Мазмұнға өту

Менің өлгім келеді. Өз-өзіме қол жұмсағым келгенде, Киелі кітап маған көмектесе ала ма?

Менің өлгім келеді. Өз-өзіме қол жұмсағым келгенде, Киелі кітап маған көмектесе ала ма?

Киелі кітаптың жауабы

 Иә, көмектесе алады. Өйткені Киелі кітап — “еңсесі түскендерді жұбататын Құдайдың” Сөзі (Қорынттықтарға 2-хат 7:6). Киелі кітап психологиялық кітап болмаса да, ол өзіне қол жұмсағысы келетін көп адамға жаман ойлардан арылуға көмектескен. Ондағы кеңестер сізге де көмек бола алады.

 Киелі кітапта қандай тиімді кеңестер бар?

  • Сезімдеріңізді басқаларға айтыңыз.

     Киелі кітаптың айтары: “Нағыз дос әрқашан жақсы көрер, Ол — бауырың қиын шақта арқа сүйер” (Нақыл сөздер 17:17).

     Мағынасы: Көңіліміз түсіп, мұңайғанда, өзгелердің көмегіне мұқтаж боламыз.

     Қандай күй кешіп жүргеніңізді ешкімге айтпасаңыз, еңсеңізді басқан ауыр жүкті көтере алмай қалуыңыз мүмкін. Ал біреуге айтсаңыз, жүгіңіз жеңілдеп, жағдайыңызға басқаша қарай бастауыңыз мүмкін.

     Былай істеп көріңіз: Бүгіннен қалдырмай отбасыңыздағы біреумен не сенім артатын досыңызбен сөйлесіңіз a. Сондай-ақ сезімдеріңізді қағаз бетіне түсірсеңіз болады.

  • Мамандардың көмегіне жүгініңіз.

     Киелі кітаптың айтары: “Дәрігер денсаулығы жақсы адамдарға емес, ауруларға қажет” (Матай 9:12).

     Мағынасы: Ауырғанда медициналық көмек іздеуіміз қажет.

     Суицид жасау туралы ойлар психикалық не эмоциялық аурулардың белгісі болуы мүмкін. Бұлар да аурудың бір түрі. Сондықтан одан ұялудың қажеті жоқ. Психикалық және эмоциялық ауруларды да емдеп жазуға болады.

     Былай істеп көріңіз: Мүмкіндігінше тез арада маманның көмегіне жүгініңіз.

  • Құдай қамыңызды ойлайтынын есте ұстаңыз.

     Киелі кітаптың айтары: “Бес торғай екі тиынға сатылады емес пе? Десе де Құдай олардың бірде-біреуін ұмытпайды... Қорықпаңдар, сендер көп торғайдан әлдеқайда қымбатсыңдар!” (Лұқа 12:6, 7).

     Мағынасы: Сіз Құдай үшін қымбатсыз.

     Өзіңізді жалғыз сезінетін шығарсыз, бірақ Құдай сіздің қандай күй кешіп жүргеніңізді біледі. Тіпті өмір сүруге құштарлығыңызды жоғалтып алсаңыз да, ол сіздің қамыңызды ойлайды. Зәбүр 51:17-де: “Жаралы, күйзелген жүрекке, уа, Құдайым, сен теріс қарамайсың”,— делінген. Құдай сіздің өмір сүргеніңізді қалайды, өйткені ол сізді жақсы көреді.

     Былай істеп көріңіз: Киелі кітаптан Құдай сізді жақсы көретініне дәлелдер іздеңіз. Мысалы, “Ехобаға жақында” кітабының 24-тарауын оқып көрсеңіз болады.

  • Құдайға дұға етіңіз.

     Киелі кітаптың айтары: “Бар уайымдарыңды Құдайға артыңдар, себебі ол қамдарыңды ойлайды” (Петірдің 1-хаты 5:7).

     Мағынасы: Құдай сіздің не сезініп, нені уайымдап жүргеніңізді оған жасырмай айтқаныңызды қалайды.

     Ол қиындығыңызды еңсеруге күш береді, әрі жантыныштығын да сыйлайды (Філіпіліктерге 4:6, 7, 13). Осылайша ол шын жүректен дұға етіп, көмек сұрағандарға қол ұшын береді (Зәбүр 55:22).

     Былай істеп көріңіз: Бүгіннен қалдырмай Құдайға дұға етіңіз. Оны Ехоба деген есімімен атап, сезімдеріңізді еш бүкпей айтыңыз (Зәбүр 83:18). Қиындықтарыңызбен күресуге көмек сұраңыз.

  • Киелі кітаптағы болашаққа деген үміт жайлы ойланыңыз.

     Киелі кітаптың айтары: “Жанымыздың зәкірі іспетті болған бұл үміт сенімді әрі берік” (Еврейлерге 6:19).

     Мағынасы: Көңіл-күйіңіз бірде олай, бірде бұлай болып мың құбылуы мүмкін. Бірақ Киелі кітаптағы үміт көңіліңізді жайландыра алады.

     Бұл үміт — құр қиял емес. Ол Құдайдың бізді “барлық азаптан арылтамын” деген уәдесіне негізделген (Аян 21:4).

     Былай істеп көріңіз: Киелі кітаптағы үміт жайлы көбірек білу үшін, “Жарқын болашаққа жарық үміт” деген мақаланы оқып көріңіз.

  • Жаныңыз сүйетін іспен айналысыңыз.

     Киелі кітаптың айтары: “Қуанышты жүрек жақсы шипа болар” (Нақыл сөздер 17:22).

     Мағынасы: Жақсы көретін ісімізбен айналысқанда, психикалық және эмоциялық күйіміз жақсарады.

