Мазмұнға өту

Әйел бауырластар келушілерге “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітапшасын көрсетіп тұр. Ал арттарындағы үлкен стендте “Жан саулығы. Киелі кітаптың көмегі” деген “Күзет мұнарасының” мұқабасы бейнеленген.

19 ҚЫРКҮЙЕК, 2023
БОЛИВИЯ

Боливиядағы халықаралық кітап жәрмеңкесінде психикалық денсаулық тақырыбы ерекше назарға ілікті

Боливиядағы халықаралық кітап жәрмеңкесінде психикалық денсаулық тақырыбы ерекше назарға ілікті

2023 жылы 31 мамыр мен 11 маусым аралығында Боливияның Санта-Крус-де-ла-Сьерра қаласында Санта-Крус халықаралық кітап жәрмеңкесі өтті. Бұл жәрмеңкеге 120 000-нан астам адам келді. “Жан саулығы. Киелі кітаптың көмегі” деген 2023 жылғы №1 “Күзет мұнарасына” негіздеп, бауырластар арнайы стендтер дайындады.

Испан тіліндегі “Жан саулығы. Киелі кітаптың көмегі” деген 2023 жылғы №1 “Күзет мұнарасы”

Стендтердің жанында қызмет көрсеткен 200-дей бауырлас 20 000-нан астам адаммен сөйлескен. Олар мониторлардан сайтымыздағы видеоларды көрсетті және келушілерге jw.org сайтынан әртүрлі тақырыпты қалай іздеуге болатынын үйретті. Жалпы алғанда, 5 500-ге жуық әдебиет таратылып, 600-дей видео көрсетілді. Сондай-ақ 45 адам jw.org сайтына кіріп, Киелі кітап зерттеу сабағы жайлы онлайн өтініш толтырды.

Бір әйел стендтегі “Жан саулығы” деген тақырыпты байқап, әйел бауырластың қасына келеді де, анасының психикалық аурумен күресіп жүргенін айтады. Ол өзінің де уайым мен күйзеліске түсіп жүргенін айтып қалады. Бауырласымыз оның телефонына жан саулығы туралы “Күзет мұнарасы” мен “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітапшасын жүктеп береді. Сондай-ақ бұл әйел тез арада Киелі кітап зерттеу сабағын бастағысы келіп, jw.org сайтында онлайн өтініш толтырады.

Халықаралық кітап жәрмеңкесінде бауырластар өздеріне бөлінген арнайы алаңда тұр

Жан саулығы туралы “Күзет мұнарасын” алып жатып бір психолог кісі: “Мен бұл журналды өз пациенттеріме көрсетемін. Мұндағы мәлімет пен Киелі кітап тармақтары оларға пайдалы болатыны сөзсіз”,— деді. Ал тағы бір әйел jw.org сайтынан “Бақыт пен тыныштық” бөлімінің ішіндегі “Ата-анаң өмірден өткенде...” деген мақаланы көріп, жігерленіп қалады, өйткені оның анасы жақында қайтыс болған екен.

Бүгінде психикалық және эмоциялық жағынан қиналып жүрген адамдар өте көп. Боливиядағы біздің бауырластарымыз адамдарға Ехобаның Сөзінен жұбаныш табуға көмектесу үшін барын салды (Зәбүр 34:18).