Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

24-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Рухани мақсатыңызға жете аласыз!

Рухани мақсатыңызға жете аласыз!

“Жақсылық жасаудан еш талмайық. Себебі шаршап қалмасақ, өз уақытында оның өнімін орамыз” (ҒАЛ. 6:9).

84-ӘН Күшімізді аямай берейік

АҢДАТПА a

1. Көбімізге не қиын?

 ҚОЙҒАН рухани мақсатыңызға жету қиын болған ба? b Біразымызда солай болған. Мысалы, Филип бауырлас жиірек әрі терең дұға айтуға мақсат қойған, бірақ еш уақыт таба алмаған. Ал Эрика бауырлас болса уағызға арналған кездесулерге кешікпеуді мақсат еткен. Бірақ сол кездесулердің барлығына дерлік кешігіп барған. Томаш бауырлас Киелі кітапты бастан-аяқ оқып шығамын деп бірнеше рет бел буады. “Мен Киелі кітапты қызығып оқымайтынмын. Оны түгел оқуға үш рет оқталсам да, үшеуінде де Мұсаның 3-жазбасына келіп тіреліп қала беретінмін”,— дейді ол.

2. Рухани мақсатымызға жете алмай жүрсек, неге ұнжырғамызды түсірмеген жөн?

2 Қойған рухани мақсатыңызға әлі де жете алмай келе жатсаңыз, “менен түк шықпайды” деп ойлауға асықпаңыз. Себебі кішігірім мақсаттың өзіне де жету оңай бола бермейді. Оған көп күш пен уақыт керек. Мақсатыңызға әлі де жеткіңіз келетінінің өзі Ехобамен дос болуды бағалайтыныңызды, оған қолда бар ең жақсыңызды бергіңіз келетінін аңғартады. Өз мақсатыңыздың жолында әрекеттеніп жатқаныңызға Ехоба көктен сүйсінеді және қолыңыздан келмейтінді ешқашан талап етпейді (Зәб. 103:14; Миха 6:8). Сондықтан парасатты болып, қолжетімді мақсаттарға ұмтылыңыз. Ал мақсатыңыз онсыз да сондай болса, оған жетуге не көмектеседі? Қазір соның жолдарын білейік.

ЫСТЫҚ ЫҚЫЛАС — АЛҒА СҮЙРЕЙТІН КҮШ

Дұғада ыстық ықылас сұраңыз (3, 4-абзацтарды қараңыз)

3. Ыстық ықылас бізге не үшін керек?

3 Ықылас болмаса, рухани мақсатқа жету өте қиын. Өйткені ыстық ықылас — адамды мақсат-мұратына жетелейтін мықты қалау, қозғаушы күш. Ол желкенді қайықты діттеген жеріне айдап апаратын желге ұқсайды. Жел үздіксіз соқса, қайықшы міндетті түрде көздеген мекеніне жетеді. Ал жел қатты соқса, ол жылдам жетеді. Біздің де ықыласымыз тасып тұрса, онда мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Сальвадорда тұратын Давид былай дейді: “Құлшынысың тасып тұрса, тыныш отырғызбайды екен. Ешбір кедергіге қарамай, жаныңды салып ұмтыла бересің”. Ендеше, ықыласымызды қалай күшейтсек болады?

4. Дұғада не сұрасақ болады? (Філіпіліктерге 2:13) (Суретті де қараңыз.)

4 Дұғада ықылас сұраңыз. Кейде біз кейбір мақсаттарға өзімізді міндетті сезінгендіктен ұмтылып жатамыз, бірақ ешқандай ықыласымыз болмауы мүмкін. Ондайда Ехоба сізге киелі рухымен мақсатыңызға жетуге ыстық ықылас бере алады (Філіпіліктерге 2:13 оқыңыз). Мысалы, Угандада тұратын Норина деген әйел бауырлас Киелі кітап зерттеу сабағын бастауды мақсат етеді. Бірақ ол ұстаздық етуге жарамаймын деп ойлағандықтан, зерттеу сабағын бастауға ықыласы болмайды. Ехоба оған қалай көмектесті? Норина былай дейді: “Мен Ехобаға күнде дұға айтып, зерттеу сабағын бастауға деген құлшынысымды жалындата көрші деп сұрадым. Кейін өз тарапымнан да әрекет етіп, тәлім беру қабілетімді шыңдай түстім. Бірнеше ай өте байқасам, ықыласым әжептеуір артып қалыпты. Сол жылы екі адаммен Киелі кітапты зерттеу сабағын бастадым”.

