Алланың шын аты кім?
Киелі кітаптың жауабы
Киелі жазбаларда Алла Тағаланың “Құдіреті шексіз Құдай”, “Әлемнің Әміршісі”, “Жаратушы” сынды сипаттары немесе лауазымдары көп (Мұсаның 1-жазбасы 17:1; Елшілердің істері 4:24; Петірдің 1-хаты 4:19). Бірақ ол Жазбаларда қызметшілеріне өзінің шын есімін ашқан, әрі өзін сол есіммен атағанын қалайды. Ал оның шын есімі кім? Құдай Ишая деген пайғамбарға: “Мен Ехобамын. Бұл — менің есімім”,— деп айтқан (Ишая 42:8).
Алланың осы есімі Киелі кітаптың көптеген аудармаларында кездеседі. Мысалы, Мұсаның 2-жазбасы 6:3-те Құдайдың Мұса пайғамбарға: “Ыбырайымға, Ысқаққа және Жақыпқа Құдіреті шексіз Құдай ретінде көрінгенмін, бірақ Ехоба деген есіміммен оларға толық ашылған емеспін”,— деген сөзі жазылған.
“Ехоба” — Құдай есімнің қазақша айтылуы. Киелі кітапты зерттеген көп ғалымдар бұл есімді “Яхве” деп айтуды жөн көргенмен (“Жаңа өмір” баспасы шығарған Киелі кітапта Мұсаның 2-жазбасы 3:15-тің сілтемесінде “Яһуә” делінген), көптеген тілде оның “Ехоба” деген формасы кең тараған. Киелі жазбалардың алғашқы бөлігі еврей тілінде жазылған. Сөздер оңнан солға қарай жазылған осы тілде Алланың есімі יהוה деген төрт дауыссыз әріптен құралған. ЙХВХ деп транслитерацияланатын бұл төрт әріп “тетраграмматон” деп аталады.