Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

14-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Ақсақалдар, Пауылдың үлгісіне еліктей беріңіздер

Ақсақалдар, Пауылдың үлгісіне еліктей беріңіздер

“Сендер де маған еліктеңдер” (ҚОР. 1-Х. 11:1).

99-ӘН Сансыз көп бауырластар

АҢДАТПА *

1, 2. Елші Пауыл ақсақалдарға несімен үлгі бола алады?

 ЕЛШІ ПАУЫЛ бауырластарын қатты жақсы көрген. Олардың қамы үшін аянбай тер төккен (Ел. іс. 20:31). Сол үшін де бауырластардың Пауыл десе іші-бауыры елжіреп тұрған. Мысалы, Ефестегі ақсақалдар енді оны қайтып көрмейтіндерін түсінгенде, “бәрі қатты жылаған” (Ел. іс. 20:37). Пауыл сияқты, біздің еңбекқор ақсақалдарымыз да бауырластарын қатты жақсы көреді және олардан ешбір көмегін аямайды (Філіп. 2:16, 17). Бірақ олар кезігетін кейбір қиыншылықтар бар. Сондайда оларға не көмек болады?

2 Ақсақалдар Пауылдың үлгісін қарастырса болады (Қор. 1-х. 11:1). Пауыл періште емес, кемелсіз пенде болған. Дұрыс әрекет ету оған да қиынға соққан (Рим. 7:18—20). Оның үстіне, оның өз басында да біраз проблемалары болған. Бірақ соған қарамастан, ол бауырластарына қызмет етуді доғармаған және қуанышын да сақтай білген. Ақсақалдар да Пауылға еліктеп, қиындықтарына қарамастан, қызметтерін қуанышпен жалғастыра алады. Қазір соның жолдарын білейік.

3. Бұл мақаладан не білеміз?

3 Осы мақалада ақсақалдарға жиі қиынға соғатын төрт жайтты қарастырамыз. Олар: 1) басқа жауапкершіліктермен бірге уағыз ісін де қатар алып жүру; 2) қамқор бағушы болу; 3) өздерінің кемшіліктерімен күресу және 4) кемелсіз адамдармен қызметтесу. Осы әрбір жағдайда Пауылға не көмектескенін, ал ақсақалдар оған қалай еліктей алатынын білейік.

УАҒЫЗ ІСІН БАСҚА ЖАУАПКЕРШІЛІКТЕРМЕН ҚАТАР АЛЫП ЖҮРУ

4. Неліктен ақсақалдарға уағыз ісінде жақсы үлгі көрсету қиын болуы мүмкін?

4 Неге бұл қиынға соғады? Уағыздау ісінде жетекшілік етумен қатар, ақсақалдардың мойнында басқа да көп жауапкершіліктер бар. Мысалы, олар кезектесіп апта ішіндегі кездесуді және Қауымда Киелі кітапты зерттеу бөлігін жүргізіп тұрады. Басқа да баяндамалармен шығады. Олар қызмет көмекшілерін көп нәрсеге үйретеді әрі қауымдағы бауырластарды да үнемі нығайтып, жігерлендіріп отырады (Пет. 1-х. 5:2). Сондай-ақ кейбірі Патшалық сарайлары мен басқа теократиялық ғимараттарды соғу мен жөндеу жұмыстарына атсалысады. Дегенмен қауымдағы барлық бауырластар сияқты, олар үшін де ең басты іс — ізгі хабарды уағыздау (Мат. 28:19, 20).

5. Пауыл ізгі хабарды уағыздау жағынан қандай үлгі қалдырды?