5. Не туралы ой жүгірткеніміз ықыласымызды арттырады?

5 Ехобаның сізге жасаған жақсылықтары туралы ойланыңыз (Зәб. 143:5). Елші Пауыл Ехобаның оған танытқан рақымы жайлы ойланғандықтан, ауыр еңбек етуге талпынған (Қор. 1-х. 15:9, 10; Тім. 1-х. 1:12—14). Сіз де Ехобаның жасаған жақсылықтары туралы көбірек ойлансаңыз, мақсатыңызға жетуге деген құлшынысыңыз артады (Зәб. 116:12). Гондураста тұратын бір әйел бауырлас тұрақты ізашар боламын деген мақсатына қалай жетті? Ол былай дейді: “Ехоба мені қаншалықты сүйетіні жайлы ойландым. Ол мені өзінің халқына қосты және қамымды ойлап, қорғап келеді. Осылай ойланғанның арқасында Ехобаға деген сүйіспеншілігім тасып, қойған мақсатыма жетем деген ықыласым да арта түсті”.

6. Ықыласымызды арттыруға тағы не көмектеседі?

6 Мақсатыңызға жеткенде төгілетін баталарға назар тігіңіз. Кешікпеуді мақсат еткен Эрика бауырлас есіңізде ме? Ол былай дейді: “Уағыздау қызметіне арналған кездесуге кешікпей баратын болсам, бауырластармен амандасып, араласар едім. Сондай-ақ қызметімді қуанышпен атқаруға, тиімділігін арттыруға көмектесетін ақыл-кеңестер естір едім. Бірақ кешігіп барғандықтан, осының бәрінен құр қалып жүрген екенмін”. Осылай Эрика уақытылы келудің пайдасы жайлы ойланғандықтан, қойған мақсатына жеткен екен. Ал сіз өз мақсатыңызға жетсеңіз, қандай баталарға кенелесіз? Мысалы, сіз Киелі кітап оқуды, дұғаңызды жақсартуды мақсат етсеңіз, нәтижесінде Ехобамен достығыңыз қалай нығаятынын ойлаңыз (Зәб. 145:18, 19). Ал қандай да бір қасиет дамытуға ұмтылсаңыз, өзгелермен қарым-қатынасыңыз қалай жақсаратынын ойлаңыз (Қол. 3:14). Қандай да бір мақсатқа не үшін жеткіңіз келетінін тізіп жазып қойыңыз. Арагідік сол тізімге қарап тұрыңыз. Өйткені Томаш бауырластың айтуынша, “мақсатымызға не үшін жеткіміз келетінінің себептері неғұрлым көп болса, оған жету үшін соғұрлым күш сала береміз”.

7. Хулио мен әйеліне мақсаттарына жетуге не көмектесті?

7 Ықыласыңызды арттыратын адамдармен араласыңыз (Нақ. с. 13:20). Хулио мен оның әйелі қызмет аясын кеңейтуді мақсат еткен. Осы мақсаттарына жетуге оларға достары көмектескен екен. Хулио былай дейді: “Біз алға қойған мақсатымызды қолдайтын, жігерімізді қайрайтын бауырластармен достастық. Олармен мақсатымыз жайлы сөйлесіп тұратынбыз. Біздікіндей мақсатқа жеткендері өз ақылдарын айтып, тәжірибелерімен бөлісетін. Арагідік жағдайымызды біліп, мақсатымыз жайлы сұрап тұратын. Рухымыз сөніп бара жатса, қанаттандырып қоятын”.

ЫҚЫЛАС БОЛМАСА, ҚАЙТКЕН ДҰРЫС?

