздер айту, іс жүзінде көмек көрсету — бұның бәрі жұбатуға жатады (Нақ. с. 3:27). Біз қиналып жүрген кез келген адамды, бауырлас болсын-болмасын, жұбатуға асық болуымыз керек. Өзгелердің мұңайып, қайғырып, ауырып жүргенін байқасақ, хабар алып, жағдайын сұрайық, мұңын шақса, тыңдайық, Киелі кітаптан жігер беретін бір-екі тармақ көрсетейік. “Жұбаныш атаулының қайнар көзі” Ехобаға еліктесек, бір сенімдегі бауырластарымыздың қиындығын көтерісеміз, ал сенуші емес адамдардың жүрегін жібітіп, оларға шындыққа келуге көмектесеміз (Мат. 5:16).

ЕХОБА ӘРДАЙЫМ ҚАСЫМЫЗДАН ТАБЫЛАДЫ

19. Ехоба бізді қалай қамқорлап жүр және біз оған қалай еліктесек болады?

19 Адал қызметшілерінің жағдайы Ехобаға бәрібір емес. Бастарына қиындық түскенде оларды ешқашан жалғыз тастап кетпейді. Ата-ана өз баласын қалай қамқорласа, Ехоба өз қызметшілерін тура солай қамқорлайды. Ол бізді тура жолмен жетелейді, қажетімізді қамдайды, қауіп-қатерден қорғайды, қиын шақта жұбатады. Біз де қамқор Әкемізге еліктеп, бастарына күн туғанда бауырластарды қолдап, көңілдеріне медет болайық. Өмір болған соң қиындыққа да ұшыраймыз, көңілімізге де қаяу түседі. Бірақ сондай сәттерде Ехоба қасымыздан табылатынын естен шығармайық. Өйткені ол: “Еш қорықпа, мен саған жар боламын”,— деп уәде еткен (Ишая 41:10). Сондықтан сенімді болайық, қиын шақта Ехоба бізді ешқашан жалғыз тастап кетпейді!

100-ӘН Қонақжай болыңдар

aҚабылдаған шешімдерің Құдайға мадақ әкелсін” деген мақаланы қараңыз (“Күзет мұнарасы”, 2011 жыл, 15 сәуір).

bЕхобаның жетелеуімен жүре берейік” деген мақаланы қараңыз (“Күзет мұнарасы”, 2024 жыл, ақпан, 11—14 абз.).

c Жақында болған оқиғаларды білу үшін, jw.org сайтындағы іздеу жолағына “апат кезінде көрсетілген көмек” деп теріңіз.

dОқырман сауалдарын” қараңыз (“Күзет мұнарасы”, 2017 жыл, ақпан).

e СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Малавидегі табиғи апаттан зардап шеккен бауырластарға гуманитарлық және рухани көмек көрсетіліп жатыр.