5 Пауылдың үлгісі. Пауылдың уағыз ісінде көп жетістікке жеткенінің сыры өзінің Філіпіліктерге 1:10-дағы кеңесіне сай әрекет еткенінде болған. Ол тармақта Пауыл: “Ненің маңыздырақ екеніне көз жеткізіңдер”,— деген. Ол өзіне тапсырылған қызметке адал болып, ондаған жыл бойы уағыздау ісін басты орынға қойған. “Ел алдында және үйден үйге жүріп” ізгі хабарды жариялаған (Ел. іс. 20:20). Ол күннің бір мезгілінде ғана немесе аптаның бір күнінде ғана уағыздаймын демеген, әрбір мүмкіндікті пайдаланған. Бірде ол Афина қаласында серіктерін күтіп отырғанда, бір топ беделді кісіге уағыздайды, нәтижесінде олардың кейбірі ізгі хабарға құлақ асып, жақсы қабылдайды (Ел. іс. 17:16, 17, 34). Ол тіпті “бұғауда отырғанда” да, айналасындағы адамдарға ізгі хабарды айтып отырған (Філіп. 1:13, 14; Ел. іс. 28:16—24).

6. Пауыл өзгелерге нені үйреткен?

6 Пауыл жиі өзгелерді өзімен бірге уағыздауға шақырып тұрған. Мысалы, бірінші миссионерлік сапарында ол Марқаны, ал екіншісінде Тімөтені ертіп жүрген (Ел. іс. 12:25; 16:1—4). Сол кезде де Пауыл уақытын тиімді пайдаланып, оларға қауымды ұйымдастыруды, бақташылық істі атқаруды, жақсы тәлімгер болуды үйреткені сөзсіз (Қор. 1-х. 4:17).

Пауылға еліктеп, куәлік беруге дайын болыңыз (7-абзацты қараңыз) *

7. Ақсақалдар Пауылдың Ефестіктерге 6:14, 15-тегі сөздерін қалай іс жүзінде орындай алады?

7 Алар сабақ. Ақсақалдар Пауылдан үйден үйге уағыздауды ғана емес, әрбір мүмкіндікті пайдаланып, куәлік беруге дайын болуды да үйренеді (Ефестіктерге 6:14, 15 оқыңыз). Мысалы, олар базар я дүкен аралағанда не өздерінің жұмыс орнында уағыздаса болады. Ал егер теократиялық құрылыс жобасына қатысып жүрсе, көршілерге я құрылыс заттарын сатушыларға куәлік бере алады. Пауыл сияқты, олар да уағыз қызметінде жүріп басқаларды, мысалы қызмет көмекшілерін, көп нәрсеге үйрете алады.

8. Ақсақалдарға кейде не істеу қажет болады?

8 Ақсақалдар ешқашан да қауымның не ауданның істеріне бар уақытын жұмсап, уағыз ісін шет қалдырып қоймау керек. Осы ретте баланс сақтау үшін, кейде оларға кейбір тапсырмалардан бас тарту керек болатын шығар. Олар дұға ете отырып ойланғаннан кейін, бұл тапсырманы мойнына алса, одан да маңыздырақ істер ақсап қалатынын түсінуі мүмкін. Мұндай маңызды істерге отбасылық ғибадатты апта сайын өткізу, уағыз ісінде құлшынысты болу және балаларын да осы іске баулу жатады. Егер сізге қосымша жауапкершіліктерден бас тарту қиын болса, Ехоба сізді жақсы түсінетінін ұмытпаңыз. Ол сіздің өз жауапкершіліктеріңізді барынша жақсы атқарғыңыз келетінін көріп тұр.

ҚАМҚОР БАҒУШЫ БОЛУ

9. Жауапкершіліктері көп болғандықтан, ақсақалдарға не нәрсе қиынға соғуы мүмкін?

9 Неге бұл қиынға соғады? Ехобаның халқы көптеген қиындықтармен күресіп жүр. Әсіресе осы соңғы күндері жігер, жұбаныш пен демеуге әрқайсысымыз мұқтажбыз. Ал кейбіреулерімізге бұрыс істерден аулақ жүру үшін көмек керек болып жатады (Сал. 1-х. 5:14). Әрине, қауымдағы барлық бауырластардың қиындығын шешіп, жоқ қылып тастау ақсақалдардың қолынан келмейді. Десе де Ехоба олардың қолдарынан келгенше халқының жігерін қайрап, оларға қорғаныш болғанын қалайды. Сонда онсыз да көп жауапкершілігі бар ақсақалдар қауымдағы бауырластарға қажетті көмек көрсету үшін уақытты қайдан таба алады?