Мақсатыңызға қарай әрекеттеніңіз (8-абзацты қараңыз)

8. Ықылас пайда болғанын күтіп отырсақ, мақсатымызға жете аламыз ба? Түсіндіріңіз. (Суретті де қараңыз.)

8 Шыны керек, мақсатқа жету үшін әрекеттенуге кейде еш ықыласымыз болмай тұрады. Ықыласымыз болмаса, енді ешқайда қозғала алмаймыз деген сөз бе? Желкенді қайық пен жел туралы мысалға қайта оралайықшы. Жел екпіндеп соқса, қайықты діттеген жеріне қарай ұшырып ала жөнеледі. Кейде ол баяулау соғып, ал кейде мүлдем тымырсық болып қалады. Сондайда қайықшылар жел соққанын күтіп, қол қусырып отыра бере ме? Әдетте қайықта желкеннен бөлек, қозғалтқыш не ескек болады. Қайықшы солардың біреуін қолданып, алған бағытына қарай жүзе береді. Жел сияқты біздің ынта-ықыласымыз да бірде тасыса, бірде басылып қалады. Кейбір күндері әрекеттенуге мүлдем зауқымыз болмайды. Сондайда шабыт күтіп отыра берсек, мақсатымызға сол күйі жетпей кетуіміз мүмкін. Сондықтан мақсатымыздың жолында талаптанып, әрекет ете бергеніміз жөн. Бұл үшін, әрине, өзімізді тәртіпке салу керек болатын шығар. Бірақ көп ұзамай бұның жақсы жемісін көресіз. Төменде осы жайында кейбір пайдалы кеңестерді қарастырамыз, бірақ алдымен бір сұраққа тоқталайық.

9. Ешқандай ықыласымыз болмаса да, мақсатқа жету жолында әрекет ете бергеніміз дұрыс па?

9 Алайда Ехоба біздің оған қуанышпен қызмет еткенімізді қалайды ғой (Зәб. 100:2; Қор. 2-х. 9:7). Ендеше, қойған рухани мақсатымызға жетуге ықыласымыз болмаса да, өзімізді күштеп әрекеттенгеніміз дұрыс па? Мысалға елші Пауылды алайықшы. Ол: “Денемді ұрғылап, өзіме құл іспетті бағындырудамын”,— деген (Қор. 1-х. 9:25—27). Демек, Пауылдың дұрыс нәрсені істеуге ешқандай қалауы болмаса да, ол өзін тәртіпке салып, күштеген. Осылай атқарған қызметіне Ехоба риза болды ма? Әрине! Ехоба оның қажырлы еңбегін жарылқап, сый берді (Тім. 2-х. 4:7, 8).

10. Ықыласымыз болмағанда да күш сала берудің қандай пайдасы бар?

10 Тура солай, ықыласымыз болмаса да, мақсатымызға қарай ұмтылып жатқанымызды көріп, Ехоба бізге риза болады. Сол істің өзін сүймей тұрсақ та, Ехобаны сүйгендіктен әрекет етіп жатқанымызға ол қуанады. Елші Пауылды жарылқағандай, Ехоба біздің де еңбегімізге батасын береді (Зәб. 126:5). Ал оның батасына кенелгенде, ықыласымыз ояна бастайды. Польшада тұратын Люцина деген әйел бауырлас былай дейді: “Кейде менің, әсіресе шаршап тұрғанда, уағызға шығуға аяғым тартпай тұрады. Соған қарамастан қызметке шықсам, Ехобадан сый алып қайтамын, бұл — қуаныш сезімі”. Ендеше, ықыласымыз болмағанда нақты не істеуге болатынын көрейік.

11. Ехоба ұстамдылығымызды шыңдауға қалай көмектеседі?

