20 ЖЕЛТОҚСАН 2022
УКРАИНА
СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР №14 | Украинадағы әскери іс-қимыл кезінде бауырластар бір-бірін тастамады
Украинаның жер-жеріндегі жолдар, көпірлер мен электр станциялар жарылыстардың кесірінен жарамсыз боп қалған я зақымдалған. Соған қарамастан бауырластарымыз жарық жоқ болса да, қауымға қатысуды және рухани іс-шараларға атсалысуды тоқтатпады.
Киевтегі Анастасия мен Дебора деген ізашарлар күніне кем дегенде 12 сағат электр қуатынсыз өткізеді. Олар мүмкіндігінше электронды құрылғыларын қуаттап жүруге тырысады және қауым кездесуіне ұялы телефондағы интернет арқылы қосылады. Әдетте кездесу біткенде интернет байланысы да жоғалады.
Электр қуатының болмауы тағы бір проблемаға — жылудың жоқтығына әкеп соқты. Жарық пен жылу болу үшін кейбір бауырластар сырттағы генераторларды қосады. Кейбірі үйінде жылу бар туысқандарының үйіне көшіп барған. Ал басқалары суық үйлерде тұрып жатыр. Қуанышқа орай, көптеген бауырластарымыздың үйлері газ арқылы жылынады, осылайша олар жарықтың жоқтығынан қорықпайды.
Ивано-Франковскта тұратын Ирина есімді бауырласымыз оң көзқарас сақтап жүр. Ол былай дейді: “Менің қолымда емес нәрселер жайлы ойламауды шештім. Сондықтан не болар екен деп уайымдап жатпаймын. Бар ойлайтыным — жарық болмаса немен айналысамын және керекті басылымдарды жүктедім бе, жоқ па, соны тексеремін”.
Көптеген қиындықтарға кезігіп жүрсе де, Украинадағы бауырластарымыз Ехобаның ісінде көп тер төгіп жүр. Ехоба талмай “жақсылық жасап” жүрген сол бауырластарымызға батасын беретініне сенімдіміз (Ғалаттықтарға 6:9).
2022 жылдың 6 желтоқсанына дейін Украинадан келіп түскен деректер бар. Бұл жергілікті бауырластардың айтқан сенімді мәліметтеріне негізделген. Алайда нақты саны әлдеқайда көп болуы мүмкін, өйткені елдің барлық аймағымен байланысу қиын болып тұр.
Бауырластарымыз жайлы ақпарат
47 жариялаушы қайтыс болды.
97 жариялаушы жарақат алды.
11 537 жариялаушы үйлерін тастап, қауіпсіз жерді паналап отыр.
590 үй қирады.
645 үйге қатты зақым келді.
1722 үйге кішігірім зақым келді.
7 Патшалық сарайы қирады.
19 Патшалық сарайына қатты зақым келді.
68 Патшалық сарайына кішігірім зақым келді.
Көрсетілген көмек
Украинада 27 Төтенше жағдайлар комитеті жұмыс атқаруда.
Осы комитеттер 54 212 адамды қауіпсіз жерге жайғастырды.
26 811 жариялаушы басқа елге бассауғалады, әрі оларға бауырластар көмектесіп жатыр.