Өзгелерді мақтап, жігерлендіріңіз (10, 12-абзацтарды қараңыз) *

10. Салоникалықтарға 1-хат 2:7-ге сай, Пауыл бауырластарына қалай қамқор болған?

10 Пауылдың үлгісі. Ақсақалдар Пауылға еліктеп, бауырластарын аялап, жақсы көргендері жөн (Салоникалықтарға 1-хат 2:7 оқыңыз). Пауыл бауырластардың рухын көтеріп, оларды мақтаудың орайын іздеп отырған. Оларды өзі де жақсы көретінін, Ехобаның да жақсы көретінін айтып отырған (Қор. 2-х. 2:4; Ефес. 2:4, 5). Бауырластарына дос ретінде қарап, олармен араласып, уақыт өткізген. Тіпті оларға қорқынышы мен әлсіздіктерін де жасырмай айтып, сенім артатынын көрсеткен (Қор. 2-х. 7:5; Тім. 1-х. 1:15). Бірақ бұларды өзіне назар аударту үшін емес, бауырластарға көмектесу мақсатымен айтқан.

11. Пауыл бауырластарға не себепті кеңес берген?

11 Пауыл қажет кезде қауымдағыларға кеңес те берген. Бірақ ол ешқашан да кеңесін бауырласқа ашуланғандықтан емес, оның игілігін ойлағандықтан, жамандықтан сақтандырғысы келгендіктен берген. Ол кеңесті түсінікті болатындай жеткізген әрі адамның оны қабылдап, құлақ асқанын қалаған. Мысалы, бірде ол қорынттықтарды қатаң түзетіп хат жазды. Сөйтіп, олардың бұл түзетуді қалай қабылдағанын ойлап уайымдағандықтан, хаттың соңынан оларға Титті жіберді. Бауырластар оның кеңесін жақсы қабылдап, құлақ асқанын білгенде, Пауылдың қуанышында шек болмады! (Қор. 2-х. 7:6, 7).

12. Ақсақалдар бауырластарын қалай нығайтып, жігерлендіре алады?

12 Алар сабақ. Ақсақалдар Пауылды үлгі етіп, бауырластармен араласу үшін уақыт бөледі. Бауырластармен әңгімелесіп, жігерлендіру үшін, мысалы, олар қауымға ертерек келсе болады. Бауырласқа керекті, жігерлі де жылы сөздер айтуға жиі бірнеше минуттың өзі жеткілікті болып жатады (Рим. 1:12; Ефес. 5:16). Сондай-ақ ақсақалдар Пауылға еліктеп, бауырластардың сенімін нығайту үшін және Ехобаның оларды сүйетініне көздерін жеткізу үшін Құдай Сөзіне жүгінеді. Өзінің де оларды қатты жақсы көретінін білдіріп отырады. Олармен байланысты жоғалтпайды әрі мақтаудың мүмкіндігін іздейді. Ал егер бауырласқа кеңес беру қажет болса, оны Киелі кітапқа негіздейді. Ол мейіріммен, бірақ нақты кеңес береді. Өйткені бауырластың сол кеңесті қабылдап, құлақ асқанын қалайды (Ғал. 6:1).

ӨЗ КЕМШІЛІКТЕРІМЕН КҮРЕСУ

13. Ақсақалдар өздерінің кемшіліктеріне қалай қарауы мүмкін?

13 Неге бұл қиынға соғады? Ақсақалдар кемелді емес, барлығымыз сияқты олар да қателеседі (Рим. 3:23). Бірақ өз кемшіліктеріне дұрыс қарау ақсақалдарға кейде қиын болуы мүмкін. Мысалы, біреулері қателіктерін ойлай бергеннен салы суға кетіп, түңіліп кетсе, басқалары өздерін бірден ақтап, қателіктеріне мән бермей, түзелмей жүре беруі мүмкін.

14. Філіпіліктерге 4:13-ке сай, Пауыл қалай кішіпейілділіктің арқасында өз кемшіліктеріне дұрыс қарай білді?

