Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

16-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Ехобаға ең жақсысын беруден қуаныш табыңыз

Ехобаға ең жақсысын беруден қуаныш табыңыз

“Әркім өз іс-әрекетін тексерсін” (ҒАЛ. 6:4).

37-ӘН Ехобаға жан-тәніммен қызмет етемін

АҢДАТПА a

1. Біз неден ерекше қуаныш сезінеміз?

 ЕХОБА біздің қуанышты да бақытты болғанымызды қалайды. Киелі рухтың жемісінен қуаныш қасиетінің де орын алғаны осыған бірден-бір дәлел (Ғал. 5:22). “Алғаннан гөрі берген бақытты” дегендей, біз мәсіхшілік қызметімізді барымызды салып атқарғанда және бауырластарымызға түрлі көмек көрсетіп, қол ұшын созғанда, ерекше қуанышқа кенелеміз (Ел. іс. 20:35).

2, 3. а) Ғалаттықтарға 6:4-те айтылғандай, қуаныш сақтап қызмет етуге қандай екі жайт көмектеседі? ә) Бұл мақалада не жайлы қарастырамыз?

2 Ғалаттықтарға 6:4-те (оқыңыз) елші Пауыл қуанышымызды сақтап қалуға себепкер болатын екі жайтты атап өтті. Біріншіден, біз Ехобаға өзіміздегі ең жақсысын беруіміз керек және солай етіп жүргенімізге қуануымыз керек (Мат. 22:36—38). Екіншіден, өзімізді басқалармен салыстырмау қажет. Біз барлығын да Ехоба Әкемізден алдық. Сондықтан бізде бар денсаулықтың, білімнің я қабілет-дарынның арқасында қандай істер атқарып жүрмейік, бұл үшін Ехобаға рақмет айтуымыз керек. Ал егер басқа бауырлас қандай да бір қызметті бізден де жақсырақ атқарып жатса, қуана білуіміз керек. Өйткені ол өзінің қабілеттерін жұрттың көзіне түсу үшін я пайда көру үшін емес, Ехобаны мадақтау үшін қолданып жүр. Сондықтан онымен жарыспай, қайта бір нәрсеге үйреніп алайық.

3 Бұл мақалада біз өзіміз қалағандай көп қызмет ете алмай жатсақ, еңсемізді түсірмеуге не көмектесетінін, қабілет-дарынымызды барынша қолдану үшін не істей алатынымызды және өзгелерді қалай үлгі ете алатынымызды қарастырамыз.

МҮМКІНДІГІМІЗ ШЕКТЕУЛІ БОЛҒАНДА

Өміріміздің әр кезеңінде Ехобаға ең жақсысын берсек, ол қатты қуанады (4—6 абзацтарды қараңыз) b

4. Біздің не себепті еңсеміз түсуі мүмкін? Мысал келтіріңіз.

4 Кейбір бауырластарға қартайып жатқандықтан я денсаулығы сыр бергендіктен, мүмкіндіктері шектеліп қалғанына көну қиын болып жатады. Кэрол есімді әйел бауырласымыз осындай күй кешкен. Бұрын қажеттілік бар жерде қызмет етіп жүрген кезінде оның 35 зерттеу сабағы болған. Ол солардың бірнешеуіне Ехобаға бағышталып, шомылдыру рәсімінен өтуге көмектескен. Сол кездері оның қызметі өте жемісті еді. Бірақ ол кейін науқастанып, үйінен шыға алмай қалады. Кэрол былай дейді: “Әрине, мен денсаулығыма байланысты басқалар сияқты қызмет ете алмайтынымды түсінемін. Сонда да мен өзімді олар сияқты жақсы мәсіхшімін деп есептемеймін. Қалауым қанша күшті болып тұрса да, жағдайым еш тура келмейді. Соған қатты қынжыламын”. Кэрол бауырлас Ехобаға барын беріп қызмет еткісі келеді, оның бұл ниеті мақтауға тұрарлық. Біздің жанашыр Құдайымыз оның барынша тырысып жатқанына, әрине, өте риза!

5. а) Мүмкіндігіміз шектеліп қалғанына өзімізді жаман сезініп жүрсек, нені ұмытпауымыз керек? ә) Суреттегі ер бауырластың әрқашан да Ехобаға бар жақсысын бергені неден көрінеді?

