Мазмұнға өту

ОТБАСЫҢЫЗ БЕРЕКЕЛІ БОЛСЫН

Балаңыздың үлгерімін қалай жақсарта аласыз?

Балаңыздың үлгерімін қалай жақсарта аласыз?

 Балаңыздың сабаққа деген ықыласы жоқ сияқты: ол сабақ оқымаудың, үй тапсырмасын орындамаудың амалын іздейді. Бұның нәтижесі қандай болмақ? Бұл оның оқу үлгерімін төмендетеді, тәртібі мен мінез-құлқына да кері ықпал етеді. Ендеше, балаңызға оқу үлгерімін жақсартуға қалай көмектесе аласыз?

 Мұны білген жөн

 Балаға қысым жасау жағдайды ұшықтырады. Егер балаңызға қысым көрсетсеңіз ол мектепте де, үйде де өзін жаман сезінетін болады! Бала ұрыс естімеу үшін, өтірік айта бастауы мүмкін. Бәлкім, ол күнделігін не табелін көрсетпеудің амалын жасайтын шығар. Ал мектептегі қиындықтан қашу үшін бала сабақтан қалуы не одан қашуы мүмкін. Демек балаға қысым жасау проблеманы тек қана ұшықтырады.

 Балаға сыйлық беріп оқуға талпындыру оң нәтиже әкелмеуі мүмкін. Эндрю есімді бір әке былай дейді: “Қызымыздың оқуға деген ынтасын арттыру үшін, біз оған жақсы баға алған күндері сыйлық беретінбіз. Бірақ кейін ол тек сыйлық алу үшін ғана сабақ оқитын болды. Ол төмен баға алғанда, баға үшін емес, сыйлық алмағаны үшін көңілі түсетін”.

 Мұғалімдерді айыптау жақсы нәтиже әкелмейді. Мұндайда бала жақсы нәтижеге жету үшін күш салудың қажеті жоқ деп тұжырымдауы мүмкін. Сондай-ақ ол қателіктерін басқаларға жабуға немесе проблемаларын өзгелер шешіп береді деп күтуге дағдылануы мүмкін. Қысқа қайырып айтсақ, балаңыздың үлгерімі үшін өзгелерді айыптасаңыз, балаңыз өз істері үшін жауапкершілік сезінуді үйренбейді. Ал бұл оған өскенде керек болатын қасиет.

 Сіз не істей аласыз?

 Ашуыңызды тізгіндеңіз. Балаңызбен ашу үстінде сөйлеспеңіз. “Баламызға түсінікпен қарап, сабырмен сөйлескенде, жақсы нәтижеге қол жеткізетінімізді байқадық”,— дейді Брет есімді отағасы мен оның жұбайы.

 Киелі кітаптың кеңесі: “Әркім тыңдауға жүйрік, сөйлеуге және ашулануға баяу болсын” (Жақып 1:19).

 Проблеманың түптамырын табуға тырысыңыз. Балаңызды бірден жалқау деп ойлауға асықпаңыз. Баланың оқу үлгерімінің төмендеуіне көп нәрсе себеп болуы мүмкін. Мысалы, бұзақылардың тиісуі, жаңа мектепке ауысуы, емтихандарды уайымдауы, отбасындағы келеңсіз жағдайлар, ұйқының қанбауы, уақытты дұрыс жоспарлай алмауы, бос нәрселерге алаңдауы балаға сабақ оқуға кедергі болып жатады.

 Киелі кітаптың кеңесі: “Мәселенің байыбына баратын табысқа жетеді” (Нақыл сөздер 16:20).

 Балаңызға сабақ оқуға жағдай жасаңыз. Балаңызға нақты сабақ оқитын уақытты белгілеп қойыңыз. Сондай-ақ балаңыздың сабақ оқитын жері тыныш болғаны жақсы. Ол жерде теледидар, ұялы телефон сияқты алаңдататын нәрселер болмағаны дұрыс. Балаңыз үйге берілген тапсырмаларды орындауға қиналмас үшін оларды бірнеше бөлікке бөліп орындасын. Германияда тұратын Хектор есімді әке былай дейді: “Біз бақылау жұмысына тақалған кезде емес, ақырындап алдын-ала дайындала беруге тырысамыз”.

 Киелі кітаптың кеңесі: “Әр нәрсенің өз уақыты бар” (Уағыздаушы 3:1).

 Балаңыздың сабаққа деген ынтасын арттырыңыз. Балаңыз мектептің пайдасын қазірдің өзінде көре алатынын түсінсе, сабақ оқуға деген ықыласы арта түседі. Мысалы, оның математиканы білгені қалтасындағы ақшасын даналықпен жұмсауға көмектеседі.

 Киелі кітаптың кеңесі: “Даналыққа кенел, түсінікке ие бол”... “оны жоғары бағала” (Нақыл сөздер 4:5, 8).

 Кеңес: Балаңызға үй жұмысын орындауға көмектесіңіз, бірақ оны өзіңіз орындап бермеңіз. Эндрю: “Қызымыз өзі ойланғысы келмей, біздің білімімізге арқа сүйейтін”, — деп мойындады. Балаңызға үй тапсырмаларын қалай өзі орындай алатынын үйретіңіз.