Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ӨМІРБАЯН

Медицинадан да асып түсетін дүниені таптым

Медицинадан да асып түсетін дүниені таптым

МЕН енді ғана өз емханамды ашып, дәрігер болып жұмыс істей бастаған едім. Маған келген екі пациентпен сөйлескен соң, қуанып кетіп: “Бұл менің бала күнгі арманым ғой!”— дедім. Ал бұл кісілер кім еді? Мен айтып отырған бала күнгі арман, ол қандай арман? Сіздерге осы әңгіменің нәтижесінде өмірімдегі мақсаттар қалай түбегейлі өзгеріп кеткенін және балалық арманым орындалатынына неліктен сенімді екенімді айтып берейін.

Мен 1941 жылы Париж қаласында дүниеге келдім. Отбасымыздың тұрмыс жағдайы қарапайым болды. Он жасымда туберкулез ауруына шалдығып қалғандықтан, дәрігерлер енді мектепке бара алмайтынымды айтты. Өкпеме салмақ түсірмеу үшін маған үйде жату керек еді. Білімге қатты құмар болғандықтан, енді мектепте оқи алмайтыныма жаман болдым. Бірақ бірнеше ай бойы үйде сөздіктерді оқып, радио арқылы университеттің білім беру бағдарламасын тыңдап жүрдім. Ақырында мен емделіп шығып, дәрігерлер енді мектепке бара алатынымды айтқанда, қуанғаннан төбем көкке жетті! Сонда: “Дәрігер болған қандай керемет!”— деп ойладым. Содан бастап мен де адамдарды емдесем ғой деп армандадым. Әкем: “Өскенде кім боласың?”— деп сұраған сайын: “Дәрігер болам!”— деп жауап беретінмін. Осылай дәрігерлік менің ең басты арманыма айналды.

ҒЫЛЫМ МЕНІ ҚҰДАЙҒА ЖАҚЫНДАТТЫ

Біздің отбасымыз католик дінін ұстанатын. Бірақ мен Құдай туралы онша білмейтінмін, көп сұрағыма да жауап таба алмадым. Университетке түсіп, медицинаны оқи бастағанда ғана тіршілікті Құдай жаратқанына сенетін болдым.

Алғаш рет микроскоппен қызғалдақтың жасушаларын көргенім әлі есімде. Жасушаның құрамындағы заттар ыстық пен суықтан қалай қорғанатынына таңғалдым. Сондай-ақ цитоплазманың (жасушаның ішіндегі сұйықтық) тұзға салғанда жиырылып, суға салғанда үлкейетінін де көрдім. Ағзадағы осындай сансыз көп реакциялардың арқасында ол қоршаған ортаның өзгеруіне оңай бейімделе алады. Әрбір жасушаның қаншалықты күрделі екенін көргенде, тіршіліктің кездейсоқ пайда болмағанын түсіндім.

Медицинаны оқып жүрген екінші жылы Құдайдың бар екеніне одан сайын көзім жетті. Анатомия сабағында біз саусақтарымызды қалай бүгіп-жаза алатынымызды білдік. Қолымыздағы бұлшық еттер, сіңір байламдары мен сіңірлер өзара бірігіп, қандай қызмет атқаратынын көргенде инженерлер қайран қалады. Мысалы, білегіміздегі бұлшық еттен шығып, саусағымыздың ортаншы сүйегіне барып жабысатын сіңірді алайық. Бұл сіңірдің сүйекке жабысатын басы екіге бөлінген. Оның астында жатқан тағы бір сіңір бар. Ол әлгі сіңірдің екіге бөлінген жерінен өтіп, саусақтың ұшына барып бекиді. Екіге айырылған сіңірдің ортасында тұратындықтан, ол орнынан шығып кетпейді; және ары-бері еркін сырғиды. Бұл сіңірлерді сүйекке жақын ұстап тұратын майда әрі мықты талшықтар болады. Бұл механизмдер болмағанда, қолымыздағы сіңірлер садақтың жібіндей тартылып қалар еді. Содан саусағымызды дұрыстап бүгіп-жаза алмай қалар едік. Адам денесінің керемет құрастырылғанына қарап, мен оның асқан даналық пен ұшқыр ойдан туғанына еш күмәнім болмады.

Сәби жаңадан туылғанда өтетін процестерді зерттегенде, Жаратушының жасампаздығына одан бетер тамсана түстім. Жатырда жатқан сәби оттегіні анасынан кіндікбау арқылы алады. Өйткені оның өкпесіндегі кішкентай ауа қапшықтары (альвеолалар) әлі ауаға толмаған. Сәбидің туылатын уақыты жақындағанда, сол ауа қапшықтарының іші “сурфактант” деген сұйықтықпен майлана бастайды. Ал бала дүниеге келіп, алғашқы тынысын алғанда, оның ағзасында өте күрделі процестер бірінен соң бірі орын алады. Сонда не болады? Оның жүрегіндегі тесік жабылып қалады да, қан бірден өкпеге қарай бет алады. Сонда әлгі ауа қапшықтары сурфактантпен майланғанның арқасында бір-біріне жабыспай, тез-тез ауаға толады. Осының арқасында сәби алғаш рет өз бетінше тыныс ала бастайды.