11 Дұғада ұстамдылық сұраңыз. Ұстамдылық өзіңнің сезімдерің мен әрекеттеріңді қадағалауды білдіреді. Бұл қасиет жамандыққа бармау үшін ғана емес, жақсы әрекетті істеу үшін де қажет. Әсіресе ол іс қиын болса немесе оны атқаруға ықыласымыз болмаса, өзімізді қадағалау керек болып жатады. Ұстамдылық киелі рухтың жемісіне кіретіндіктен, бойыңызда осы қасиетті дамытуға Ехобадан киелі рух сұраңыз (Лұқа 11:13; Ғал. 5:22, 23). Жоғарыда аталып кеткен Давид бауырлас осылай еткен. Ол жүйелі түрде жеке зерттеуді қолға алғысы келген. “Мен өзімді қадағалай алу үшін Ехобадан ұстамдылық сұрадым. Ехобаның көмегімен өзіме жеке зерттеу бағдарламасын құрып, содан айнымай келемін”,— дейді ол.

12. Уағыздаушы 11:4-тегі принциптің рухани мақсаттарға қандай қатысы бар?

12 Орайы түскенін күтіп отырмаңыз. Мына дүниеде бәрі керемет болып, қолайлы жағдай туатын кез ешқашан болмайды. Ондай жағдайды күтіп жүре берсек, мақсатымызға сол күйі жете алмаймыз (Уағыздаушы 11:4 оқыңыз). Дэниел деген ер бауырлас былай дейді: “Сәті туғанын күтсең, күтіп жүре бересің. Сондықтан ештеңеге қарамай, бастау керек”. Угандада тұратын Пол деген ер бауырлас жоспарлағаныңды неге кейінге ысыра бермеу керектігін тағы былай түсіндірді: “Ешбір қиындыққа қарамастан бастасаң, Ехоба қоштап, еңбегіңе батасын төгеді. Ал бастамасақ, ол нені қоштайды?!” (Малх. 3:10).

13. Аз-аздан бастағанның пайдасы қандай?

13 Аз-аздан бастаңыз. Неге кейде мақсатымызға қарай жылжуға еш зауқымыз соқпайды? Өйткені ол қол жетпес биік белестей көрінетін шығар. Ендеше, оны кішігірім бөлшектерге бөліп тастаңыз. Мысалы, қандай да бір қасиет дамытқыңыз келсе, оны кішігірім істерде танытудан бастаңыз. Ал егер Киелі кітапты түгел оқып шығуды мақсат етсеңіз, аз-аздан оқудан бастасаңыз болады. Кіріспе абзацтарда айтылған Томаш былай дейді: “Бүкіл Киелі кітапты бір жылда оқып шығамын деп өзіме тым көп алып қойыппын. Менің оқу қарқыным одан баяулау екен. Сөйтіп, мен басқаша әдіске көштім: күніне бірнеше абзац қана оқып, ой жүгіртетін болдым. Келе-келе маған оқу ұнай бастады”. Ықыласы артқан сайын, Томаш көбірек оқитын болды. Ақыр соңында ол Киелі кітапты түгел оқып бітіріп, мақсатына жетті c.

СӘТСІЗДІККЕ САҒЫҢЫЗ СЫНБАСЫН

14. Біз қандай сәтсіздіктерге ұшырауымыз мүмкін?

14 Бірақ, мойындайтын бір жайт, ықыласымыз қанша күшті болса да не өзімізді қанша тәртіпке салсақ та, мақсатқа жету жолында сәтсіздіктер болып тұратыны рас. Мысалы, бір “кездейсоқ жағдайға” тап болып, мақсатымызға уақыт бөле алмай қаламыз (Уағ. 9:11). Немесе басымызға бір қиыншылық түсіп, күш-жігеріміз таусылып жатады (Нақ. с. 24:10). Ал бірде бойымыздағы пендешілік мақсатымызға жетуге кедергі болып, аяқтан шалады (Рим. 7:23). Я болмаса діңкеміз құрып, шаршап тұрамыз (Мат. 26:43). Осындай сәтсіздіктерге мойымау үшін не істеуіміз керек?