5 Мынадай бір жағдайды елестетейік: сексен жасқа келген әйел бауырлас өзінің қырық жасындағыдай көп қызмет ете алмайтынына еңсесі түсіп, жаман болып отыр. Ол барын салып қызмет етіп жүрсе де, бұған Ехобаның көңілі толмайды деп ойлайды. Бірақ, расында да, бұл солай ма? Ойлап қарасақ, бұл бауырлас қырық жасында Ехобаға қалай барын салып қызмет етсе, сексен жасында да тура солай Ехобаға ең жақсысын беріп жүр. Егер сіздің де мүмкіндігіңіз шектеулі болғандықтан, көп қызмет ете алмайтыныңызға көңіліңіз түсіп жүрсе: “Ал Ехоба менен не талап етеді?”— деп ойланып көріңіз. Ехоба сіздің қазіргі жағдайыңызда қолыңыздан не келсе — соны бар ынтаңызбен істегеніңізді қалайды. Ендеше, “қызметіме Ехобаның көңілі толмайды” деген сияқты ойлар келе бастаса, мынаны бірден еске түсіріңіз: Ехобаға ненің ұнайтынын шешетін — біз емес, оның өзі. Ал біз шамамыз келгенше ең жақсымызды берсек, ол бізді: “Жарайсың!”— деп мақтайды (Матай 25:20—23 салыстырыңыз).

6. Мария бауырластан не үйрене аламыз?

6 Біз қолымыздан келмейтінді емес, қолымыздан келіп тұрған істерді ойлайтын болсақ, қуанышты болып жүру оңай болады. Мысалы, Мария есімді бауырлас бір дертке шалдыққандықтан, көп қызмет етуге шамасы жетпейді екен. Алғашында осы үшін жаны күйзеліп, ол өзін түкке жарамсыз болып қалғандай сезінеді. Бірақ кейін ол қауымдағы төсекке таңылған бір бауырласты ойына алып, соған көмектесуді ұйғарады. “Сол әйел бауырлас екеуіміз бірге хат жазып, телефон арқылы уағыздауға келісіп алдық. Онымен қызметтесіп келген сайын, бауырласыма көмектесе алғаным үшін кеудемді қуаныш кернеп, қанағат сезінетін болдым”,— дейді Мария. Сол секілді неліктен бізге де қолымыздан келіп тұрған істерге назар тігіп, қуанышымызды еселемеске? Ал енді көбірек қызмет ету қолымыздан келіп тұрса және қандай да бір қызметті атқаруда ерекше дарынды болсақ, не істеу керектігін қарастырып көрейік.

“СЫЙ АЛСАҢДАР, ... ҚОЛДАНЫҢДАР”

7. Елші Петір бауырластарға қандай жақсы кеңес берді?

7 Елші Петір өзінің бірінші хатында мәсіхшілерді сыйларын, яғни қабілет-дарындарын бауырластардың игілігіне жаратып, оларды нығайтуға шақырған. Ол былай деген: “Әрқайсысың қай мөлшерде сый алсаңдар, оны бір-біріңе қызмет ету үшін сол мөлшерде қолданыңдар” (Пет. 1-х. 4:10). Біз өзгелер қызғанады я болмаса ұнжырғасы түсіп кетеді деп қорқып, өзімізде бар сыйларды барынша қолданудан тартынып қалмауымыз керек. Егер осылай ойлап, барымызды салмай қойсақ, Ехобаға өз жағдайымызда ең жақсымызды бермеген болар едік.

8. Қорынттықтарға 1-хат 4:6, 7-ге сай, сыйымызға неліктен мақтанбауымыз керек?