Осындай таңғажайып құбылыстарды жаратқан Құдайды танығым келіп, мен Киелі кітапты жақсылап оқуға кірістім. Сөйтіп, сонау 3000 жылдан аса уақыт бұрын Құдайдың исраилдіктерге тазалыққа қатысты берген заңдарын оқып таңғалдым. Мысалы, Құдай оларға нәжісті көміп тастауды, үнемі жуынып-шайынуды және жұқпалы аурудың белгісі байқалған адамды бірден оқшаулауды бұйырыпты (Мұс. 3-ж. 13:50; 15:11; Мұс. 5-ж. 23:13). Ғалымдар аурулардың осылай таралатынын соңғы ғасырларда ғана ашты, ал Киелі кітапта бұл баяғыдан бері белгілі екен. Сондай-ақ Мұсаның 3-жазбасында Құдайдың жыныстық гигиенаға қатысты берген заңдары бүкіл ұлттың денсаулығын сақтаған (Мұс. 3-ж. 12:1—6; 15:16—24). Мен Жаратушының бұл заңдарды олардың игілігі үшін бергенін түсіндім. Бұйрықтарына мойынсұнған кезде, Құдай әрдайым халқын жарылқап отырған. Мен Киелі кітаптың Құдай рухының жетелеуімен жазылғанына толық көзім жетті. Бірақ маған оның есімі әлі беймәлім еді.

ӘЙЕЛІММЕН ТАНЫСЫП, СОСЫН ЕХОБАНЫ ТАБУЫМ

Лиди екеуіміздің үйленген күніміз, 1965 жыл, 3 сәуір

Университетте оқып, медициналық мансапқа ұмтылып жүргенде, Лиди деген қызға ғашық болып қалдым. 1965 жылы оқу мерзімінің ортасында біз үйлендік. 1971 жылға дейін бір ұл, екі қызымыз дүниеге келді. Бізде барлығы — алты бала. Жұбайым Лиди жұмыста да, отбасында да маған талмай қолдау көрсетті.

Ауруханада үш жыл жұмыс істегеннен кейін, мен өз емханамды аштым. Содан көп ұзамай, яғни 1971 жылы, басында айтып кеткен ерлі-зайыпты маған емделуге келді. Күйеуіне дәрі жазып берейін деп жатқанымда, әйелі: “Құрамында қан бар дәріні жазбаңызшы”,— деп өтінді. Мен таңғалып, себебін сұрағанымда, олар өздерінің Ехоба куәгерлері екенін айтты. Бұған дейін Куәгерлер жайлы да, олардың қанға деген көзқарастары жайлы да ештеңе білмеппін. Сонда әйелі не үшін қан құйдырмайтындарын Киелі кітаптан түсіндіріп берді (Ел. іс. 15:28, 29). Олар жақында Құдай Патшалығы орнап, қайғы-қасіретті, ауруды, өлімді жоқ қылатынын да айтты (Аян 21:3, 4). Сонда мен қуанып кетіп: “Бұл менің бала күнгі арманым ғой! Дәрігер болғаным да содан. Қиналған адамдарға көмектескім келді”,— дедім. Қызығып кеткенім сонша — олармен сөйлесіп, бір жарым сағаттың қалай өтіп кеткенін байқамай қалдым. Олар кеткен соң, мен бұдан былай католик болғым келмейтінін түсіндім. Сонша жылдан бері тамсанып жүрген Жаратушының есімін ақыры білдім. Ол Ехоба екен!

Кейін бұл Куәгерлер менің емханама тағы үш рет келді. Біздің әңгімеміз бір сағаттан асып кететін. Киелі кітап жайлы көбірек сөйлесу үшін мен оларды үйіме шақырдым. Әйелім Лиди зерттеу сабағына қатысуға келіскенімен, католик дінінің кейбір ілімдері қате екенін мойындай қоймады. Сондықтан үйге бір священникті шақырдым. Біз тек Киелі кітапқа сүйене отырып, түнге дейін онымен пікір таластырдық. Осыдан кейін Лидидің Ехоба куәгерлері шындықты үйрететініне көзі жетті. Содан бастап біздің Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз арта берді. Біз 1974 жылы шомылдыру рәсімінен өттік.

