Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Қалыңмалға мал сияқты құнды нәрселер берілген

Сіз білгенсіз бе?

Сіз білгенсіз бе?

Ежелде исраилдіктер қалыңмалды не үшін берген?

ЕРТЕ заманда қыз бен жігіт атастырылғанда, жігіттің отбасы қыздың отбасына қалыңмал беретін болған. Қалыңмалға мал, ақша немесе басқа да құнды зат берілетін. Кейде қалыңмал еңбекпен өтелетін. Мысалы, Жақып Рахиланы әйелдікке алу үшін оның әкесіне жеті жыл қызмет еткен (Мұс. 1-ж. 29:17, 18, 20). Бұндай салт ежелде не үшін болған?

Киелі кітапты зерттейтін ғалым Карл Майерс былай деп жазған: “Жер өңдеп, күн көріп отырған отбасы үшін үйден бір адамның кетуі оңай тимеген. Сондықтан қалыңмал қыздың еңбегі үшін өтемақы ретінде берілсе керек”. Сондай-ақ қалыңмал беру салты екі жақтың отбасыларының арасын жақындатса керек. Осындай жақын да жылы қарым-қатынастың арқасында екі жақтың адамдары қиын шақта бір-біріне көмекке келетін. Бұған қоса, қалыңмал қыздың атастырылғанына дәлел болған және қыз енді әкесінің қанатының астынан күйеуінің қамқорлығына өтетінін білдірген.

Қалыңмал беру қыздың сатылатынын білдірмеген. Ежелдегі исраилдіктердің өмірі жайлы бір кітапта былай делінген: “Жігіт қалыңдығының отбасына ақшалай не басқа да құнды заттармен қалыңмал бергенде, сырт көзге оны сатып алып жатқандай көрінетін шығар. Бірақ қалыңмал қыздың құны емес, ата-анасына берілген өтемақы (компенсация) болса керек” (“Ancient Israel—Its Life and Institutions”).

Кей елдерде қалыңмал беру салты әлі де сақталған. Мәсіхші ата-ана қалыңмал сұрағанда, “есті екендері” бәріне көрініп тұру керек (Філіп. 4:5; Қор. 1-х. 10:32, 33). Олар ақшақұмарлық я ашкөздік танытып, қалыңмалға тым көп ақша сұрамайды (Тім. 2-х. 3:2). Сонда болашақ күйеубала қалтасы көтермейтін қалыңмалды табамын деп, тойды кейінге ысыруға немесе ізашарлығын тастап, толық уақыт жұмыс істеуге мәжбүр болмайды.

Тағы бір елдерде қалыңмалдың құны заң бойынша белгіленеді. Ондай жағдайда мәсіхші ата-аналар заңға бағынады. Өйткені Құдай Сөзінде “билік басындағыларға” және Құдайдың заңдарына қайшы келмейтін үкімет заңдарына бағынуымыз керектігі айтылған (Рим. 13:1; Ел. іс. 5:29).