Киелі кітапта басқаларға беруге қатысты не делінген?
Киелі кітаптың жауабы
Киелі кітапта біз басқаларға бірдеңе бергіміз келсе, мұны дұрыс ниетпен, өзіміз қалап беруіміз керектігі айтылады. Сонда алған кісі ғана емес, берген кісі де қуанышқа кенеледі (Нақыл сөздер 11:25; Лұқа 6:38). Иса пайғамбар: “Алғаннан гөрі берген бақытты”,— деген (Елшілердің істері 20:35).
Қандай ниетпен бергенде, Құдай разы болады?
Басқаларға өз еркімізбен, шын жүректен берсек, Құдай разы болады. “Әркім жүрек шешіміне қарай, еш қиналмай, зорлықсыз берсін, себебі Құдай қуанышпен беретіндерді жақсы көреді”,— делінген оның Сөзі Киелі кітапта (Қорынттықтарға 2-хат 9:7).
Шын жүректен беру — Құдайға ұнайтын ғибадатты ұстанатындарға тән қасиет (Жақып 1:27). Мұқтаждарға қолы ашық жандарды Ехоба Құдай жақсы көреді. Ол жомарттықпен беретіндерге өзін қарыздармын деп есептейді (Нақыл сөздер 19:17). Киелі кітапта Құдай олардың жақсылығын міндетті түрде қайтаратыны айтылады (Лұқа 14:12—14).
Қандай ниетпен бергенде, Құдай разы болмайды?
Егер берген адам өз пайдасын көздесе, бұл Құдайға ұнамайды. Мысалы, мынадай ниетпен берсе:
жұрттың көзіне түсу үшін (Матай 6:2);
орнына бірдеңе алу үшін (Лұқа 14:12—14);
Егер Құдайға жеркенішті нәрселерді қолдау үшін берсек, бұған ол разы болмайды. Мысалы, біреуге құмар ойындар ойнауға, темекі, ішімдік не есірткі алуға ақша берсек, бұл дұрыс болмас еді (Қорынттықтарға 1-хат 6:9, 10; Қорынттықтарға 2-хат 7:1). Сондай-ақ өз күнін өзі көре алатын, бірақ бұдан әдейі бас тартатын адамға бергеніміз де жарамайды (Салоникалықтарға 2-хат 3:10).
Басқаларға беріп, бірақ өз үй ішіміздің қамын жасамасақ, бұған Құдай разы болмайды. Киелі кітапта отағасы үй ішіндегілердің қамын ойлау керектігі айтылады (Тімөтеге 1-хат 5:8). Ол басқалардың қамын ойлаймын деп өз отбасын елеусіз қалдырса, бұл дұрыс болмайды. Иса пайғамбар қолда барын “Құдайға бағышталған тарту” деп сылтауратып, қарт ата-анасының қамын ойлаудан бас тартқандарды айыптаған (Марқа 7:9—13).