8 Біз өзіміздегі сыйларды барынша қолдануға тырысуымыз керек, әрине. Бірақ бір нәрседен абай болғанымыз жөн (Қорынттықтарға 1-хат 4:6, 7 оқыңыз). Сіз адамдармен Киелі кітапты зерттеу сабағын шебер бастай білесіз делік. Ендеше, бұл сыйыңызды игілікке жарата беріңіз! Бірақ абай болатын бір жайт — сол үшін мақтанып кетпеңіз. Мынадай бір жағдайды елестетіп көрсек болады: сіз жақында ғана қызметте бір зерттеу сабағын бастап кеттіңіз. Сөйтіп, осы керемет оқиға жайында уағыздайтын тобыңызға айтып беруге асығып отырсыз. Кейін топпен кездессеңіз, басқа бауырлас өзінің бір адамға журнал бергенін айтып отыр екен. Сіз сонда не істейсіз? Ол бауырлас журнал беріпті, ал сіз зерттеу сабағын бастадыңыз. Бұл бауырластарды жігерлендіретін оқиға болғанмен, сіз оны бақса жолы айтып беруді жөн көрерсіз, өйткені әлгі журнал берген бауырлас өзін сізбен салыстырып, қуанышы басылып қалғанын қаламас едіңіз. Бұл сіздің тарапыңыздан мейірімділікке жатады. Әрине, бұл деген зерттеу сабағын ұсынуды доғаруымыз керек дегенді білдірмейді. Сыйыңызды барынша қолдана беріңіз!

9. Сыйларымызды қалай қолдануымыз керек?

9 Біздегі тума дарын мен қабілеттің барлығы Құдайдың берген сыйы екенін ұмытпалық. Біз ол сыйларды көзге түсу үшін емес, қауымды нығайтып, жігерлендіру үшін қолдануымыз керек (Філіп. 2:3). Бойымыздағы күш-қайратымыз бен қабілеттерімізді Құдайдың еркін орындауға жұмсай білсек, біз бұған қуанамыз. Бірақ өзгелерден асып түскенімізге я мықтылығымызды көрсеткенімізге емес, Ехобаны мадақтау үшін қолданғанымызға қуанамыз.

10. Неге өзімізді өзгелермен салыстыру орынсыз?

10 Сақ болмаса, бауырлас өзінің мықты жақтарын басқаның әлсіз жақтарымен салыстыра бастауы мүмкін. Мысалы, бір ер бауырлас керемет баяндамашы шығар. Бұл оның күшті жағы болып тұр. Бірақ абай болмаса, іштей өзін жоғары санап, баяндаманы онша айта алмайтын бауырласқа менсінбей қарай бастауы мүмкін. Бірақ ол бауырластың басқа мықты жақтары бар шығар. Мысалы, ол өте қонақжай, балаларына жақсы тәрбие береді және қызметте белсенділік танытады. Арамызда сыйларын Ехобаға қызмет ету үшін және өзгелерге көмектесу үшін қолданып жүрген түрлі бауырластардың барына риза болайық!

АРАМЫЗДА ЖҮРГЕН БАУЫРЛАСТАРДАН ҮЙРЕНЕЙІК

11. Неліктен Исаға еліктеуге тырысуымыз керек?

11 Өзімізді өзгелермен салыстырудан аулақ болғанымызбен, адал адамдардың үлгісінен өзімізге көп сабақ түйіп алсақ болады. Мысалы, Иса бізге керемет үлгі қалдырып кеткен. Біз ол сияқты кемелді болмасақ та, оның көркем қасиеттері мен керемет істерінен көп нәрсеге үйрене аламыз (Пет. 1-х. 2:21). Исаның үлгісіне еліктеуге барынша тырыссақ, Ехобаға деген ұнамдылығымыз арта түседі және уағыз ісінде де жемісті боламыз.

12, 13. Дәуіт патшадан не үйренеміз?

12 Киелі кітапта кемелсіз болса да, еліктеуге тұрарлық адамдардың үлгісі өте көп (Евр. 6:12). Мысалы, Дәуітті алайықшы. Ехоба ол жайлы: “Менің көңілімнен шығатын адам”,— деген (Ел. іс. 13:22). Бірақ Дәуіт мінсіз болған жоқ, оның үлкен қателіктер жіберген кездері де болды. Неге оны сонда да біз үшін жақсы үлгі деп қарастырамыз? Өйткені ол қатаң түзету алғанда, өзін ақтауға тырыспады. Дәуіт түзетуді қабылдап, істеген ісіне шын өкінді. Нәтижесінде Ехоба оны кешірді (Зәб. 51:3, 4, 10—12).