     Былай істеп көріңіз: Өзіңізге ұнайтын іспен айналысыңыз. Мысалы, көңіл көтеретін ән тыңдаңыз, жігер беретін бір нәрсе оқыңыз не қандай да бір хоббимен айналысыңыз. Сондай-ақ өзгелерге көмектессеңіз, тіпті кішкентай бір нәрсе істесеңіз де, көңіліңіз марқайып қалады (Елшілердің істері 20:35).

  • Денсаулығыңызды күтіңіз.

     Киелі кітаптың айтары: “Денені жаттықтырудың пайдасы [бар]” (Тімөтеге 1-хат 4:8).

     Мағынасы: Жаттығу жасаудың, жеткілікті ұйықтаудың және дұрыс тамақтанудың пайдасы көп.

     Былай істеп көріңіз: 15 минут болса да, таза ауада жүріп қайтыңыз.

  • Қазіргі сезімдеріңіз де, өмірдегі жағдайлар да өзгеретінін ұмытпаңыз.

     Киелі кітаптың айтары: “Сендер ертең өмірлеріңде не болатынын білмейсіңдер” (Жақып 4:14).

     Мағынасы: Көңіліңізді жабырқататын проблемалар еш шешілмейтіндей көрінсе де, олар уақытша болуы мүмкін.

     Бұлттан кейін күн шығатынындай, бүгінгі жағдайыңыз қаншалықты қиын болмасын, ертеңгі күні бәрі жақсаруы мүмкін. Сондықтан еш берілмей, қиындықтан шығудың жолын іздеңіз (Қорынттықтарға 2-хат 4:8). Көңіліңізді құлазытқан жағдай уақыт өте өзгеруі мүмкін. Бірақ өміріңізге қол салсаңыз, уақытты кері қайтара алмайсыз.

     Былай істеп көріңіз: Киелі кітаптан қатты түңіліп, өмір сүргісі келмеген адамдар жайлы оқып көріңіз. Уақыт өте олардың жағдайлары өздері ойламаған жолмен жақсы жаққа қарай өзгерген. Кейбір мысалдарды қарастырып көрейік.

 Киелі кітапта өлгісі келген адамдар туралы жазылған ба?

 Иә, Киелі кітапта өмір сүргісі келмеген адамдардың оқиғалары бар. Бірақ Құдай оларды айыптамаған, қайта, көмек қолын созған. Ол сізге де көмектесе алады.

Ілияс

  •   Ол кім болған? Ілияс ержүрек пайғамбар болған. Бірақ оның да көңілі түскен кездері болды. Жақып 5:17-де: “Ілияс пайғамбар біздікіндей сезімі бар адам болған”,— деп жазылған.

  •   Ол неге өлгісі келді? Өмірінің бір кезеңінде ол жападан жалғыз қалғандай болды, қорқынышқа бой алдырып, өзін керексіз сезінді. Сондықтан Ехобаға: “Жанымды ала көр”,— деп жалбарынды (Патшалар 1-жазба 19:4).

  •   Оған не көмек болды? Ілияс Құдайға қандай күй кешіп жүргенін ашық айтты. Сонда Құдай оның қамын ойлайтынын көрсетті және оған құдіретін паш етті. Сондай-ақ оны әрі қарай да пайғамбары ретінде қолдана беретініне сендірді және оған қамқор да сенімді көмекші берді.

  •   Ілияс туралы оқыңыз: Патшалар 1-жазба 19:2—18.

Әйүп

  •   Ол кім болған? Әйүп шынайы Құдайға қызмет еткен. Ол бақуатты кісі болған әрі үлкен отбасының отағасы болған.

  •   Ол неге өлгісі келді? Бір мезетте оның өмірінің күл-талқаны шықты: бар дүниесінен айырылды; балаларының барлығы апаттан көз жұмды; ал өзі ауыр дертке шалдығып, жаны әбден қиналды. Бұл аздай, өзгелер оны “бұлардың бәріне өзің кінәлісің” деп аяусыз айыптады. Жаны қиналған Әйүп: “Өмірден жиренемін, бұдан әрі тірі жүргім келмейді”,— деген (Әйүп 7:16).

  •   Оған не көмек болды? Әйүп Құдайға дұға еткен, өзгелермен де сөйлескен (Әйүп 10:1—3). Оның жанашыр досы Елиху оған жағдайға басқаша қарауға көмектескен. Ең бастысы — ол Құдайдың кеңесіне құлақ асып, оның көмегін қабыл алған.

  •   Әйүп туралы оқыңыз: Әйүп 1:1—3, 13—22; 2:7; 3:1—13; 36:1—7; 38:1—3; 42:1, 2, 10—13.

Мұса

  •   Ол кім болған? Мұса ежелгі Исраил халқының басшысы әрі пайғамбар болған.

  •   Ол неге өлгісі келді? Оның мойнында жауапкершіліктері көп болған, ал халық оны қайта-қайта сынап-мінеген. Әбден қажыған Мұса Құдайдан: “Өтінемін, мені дәл қазір өлтіре сал”,— деп сұраған (Мұсаның 4-жазбасы 11:11, 15).

  •   Оған не көмек болды? Мұса Құдайға қандай күй кешіп жатқанын ашық айтқан. Құдай оның жүгін жеңілдетіп, уайымын азайтқан.

  •   Мұса туралы оқыңыз: Мұсаның 4-жазбасы 11:4—6, 10—17.

a Сізге суицид жасау туралы ойлар маза бермесе әрі сондай кезде жақындарыңыз қасыңызда болмаса, сенім телефонына не шұғыл қызмет телефон нөмірлеріне хабарласыңыз.