Реинкарнация Киелі кітап ілімі ме?
Киелі кітаптың жауабы
Жоқ, бұл Киелі кітаптың ілімі емес. Киелі кітапта “реинкарнация” деген сөз де, ұғым да жоқ. Реинкарнация өлмес жан a туралы ілімге негізделген. Бірақ Киелі кітапта жан дегеніміз адамның өзі екені әрі оның өлетіні айтылған (Мұсаның 1-жазбасы 2:7, сілтеме; Езекиел 18:4). Өлгенде адам тіршілік етуін тоқтатады (Мұсаның 1-жазбасы 3:19; Уағыздаушы 9:5, 6).
Реинкарнация мен қайта тірілудің айырмашылығы неде?
Киелі кітаптағы қайта тірілу ілімі өлмес жан туралы ілімге негізделмеген. Қайта тірілу кезінде өліп кеткен адамдар Құдай құдіретімен қайтадан өмірге оралады (Матай 22:23, 29; Елшілердің істері 24:15). Бұл ілім өліп кеткен адамдар болашақта жердегі жұмақта тіріліп, сосын енді қайтып өлмейді деп үйретеді (Петірдің 2-хаты 3:13; Аян 21:3, 4).
Жаңсақ пікірлер мен Киелі кітап
Жаңсақ пікір: Киелі кітапта Ілияс пайғамбардың шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия болып келгені айтылған.
Шындық: Құдай: “Сендерге Ілияс пайғамбарды жіберемін”,— деген пайғамбарлық айтқан. Иса бұл сөздердің шомылдыру рәсімін жасаушы Жақияда орындалғанын көрсетті (Малахи 4:5, 6; Матай 11:13, 14). Бірақ бұл Ілияс тура мағынада Жақия болып келді дегенді білдірмейді. Өйткені Жақияның өзі “Ілияс емеспін” деп айтқан (Жохан 1:21). Қайта, Жақия Ілиястікіне ұқсас іс атқарған, яғни өкіну жайлы Құдайдың хабарын жариялаған (Патшалар 1-жазба 18:36, 37; Матай 3:1, 2). Сондай-ақ ол да Ілияс сияқты құлшынысты әрі күш-қуаты мол пайғамбар болған (Лұқа 1:13—17).
Жаңсақ пікір: Киелі кітаптағы “қайтадан туылу” деген сөз реинкарнацияға нұсқайды.
Шындық: Киелі кітапта “қайта туылу” деп адамның көзі тірісінде рухани жағынан қайта туылуын білдіреді (Жохан 1:12, 13). Бұл қайта туылу адамның бұрынғы істерінің салдары емес, жарқын болашаққа үміт беретін Құдайдың батасы болып табылады (Жохан 3:3; Петірдің 1-хаты 1:3, 4)
a Өлмес жан мен реинкарнация ілімі көне Бабылдан бастау алған. Ғасырлар өте үнді философтары Карма ілімін қалыптастырды. Бір танымал энциклопедияға сай, Карма деген — “себеп-салдар заңдылығы, яғни адамның қазіргі өмірінде істеп жатқаны келесі өміріне әсер етеді” (“Britannica Encyclopedia of World Religions”, 913-бет).