14 Пауылдың үлгісі. Пауыл кішіпейіл болған, сондықтан өзінің кемшіліктерін өзі жеңе алмайтынын, Құдайдың көмегіне мұқтаж екенін түсінген. Есімізде болса Пауыл бұрында мәсіхшілерді аяусыз қудалаған адам болған. Бірақ кейіннен өзінің ағаттығын мойындап, көзқарасы мен болмысын да өзгертуге дайын болды (Тім. 1-х. 1:12—16). Сөйтіп, Ехобаның арқасында мейірімді, жанашыр да кішіпейіл бағушыға айналды. Әрине, ол кемшіліктері бар екенін мойындаған, бірақ соларға қадалып қалып, ойлай бермеген. Қайта, Ехобаның оны кешіретініне сенген (Рим. 7:21—25). Ол өзінен мінсіздікті де талап етпеген. Қайта, мәсіхші ретінде барынша жақсара беруге күш салған және Ехобаның көмегіне кішіпейілділікпен арқа сүйеген (Қор. 1-х. 9:27; Філіпіліктерге 4:13 оқыңыз).

Өз кемшіліктеріңізді жеңуге күш салыңыз (14, 15-абзацтарды қараңыз) *

15. Ақсақалдар қалай өз кемшіліктеріне дұрыс қарай алады?

15 Алар сабақ. Ер бауырластар кемелді де мінсіз болғандықтан ақсақал болып тағайындалмайды, әрине. Бірақ сонда да Ехоба олардан қателіктерін мойындап, жақсара береді деп күтеді (Ефес. 4:23, 24). Бұл үшін олар Құдай Сөзін зерттеу арқылы жөндейтін жақтарын байқап, түзелулері қажет. Сол кезде Ехоба оларға бақытты болуға әрі жақсы ақсақал болуға көмектеседі (Жақ. 1:25).

КЕМЕЛСІЗ АДАМДАРМЕН ҚЫЗМЕТТЕСУ

16. Ақсақалдың бар назары өзгелердің кемшілігіне ауып кетсе, бұл неге әкеп соғуы мүмкін?

16 Неге бұл қиынға соғады? Ақсақал қауымдағы бауырластармен тығыз қызметтесетіндіктен, олардың кем-кетігін жақсы білетін шығар. Бірақ, абай болмаса, соның салдарынан ол ашушаң, қатал, мін таққыш болып кетуі мүмкін. Бірақ Пауыл біздің осындай болғанымызды Шайтан қалайтынын ескертіп кеткен (Қор. 2-х. 2:10, 11).

17. Пауыл бауырластарға қалай қараған?

17 Пауылдың үлгісі. Пауыл әрдайым бауырластар туралы жақсы ойда болған. Ол бауырластарының кемшіліктерін де жақсы білген, өйткені олардың әрекеті өзіне де ауыр тиген кездер болған. Бірақ Пауыл адамның қателік жасағаны оның жаман адам екенін білдірмейтінін түсінген. Ол бауырластарын жақсы көргендіктен, жақсы қасиеттерін көре білген. Егер кейбір бауырластарға дұрыс әрекет ету қиын болып жатса, Пауыл “олар да жақсылыққа ұмтылып жүр ғой, оларға жай көмек керек” деп ойлаған.

18. Еуодия мен Синтихенің жағдайында Пауылдың қалай әрекет еткенінен не үйренеміз? (Філіпіліктерге 4:1—3)

18 Мысалы, Філіпідегі қауымда болған жағдайда Пауыл қалай әрекет еткенін алайықшы (Філіпіліктерге 4:1—3 оқыңыз). Еуодия мен Синтихе есімді әйел бауырластардың арасында түсініспеушілік болып, екеуі араласпай кеткен көрінеді. Сол кезде Пауыл оларға ұрсып, сөгіп тастаған жоқ. Қайта, олардың бойларындағы жақсы қасиеттерге назар аударды. Пауыл олардың жылдар бойы адал қызмет етіп келе жатқанын әрі Ехобаның оларды жақсы көретінін білді. Олар жайлы жақсы ойда болғандықтан, Пауыл екеуін ымыраға келіп, татуласуға шақырды. Пауыл өзгелердің жақсы жақтарын байқай білгендіктен, өзінің де қуанышын сақтаған әрі сол қауымдағы бауырластармен дос болып қалған.

