11 ЖЕЛТОҚСАН, 2023
ЖАҺАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
Киелі кітап шындықтарының папьяменто тіліне аударылып жатқанына 75 жыл!
2023 жылы Ехоба куәгерлерінің Киелі кітап басылымдарын папьяменто тіліне аударылып жатқанына 75 жыл толды. Папьяменто — нидерланд, португал және испан тілдерінің негізінде құралған креол тілі. Папьяменто тілінде Аруба, Бонайре және Кюрасао аралдарында (бұл аралдар кей тілде ABC деп те белгілі) тұратын 350 000-ға жуық адам сөйлейді.
Бұл аралдарда уағыз ісі 1920 жылдардың соңына қарай басталған. 1946 жылы Кюрасаоға Ғалақат мектебін бітірген миссионерлер аяқ басты. Олар келгенде, аралда әлдеқашан бірнеше қауым болатын. Бірақ папьяменто тілінде бірде-бір әдебиет жоқ еді. Қауым кездесулері ағылшын және папьяменто тілінде өткен, бірақ қауымда нидерланд, ағылшын, испан тіліндегі әдебиеттер қолданылған. Бауырластар Киелі кітап басылымдарының папьяменто тіліне аударылуы керектігін түсінгенмен, бірнеше кедергілер болды. Мысалы, тілдің қалай жазылуы не грамматикасы қалыптаспаған еді. Осы аралдарға тағайындалған алғашқы миссионерлердің бірі Билл Йейттс бауырлас болатын. Ол аударма ісіне қолғабыс етті. 2002 жылғы “Ехоба куәгерлерінің жылнамасында” (ор.) оның мына сөздері келтірілген: “Патшалық хабары жазылған басылымдарды шығарғанда, бізге дейін ешкім айтпаған, ешкім жазбаған нәрсені айтуға және жазуға тура келді. Қандай да бір тіл ережелері мен тіркестерді орнату оңай болмады”. Осындай қиындықтарға қарамай, бауырластар аударма ісіне күш сала берді.
Папьяменто тіліне аударылған ең алғашқы әдебиет — 1948 жылы аударылып біткен “Барлық халықтардың қуанышы” кітапшасы. Келе-келе, көбірек басылымдар, соның ішінде “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналдары тәржімеленді. Бүгінде осы тілде “Жаңа дүние аудармасының” кітаптары шетінен жарық көруде. Ең бірінші Рут кітабы аударылып, 2021 жылы 1 қазанда жарық көрді.
Маңдай термен аударылған әдебиеттеріміздің нәтижесі көзге бірден түседі. Себебі осы аралдардағы жариялаушылар саны көбейген үстіне көбеюде. 1956 жылы папьяменто тіліндегі бірінші қауым құрылғанда, бар болғаны 16 жариялаушы еді. Қазіргі таңда бұл тілде 25 қауым бар, ал жариялаушылар саны 1600-дің үстінде. 2023 жылы 1200-ден астам Киелі кітапты зерттеу сабағы өткізілді.
Папьяменто тілінде шындықтың “жарығын жарқыратып”, Ехобаны дәріптеу үшін аянбай еңбек етіп жүрген бауырластарға Ехоба әрі қарай да батасын төгетініне сеніміміз нық (Матай 5:16).