13 Дәуіттен өзімізге сабақ алу үшін, мына сұрақтар жайлы ойланып көрсек болады: “Біреу кеңес берсе, мен қалай қабылдаймын? Қатемді бірден мойындаймын ба, әлде өзімнің дұрыстығымды дәлелдеп, ақталып шығамын ба? Кінәні біреуге жаба саламын ба? Қателігімді қайталамауға барынша тырысамын ба?” Киелі кітаптан басқа да адал кісілер жайлы оқығанда, осыған ұқсас сұрақтардың үстінен ойланып көрсеңіз болады. Олар сіздікіндей қиындықтарға кезіккен бе екен? Сол кезде олар қандай керемет қасиеттер танытқан? Ехобаның сол адал қызметшісіне қалай ұқсай түссеңіз болады?

14. Бауырластар туралы ойлансаңыз, олардан не үйрене аласыз?

14 Бұған қоса, біз жасы бар, қарты бар — көз алдымызда жүрген бауырластардың бәрінен көп нәрсеге үйрене аламыз. Мысалы, сіздің қауымыңызда құрдастардың қысымына я отбасының қарсылығына, болмаса нашар денсаулыққа қарамастан адалдық сақтап жүрген бауырлас бар ма? Сіз оның бойындағы мақтауға тұрарлық қандай қасиетті байқайсыз? Мүмкін, сол қасиетті жақсырақ танытқыңыз келетін шығар. Сіз сол бауырластың үлгісі жайлы ойлана отырып, қиыншылықтарыңызға төтеп берудің тиімді жолдарын біліп аларсыз. Біз арамыздағы сенімнің керемет үлгісін көрсетіп жүрген бауырластарға ризамыз. Олардың бары қандай керемет! (Евр. 13:7; Жақ. 1:2, 3).

ӨЗ ҚЫЗМЕТІҢІЗДЕН ҚУАНЫШ ТАБЫҢЫЗ

15. Пауыл Ехобаға әрі қарай да қуанышпен қызмет етуімізге көмектесетін қандай кеңес берді?

15 Әркім ең жақсысын беруге тырысса, қауымның ынтымағы мен бірлігіне үлес қосады. Қалай? Мысалы, I ғасырдағы мәсіхшілерде әртүрлі сыйлар мен жауапкершіліктер болған (Қор. 1-х. 12:4, 7—11). Бірақ олар бұл үшін бір-бірімен бақталасып, жік-жікке бөлініп кетпеген. Қайта, Пауыл оларды сыйларын “Мәсіхтің денесін нығайту үшін” қолдануға шақырған. Ал ефестіктерге ол былай деп жазған: “Әр мүшесі өз міндетін дұрыс атқарғанда, дене өсіп, сүйіспеншілік арқылы нығая түседі” (Ефес. 4:1—3, 11, 12, 16). Осы сөздерге сай әрекет еткен мәсіхшілер қауымда бірлік пен татулықтың болуына атсалысқан. Бүгіндегі қауымдарға да осындай татулық пен бірлік тән.

16. Біз не нәрсеге нық бекінуіміз қажет? (Еврейлерге 6:10)

16 Бұдан былай өзіңізді өзгелермен салыстырмауға нық бекініңіз. Қайта, Исадан көп нәрсеге үйреніп, оның қасиеттеріне еліктеуге тырысыңыз. Киелі кітапта айтылып кеткен тұлғалардың және қазіргі кездегі бауырластардың сеніміне еліктеңіз. Барынша тырыса берсеңіз, “әділ Құдайымыз Ехоба сіздің еңбегіңізді ұмытпайды” (Еврейлерге 6:10 оқыңыз). Ехоба сіздің жан-тәніңізбен атқарып жатқан қызметіңізге дән риза екенін біліп, әрі қарай да қуанышпен қызмет ете беріңіз.

65-ӘН Алға ұмтыл!

a Бәріміз де басқаларға қарап, бір нәрсеге үйрене аламыз. Бірақ бір қауіп бар. Бұл мақала өзімізді өзгелермен салыстырып, мақтаншақ болып кетуден немесе, керісінше, көңілімізді түсіруден сақтандырады. Сондай-ақ қызметтегі қуанышымызды сақтауға көмектеседі.

b СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Ер бауырлас жас кезінде Бетелде қызмет етті. Кейін үйленіп, әйелімен бірге ізашар болды. Балалы болғаннан кейін, балаларына уағыздауды үйретті. Енді қартайған шағында хат жазу арқылы уағыздап, өзіндегі ең жақсысын беріп жатыр.