Өзгелерді бірден кінәлап, сөкпеуге тырысыңыз (19-абзацты қараңыз) *

19. а) Ақсақалдарға өзгелерге оң көзбен қарауға не көмектеседі? ә) Суреттегі Патшалық сарайын жинастырып жүрген ақсақалдан не үйренеміз?

19 Алар сабақ. Ақсақалдар, бауырластардың бойынан жақсы қасиеттерді көре біліңіздер. Олардың бәрі кемелсіз болса да, әрқайсысында өзінше бір керемет қасиеттер бар (Філіп. 2:3). Рас, арагідік бауырластардың көзқарасын түзетіп отыру керек болып жатады. Бірақ ондайда ақсақалдар Пауылға еліктеп, адамның жағымсыз сөзі мен әрекетіне қадалып қалмай, кеңірек қарауға тырысуы керек. Демек, олар бауырластың Ехобаны қаншалықты жақсы көретінін, оған табандылықпен қызмет етіп жүргенін, қандай жақсы істер атқара алатынын ойлағандары жөн. Ақсақалдар өзгелердің жақсы жағын көре білсе, бүкіл қауымнан сүйіспеншілік лебі есіп тұратын болады.

ПАУЫЛҒА ЕЛІКТЕЙ БЕРІҢІЗДЕР

20. Ақсақалдар әрі қарай да Пауылдан қалай үйрене берсе болады?

20 Ақсақалдар, Пауылдың үлгісі жайлы әрі қарай да зерттесеңіздер, мұның көп пайдасын көресіздер. Мысалы, бұл үшін орыс тіліндегі “Күзет мұнарасы басылымдарының көрсеткішіндегі” “Пауыл” деген негізгі тақырыптың астынан “Ақсақалдарға үлгі” деген тақырыпшаны қарасаңыздар болады. Сол жердегі мәліметтерді оқығанда, былай деп ойланып көріңіздер: “Пауылдың үлгісі ақсақалдық қызметімді қуанышпен атқара беруге қалай көмектеседі?”

21. Ақсақалдар не нәрсеге сенімді болулары керек?

21 Ақсақалдар, ұмытпаңыздар, Ехоба сіздерден кемелді болуды емес, адал болуды талап етеді (Қор. 1-х. 4:2). Ехоба Пауылдың ауыр еңбегі мен адалдығына риза болғанындай, сіздердің де атқарып жатқан еңбектеріңізге риза екеніне сенімді болыңыздар. Ол ешқашан да “қасиеттілер үшін атқарған, әлі де атқарып жатқан қызметтеріңіз арқылы өзінің есіміне деген сүйіспеншіліктеріңіз бен еңбектеріңізді ұмытпайды” (Евр. 6:10).

87-ӘН Келіп, сергіп қалыңдар!

^ 5-абзац Қауымымыздағы ақсақалдардың ауыр еңбектеріне біз өте ризамыз! Біз бұл мақалада олар жиі кезігетін төрт қиындыққа назар аударамыз. Сондай-ақ елші Пауылға еліктей отырып, олар қалай бұл қиындықтармен күресе алатынын білеміз. Ал баршамызды болса бұл мақала ақсақалдарға түсінікпен қарап, өз тарапымыздан сүйіспеншілік пен қолдау көрсетуге талпындырады.

^ 61-абзац СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: Ер бауырлас жұмыстан шығып бара жатып әріптесіне куәлік беріп жатыр.

^ 63-абзац СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: Ақсақал өзгелерден оқшауланып жүретін бауырласты жылы сөздерімен жігерлендіріп жатыр.

^ 65-абзац СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: Бір нәрсеге ренжіп қалған бауырласқа ер бауырлас пайдалы кеңес беріп жатыр.

^ 67-абзац СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: Патшалық сарайын жинау тапсырмасына атсалысамын деп, басқа нәрсеге алаңдап кеткен ер бауырласты ақсақал сынап-мінеп жатқан жоқ.