20 ҚЫРКҮЙЕК, 2023
РУМЫНИЯ
Румыниядағы Конгресс сарайының және филиалға қосылған ғимараттардың бағышталуы
2023 жылы 26 тамыз күні Турда қаласындағы (Румыния) Конгресс сарайы және Бухарест қаласындағы филиал ғимаратына қосылған 3 жаңа ғимарат бағышталды. Бағышталу баяндамасын Басқарушы кеңестің мүшесі Гейдж Флигл айтып жеткізді. Конгресс сарайында бұл баяндаманы 1702 адам тыңдаса, 14 101 адам видеоконференция арқылы қосылды.
Бағышталу бағдарламасында Румыниядағы ұйым ғимараттарының соғу тарихы мен Ехоба сол істі керемет жарылқағаны баяндалды. Құрылыс топтарындағы кейбір бауырластар сұхбат берді. Бағдарламадан соң Конгресс сарайын соғуға қатысқан Яела Драгичи деген әйел бауырласымыз сезімін былай білдірді: “Ехобаның даңқын асыратын мына ғимараттардың бағышталғанын көріп, қуанышым кеудеме сыймай барады”. Ал филиалды кеңейту жұмыстарына қатысқан халықаралық құрылыстың ерікті қызметкері Брюс Дайер былай деді: “Ехоба бізге осы құрылысқа қатысуға мүмкіндік берді. Бұл мен үшін үлкен сый болды. Ехобаның дариядай мейірімі үшін алғысым зор”.
Филиалдағы жаңа ғимараттарда Патшалықты жариялаушыларға арналған мектептің сыныбы және Бетел отбасына арналған тұрғын үй бар. Сондай-ақ аударма кеңселері, бір Патшалық сарайы және филиалдың қабылдау бөлмесі де осы жаңа ғимараттарда. Бағышталған Конгресс сарайының ішіне 1200 адам сыяды, ал сыртында тағы 1350 орын бар. Бұл сарайды шамамен сол елдегі 15 000 бауырлас молынан қолданатын болады.
27 тамыз күні Клуж-Напока қаласындағы стадионда осы бағдарламаның жалғасы өтіп, сол арнайы шараға 23 968 адам қатысты. Бағдарлама ағылшын, венгр, румын ым тілі, сыған, орыс, орыс ым тіліне аударылды және Румыния мен Украинаның барлық қауымында тікелей көрсетілді. Бәрін қосқанда 121 411 адам бұл шараға қатысты.
Румыниядағы бауырластардың қуанышына біз де шын жүректен ортақпыз. Ехобаға бағышталған бұл ғимараттар таза ғибадатты әрі қарай да шарықтата берсін! (Ишая 2:3).