Ата-ананы құрметтеуге не жатады?
Киелі кітаптың жауабы
Киелі кітапта “әке-шешеңді құрметте” деген өсиет жиі келтіріледі (Мұсаның 2-жазбасы 20:12; Мұсаның 5-жазбасы 5:16; Матай 15:4; Ефестіктерге 6:2, 3). Қазір ата-ананы құрметтеудің негізгі төрт жолын қарастырайық.
Бағалау. Ата-анамыздың біз үшін жасаған барлық жақсылығын бағаласақ, оларды құрметтейтін боламыз. Бұған олардың берген ақыл-кеңесіне ризашылық білдіру де жатады (Нақыл сөздер 7:1, 2; 23:26). Киелі кітап бізді ата-анамызды мақтан тұтуға шақырады (Нақыл сөздер 17:6).
Тілін алу. Әсіресе жас кезімізде, Құдайдың ата-анаға құзыр бергенін мойындайтын болсақ, оларды құрметтейтінімізді көрсетеміз. Киелі кітапта жастарға қатысты: “Балалар, әрдайым ата-аналарыңа мойынсұныңдар, өйткені бұл Иемізге ұнайды”,— деген сөздер бар (Қолостықтарға 3:20). Тіпті Иса пайғамбардың өзі бала кезінде ата-анасына мойынсұнған (Лұқа 2:51).
Қадірлеу (Мұсаның 3-жазбасы 19:3; Еврейлерге 12:9). Бұл жиі біздің оларға не айтатынымыздан және қалай айтатынымыздан көрінеді. Рас, кейде ата-анамыздың кейбір әрекетінен оларды құрметтеу қиындау болатын шығар. Бірақ ондай жағдайда да, дөрекі сөзден не өрескел әрекеттен аулақ болуымыз керек (Нақыл сөздер 30:17). Киелі кітап әке-шешеге тіл тигізу ауыр күнә екенін айтады (Матай 15:4).
Қамын жасау. Ата-ана қартайған кезде көмекке зәру болады. Осындайда мейлінше қамдарын жасайтын болсақ, оларды құрмет тұтатынымызды көрсетеміз (Тімөтеге 1-хат 5:4, 8). Мысалы, Иса пайғамбар да қайтыс боларының алдында анасының қамын жасап кеткен (Жохан 19:25—27).
Ата-ананы құрметтеуге қатысты қате пікірлер
Қате пікір: Адам ата-анасына өз отбасының ісіне араласуларына жол берсе, оларды құрметтегені.
Шындық: Киелі кітап бойынша, неке одағы кез келген туыстық қарым-қатынастан жоғары. Онда: “Еркек әке-шешесін қалдырып, әйеліне қосылады”,— делінген (Мұсаның 1-жазбасы 2:24; Матай 19:4, 5). Әрине, неке құрған екі адам ата-аналары мен ата-енелерінің ақылына жүгіне алады (Нақыл сөздер 23:22). Бірақ олар туған-туыстары некелеріне қаншалықты араласа алатынын шешіп, қандай да бір шектеу қоя алады (Матай 19:6).
Қате пікір: Ата-ананың барлық жерде құзыры жүреді.
Шындық: Құдай ата-аналарға отбасыларына құзыры жүретіндей билік бергені рас. Бірақ адамның қолына тиген барлық биліктің шегі бар. Олардың ешқайсысы Құдайдың билігінен асып түсе алмайды. Иса пайғамбардың шәкірттері Жоғарғы соттың алдында тұрғанда, оларға Құдайдың заңына қайшы келетін бұйрық беріледі. Сонда олар: “Билеуші ретінде бірінші кезекте адамға емес, Құдайға мойынсұнуымыз керек”,— деп жауап береді (Елшілердің істері 5:27—29). Сол сияқты, балалар да “Құдайдың еркіне сай” болғанда, яғни Құдайдың заңдарына қайшы келмейтін кездің бәрінде ата-аналарына мойынсұнады (Ефестіктерге 6:1).
Қате пікір: Ата-анасына құрмет көрсететін адам олардың дінін де ұстанады.
Шындық: Киелі кітап естіп білген нәрселерімізді тексеріп, растығына көз жеткізуге шақырады (Елшілердің істері 17:11; Жоханның 1-хаты 4:1). Осылай еткен адам ақырында ата-анасынікінен өзге дінді таңдауы мүмкін. Киелі кітап жазылған заманда Құдайға қызмет еткен кейбір адамдар ата-анасының дінін ұстанбаған. Солардың арасында Ыбырайым пайғамбар, Рут деген әйел және Иса пайғамбардың елшісі Пауыл бар (Ешуа 24:2, 14, 15; Рут 1:15, 16; Ғалаттықтарға 1:14—16, 22—24).
Қате пікір: Ата-анасын құрмет тұтатын адам ата-баба аруағына сиынуға міндетті.
Шындық: Құдай Сөзі Киелі кітапта: “Ехоба Құдайыңа ғибадат етіп, тек соған ғана қызмет ет”,— делінген (Лұқа 4:8). Ата-баба аруағына сиынатын адамды Құдай жаратпайды. Оның үстіне, Киелі кітапта “өлгендердің ештеңе білмейтіні” айтылған. Олар өздеріне құрмет көрсетіліп жатқанынан мүлдем бейхабар. Ал тірі адамдарға олар жақсылық та, жамандық та жасай алмайды (Уағыздаушы 9:5, 10; Ишая 8:19).