15. Сәтсіздіктерге бола мақсатымызбен қош айтысу керек пе? Түсіндіріңіз. (Зәбүр 145:14)

15 Сәтсіздіктерге бола мақсатыңыздан бас тартпаңыз. Киелі кітапта бізді сүріндіретін қиындықтар мен кедергілер қайта-қайта болатыны айтылған. Бірақ онда Ехобаның көмегімен бас көтеріп, қайтадан тұра алатынымыз да жазылған (Зәбүр 145:14 оқыңыз). Алдында айтылып кеткен Филип бауырлас былай дейді: “Жетістік дегенің — еш сүрінбеу деген сөз емес. Бұл — сүрінсең де тұрып, бет алған жолыңмен әрі қарай жүре беру”. Давид бауырлас болса былай дейді: “Сәтсіздіктер мені тоқтатқанын қаламаймын. Қайта, бұны Ехобаны сүйетінімді дәлелдеудің кезі деп санаймын”. Сүрінген сәттеріңізге қарамай алға жылжи берсеңіз, Ехобаға ұнамды болғыңыз келетінін дәлелдейсіз. Бұны көріп, Ехоба қатты қуанады!

16. Сәтсіздіктер нені аңғартуы мүмкін?

16 Сәтсіздіктерден сабақ алыңыз. Оның неден болғанын түсінуге тырысып, қайталамау үшін не істесем болады деп ойланыңыз (Нақ. с. 27:12). Ал кейбір жағдайларда сәтсіздіктер қойған мақсатымыздың шамамызға сай емес екенін көрсетуі мүмкін. Ондайда мақсатыңызды қайтадан саралап көріңіз. Бәлкім, сіздің жағдайыңызда ол, расында да, қолжетімсіз шығар d. Ондай мақсатқа жетпегеніңіз үшін Ехоба сізді еш жазғырмайды (Қор. 2-х. 8:12).

17. Бұған дейін жеткен мақсаттарды неге есте ұстау керек?

17 Осыған дейінгі жетістіктеріңізге қуаныңыз. Киелі кітапта: “Құдай әділетсіз емес. Ол атқарған... еңбектеріңді ұмытпайды”,— делінген (Евр. 6:10). Ендеше, бұны сіз де ұмытпаңыз. Осыған дейін қанша мақсатқа жеткеніңізді ойлаңызшы. Мысалы, Ехобамен достастыңыз, басқа адамдарға ол туралы айттыңыз және шомылдыру рәсімінен өттіңіз. Сол мақсаттарға ұмтылып, түбінде қол жеткізгеніңіздей, қазіргі мақсатыңызға да біртіндеп жақындай бересіз (Філіп. 3:16).

Жол-жөнекей қуана біліңіз (18-абзацты қараңыз)

18. Мақсатымызға жету жолында нені назардан тыс қалдырмау қажет? (Суретті де қараңыз.)

18 Қайықшы түбінде өзінің діттеген жеріне жететіндей, Ехобаның көмегімен сіз де өз мақсатыңызға қол жеткізе аласыз. Білесіз бе, қайықшылар жол-жөнекей сапарынан да ләззат алады екен. Тура солай сіз де мақсатыңызға жету жолында Ехобаның сізді қалай қолдап, батасын беріп жатқанын көріп, қуана біліңіз (Қор. 2-х. 4:7). Алған бетіңізден еш қайтпаңыз. Түбінде сізді бұдан да зор баталар күтіп тұр! (Ғал. 6:9).

126-ӘН Сақ жүріп, аяғыңды нық бас

a Көбіміз рухани мақсаттарға ұмтыламыз. Бірақ кейде мақсат қоюын қойғанмен, жету қиын болып кетеді. Осындайда көмектесетін қандай жақсы кеңестер бар? Қазір сол туралы білейік.

b СӨЗ МӘНІ: Рухани мақсат — Ехобаға көбірек қызмет ету үшін және оны қуанту үшін қол жеткізгіңіз келетін я жақсартқыңыз келетін кез келген нәрсе. Мысалы, қандай да бір қасиетті дамыту немесе Киелі кітапты оқу, жеке зерттеу, уағыздау сияқты ғибадатқа жататын істерді шыңдау.

c “Теократиялық қызмет мектебінде білім аламыз” кітабының 10, 11-беттеріндегі 5-абзацты қараңыз.

d 2008 жыл, 15 шілдедегі “Күзет мұнарасының” “Ақылға қонымды мақсаттар қойсаң, қуанышты боласың” деген мақаласынан толығырақ біле аласыз.