Мазмұнға өту

ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

Ақшаны дұрыс жұмсауды қалай үйрене аламын?

Ақшаны дұрыс жұмсауды қалай үйрене аламын?

“Жақында мен дүкенге жай аралап шығу үшін кірген едім. Соңында өзім ойламаған өте қымбат бір затты сатып алдым” (Колин).

Колин ақшаны дұрыс жұмсай алмайтынын мойындайды. Сенің де осындай әлсіздігің бар ма? Солай болса, осы мақала сен үшін.

 Ақшаны дұрыс жұмсай білу неге маңызды?

Қате пікір. Ақшаны үнемдеп жұмсау еркіндігіңді шектейді.

Шындық. Ақшаны дұрыс жұмсағаның, қайта, көбірек еркіндік береді. “Ақша ұстай білсең, бүгін де, ертең де қалаған затыңды алуыңа қажетті ақшаң болады”,— деп жазылған бір кітапта (“I’m Broke! The Money Handbook”).

Ақшаны орнымен жұмсай білсең...

  • Қажет кезде жеткілікті ақшаң болады. Инесса есімді бір жасөспірім қыз былай дейді: “Мен оңтүстік Америкаға қыдырып барғым келеді. Ақша жаратқанда, осы мақсатымды есте ұстап, үнемдеуге тырысамын”.

  • Қарызың азаяды не мүлдем болмайды. Киелі кітапта: “Қарыздар жан қарыз берушінің құлы болар”,— делінген (Нақыл сөздер 22:7). Анна есімді қыз осы сөздерді растап былай дейді: “Қарыз дегенің — нағыз қолбайлау. Ал қарызың болмаса, мақсаттарыңа көз тіге аласың”.

  • Есейгенің көрінеді. Ақшаны дұрыс жарата білетін адам ересек өмірге анағұрлым дайын болады. “Бұл — болашаққа, өз басымды алып жүретін шаққа, жақсы дайындық,— дейді 20 жастағы Джин.— Қазір ақшаны ұстай білуді үйренсем, демек, болашақта да осылай ете аламын”.

Ойтүйін. “Ақшаны тиімді жұмсай білу — ата-анадан бөлек тұратын өмірге дайындайтын алғашқы қадам. Ол — өмір бойы керек болатын қабілет” (“The Complete Guide to Personal Finance: For Teenagers and College Students”).

 Былай етіп көр

Әлсіздіктеріңді көре біл. Қайта-қайта ақшаң жетпей қала беретінін байқасаң, алдымен ақшаңның не нәрсеге кетіп жатқанын анықта. Кейбіреулер үшін онлайн дүкендер — нағыз тұзақ. Ал басқалары майда-шүйдеге ақша жаратып жүріп, айдың аяғында көк тиынсыз қалып жатады.

“Кішігірім шығындар көбейген үстіне көбейе береді. Майда-шүйде сыйлықтар аласың, кофе ішесің, дүкеннен сатылымдағы бір затты қызығып аласың, сөйтіп, айдың аяғында жүз доллардың қайда кеткенін білмей де қаласың” (Хэйли).

Кіріс-шығысты жоспарла. Киелі кітапта: “Ынталының жоспарлары табысқа жетелер”,— делінген (Нақыл сөздер 21:5). Қаржыңды жоспарлап жұмсасаң, шығындарың кірістен асып кетпейді.

“Тапқаныңнан көп ақша жұмсап жүрсең, ақшаңды неге жұмсап жатқаныңды анықтап, қажетсіз заттарды алмауға тырыс. Табысың жұмсайтын ақшаңнан көбірек болмайынша, алатын заттарыңды азайт” (Даниел).

Іске көш. Ақшаңды үнемдеп, қажетсіз заттарға жұмсамаудың көп амалы бар. Кейбір жастар мына әдістерді тиімді деп тапқан:

  • “Мен ақшамды бірден банк шотыма салып отырамын, өйтпесем, оны жаратып тастауым мүмкін” (Давид).

  • “Дүкенге барарда, санаулы ғана ақша алып шығамын. Соның арқасында артық нәрсе алмаймын” (Элен).

  • “Қалаған затты бірден сатып алмауға тырыссаң, біраз уақыт өткен соң ол саған шынымен қажет пе, қажет емес пе, соны түсінесің” (Джесия).

  • “Мен шақырған жердің бәріне бара бермеймін. Ақшам жетпей жатса, “бара алмаймын” деп айтқанда тұрған еш нәрсе жоқ деп ойлаймын” (Дженифер).

Ойтүйін. Ақшаны дұрыс жұмсау — үлкен жауапкершілік. Мақаланың басында аталып кеткен Колин былай дейді: “Ертең отбасын құрып, жақсы күйеу болғым келсе, ақшаны оңды-солды шашқаным дұрыс болмайды. Қазір басым бос кезде ақшаны дұрыс ұстай алмасам, үйленгенімде бұл көп қиындық тудыруы мүмкін”.

Кеңес. “Кіріс-шығысыңды қалай жоспарлап жатқаныңды біреуге айт. Сосын сол адамнан сені қадағалап отыруын өтін. Ақшаңды есептеп отырғаның өте тиімді болады” (Ванесса).