ӨМІРІМНІҢ ТӨРІНДЕ ЕНДІ ЕХОБА

Құдайдың адамзатқа қатысты ниеті жайлы білгенде, өмірімдегі құндылықтарым өзгеріп кетті. Ехобаға қызмет ету Лиди екеуіміздің өміріміздегі басты мақсатқа айналды. Сондай-ақ балаларымызды Киелі кітаптың тәлім-тәрбиесін беріп өсіреміз деп бекіндік. Біз Құдайды және адамдарды сүюді басты қағида етіп алдық. Осы нәрсе біздің отбасымыздың береке-бірлігін сақтап тұрды (Мат. 22:37—39).

Лиди екеуіміз жиі өткенді еске алып, бір күліп аламыз. Балаларымыз екеуіміздің шешіміміз үнемі бір жерден шығатынын біліп отырушы еді. Исаның “иә дегендерің “иә”, ал “жоқ” дегендерің “жоқ” болсын” деген сөздері біздің үйдің ережесі болатын (Мат. 5:37). Бірде 17 жасар қызымыз жастармен бірге қыдырып қайтуға сұранғанда, Лиди рұқсат бермей қойды. Сонда бір досы оған: “Онда әкеңнен сұрап көрсейші”,— депті. Қызым болса: “Одан пайда жоқ, олар не шешсе де, бірге келісіп алады”,— деген екен. Осылайша алты баламыз да екеуіміздің Киелі кітап принципі бойынша бірлесе әрекет ететінімізді көріп өсті. Бүгінде отбасымыз үлкейіп, басым көпшілігі Ехобаға қызмет ететінімізге өте қуаныштымыз.

Шындық өмірлік мақсаттарымды өзгертіп жіберсе де, дәрігерлік білімімді Құдай халқының игілігі үшін жаратқым келді. Сондықтан алдымен Париждегі Бетелде, кейін Лувье қаласындағы жаңа Бетелде дәрігер болып ерікті қызмет атқардым. Бетелге барып көмектесіп жүргеніме осымен 50 жыл болыпты. Ол жақта өзіме өте қымбат достар таптым. Кейбірінің жасы қазір тоқсанға келіп қалған. Бірде Бетелге бір жаңадан келген жас бауырласпен танысып, қызық жағдай болды. Анасына 20 жыл бұрын оны дүниеге алып келуге көмектескен екенмін!

ЕХОБА ӨЗ ХАЛҚЫН ҚАЛАЙ ҚАМҚОРЛАЙТЫНЫНА КУӘ БОЛУЫМ

Осы жылдар ішінде мен Ехоба ұйымы арқылы халқын қалай қорғап, бағыттайтынын көргенде, оған деген сүйіспеншілігім тереңдей берді. 1980 жылдардың басында Басқарушы кеңес Құрама Штаттарда бір шараға бастама берді. Оның мақсаты дәрігерлерге Куәгерлердің қанға қатысты көзқарасын жақсырақ түсінуге көмектесу еді.

1988 жылы Басқарушы кеңес Бетелде Медициналық мәлімет бөлімін ашты. Алғашында бұл бөлім АҚШ-та құралған Ауруханалармен байланыс комитеттерінің (АБК) үстінен қарайтын. Бұл комитет бауырластарға қанға қатысты көзқарасымызды құрметтейтін дәрігерлерді табуға көмектесетін. Кейін АБК басқа елдерде, соның ішінде Францияда да ашылды. Ехобаның ұйымы дер кезінде науқас бауырластарды қолдап, сүйіспеншілік көрсететініне қатты ризамын.

АРМАНЫМНЫҢ ОРЫНДАЛУЫ

Құдай Патшалығы туралы қуанышты хабарды уағыздауға әлі де атсалысып жүрміз

Дәрігер болып, адамдарды емдеу менің басты арманым еді. Бірақ өмірдегі құндылықтарымды саралай келе, одан да маңыздысы — адамдарды рухани емдеу, яғни өмірдің қайнар көзі Ехоба Құдаймен таныстырып-табыстыру екенін түсіндім. Мен зейнетке шыққан соң, Лиди екеуіміз тұрақты ізашар болып Құдай Патшалығы жайлы ізгі хабарды уағыздауға көп уақыт арнадық. Өмірлік маңызы бар осы істе қазір де қолымыздан келгенше еңбек етіп жүрміз.

Лиди екеуіміз, 2021 жыл

Мен қазір де науқас адамдарға медициналық көмек көрсетіп жүрмін. Бірақ ең мықты дәрігердің өзі адамды барлық ауруынан сауықтырып, өлімнен аман алып қала алмайтынын жақсы түсінемін. Сондықтан ауру, өлім атымен жоқ болатын заманды аңсаймын. Жаңа дүниеде мен мәңгілік бойы Құдайдың жаратылыстарын, адам ағзасын қандай керемет етіп жаратқанын зерттей аламын. Ол уақыт өте жақын. Сол кезде менің бала күнгі арманым толықтай орындалатын болады. Ең жақсының бәрі алда, мен бұған сенімдімін!