134-ТАРАУ
Қабір бос, Иса тірі!
МАТАЙ 28:3—15 МАРҚА 16:5—8 ЛҰҚА 24:4—12 ЖОХАН 20:2—18
-
ИСА ҚАЙТА ТІРІЛДІ
-
ҚАБІР БАСЫНДА БОЛҒАН ЖАҒДАЙЛАР
-
ИСА ӘЙЕЛДЕРГЕ КӨРІНДІ
Әйелдер қабір басына келгенде, оның бос екенін көріп, абдырап қалды. Мағдалалық Мәриям “Шимон Петір мен Иса жақсы көретін шәкіртке”, яғни елші Жоханға, тұра жүгірді (Жохан 20:2). Қалған әйелдер қабір басында қалды. Бір кезде олардың көз алдында періште пайда болды. Кейін әйелдер үңгірдің ішіне кіргенде, “ұзын ақ киім киген” басқа бір періштені көрді (Марқа 16:5).
Періштелердің бірі оларға былай деді: “Қорықпаңдар! Бағанаға ілініп өлтірілген Исаны іздеп жүргендеріңді білемін. Ол мұнда жоқ, өзі айтқандай, қайта тіріліп кетті! Бері келіп, оның жатқан орнына қараңдар. Сосын тезірек барып, шәкірттеріне: — Ол өлімнен қайта тірілді. Қазір Ғалилеяға бара жатыр,— деңдер” (Матай 28:5—7). “Әйелдерді қорқыныш билеп, қатты дірілдеп” кетті. Сосын болған жайтты шәкірттерге жеткізу үшін бұлар да жүгіре жөнелді (Марқа 16:8).
Мәриям Петір мен Жоханды тапқанда, ентіге сөйлеп: “Иемізді қабірден алып кетіпті. Оны қайда қойғанын білмейміз”,— деді (Жохан 20:2). Мұны ести сала, екеуі қабірге қарай жүгірді. Жохан тезірек жүгіргендіктен, алдымен жетті. Келе сала қабірге үңілсе, іште тек мәйітті ораған кебін жатыр.
Артынан Петір келіп, бірден қабірге кіріп кетті. Ол да Исаның денесі мен басын ораған зығыр маталарды ғана көрді. Сосын Жохан кіріп, Мәриямның айтқаны рас екеніне көзі жетті. Кезінде Иса көкке көтерілетінін айтқан болатын. Бұлар сонда да оның қайта тірілгеніне түсінбей тұр (Матай 16:21). Болған жайтты ұқпаған күйі екеуі үйлеріне қайтып кетті. Қабір басына қайтып оралған мағдалалық Мәриям болса сол жерде қалып қойды.
Бұл кезде басқа әйелдер шәкірттеріне Исаның тірілгенін хабарлауға жүгіріп бара жатқан. Жолда кенет Иса кезігіп: “Амансыңдар ма!”— деді. Әйелдер жерге бас ұрып, оның аяғына жығыла кетті. Сонда Иса оларға: “Қорықпаңдар! Бауырластарыма барып, бәрін жеткізіңдер, сондай-ақ “Ғалилеяға жөнелсін, мені сол жерде көреді” деп айтыңдар”,— деді (Матай 28:9, 10).
Біршама уақыт бұрын жер сілкініп, періштелер көрінген кезде, қабір басында тұрған сарбаздар “қорыққандарынан қалшылдап, өлі адамдай қатып қалған” еді. Естерін жиған соң, олар қалаға барып, “болған жайттың бәрін жоғарғы діни қызметкерлерге жеткізген”. Діни қызметкерлер ақсақалдармен ақылдасып, сарбаздардың аузын жабу үшін, ақша беруді ұйғарды. Сөйтіп, жұртқа: “Түнде біз ұйықтап жатқанда, шәкірттері келіп, оның мәйітін ұрлап кетіпті”,— деуді бұйырды (Матай 28:4, 11, 13).
Күзетте ұйықтап қалған Рим сарбазы өлімге кесілетіндіктен, діни қызметкерлер оларға: “Егер бұл [ұйықтап қалғандары жайлы өтірік] әміршінің құлағына жетсе, біз оған мән-жайды түсіндіреміз. Ал сендер еш уайымдамаңдар”,— деп уәде берді (Матай 28:14). Сарбаздар параны алып, діни қызметкерлердің айтқанын істеді. Содан Исаның денесі ұрланды деген өтірік яһудилердің арасына тарап кетті.
Мағдалалық Мәриям қабір басында әлі қайғырып тұрған. Еңкейіп ішке қарап еді, ақ киім киген екі періштені көрді. Біреуі Исаның денесі қойылған жердің бас жағында отыр екен. Олар: “Неге жылап тұрсың?”— деп сұрағанда, Мәриям: “Иемді алып кетіпті, оны қай жерге қойғанын білмеймін”,— деп жауап берді. Артына бұрылып, сол маңда тағы біреудің тұрғанын көрді. Ол кісі де әйелден: “Неге жылап тұрсың? Кімді іздеп жүрсің?”— деп сұрады. Оны бағбан екен деп ойлаған Мәриям: “Мырза, оны алып кеткен сіз болсаңыз, қай жерге қойғаныңызды айтыңызшы, мен алып кетейін”,— деді (Жохан 20:13—15).
Шын мәнінде, Мәриям қайта тірілген Исамен сөйлесіп тұрған еді, бірақ оны тани алмады. Алайда ол: “Мәриям!”— деп үн қатқанда, оның Иса екенін түсінді. Өйткені ол оны осылай шақыратын. Сонда Мәриям: “Раввуни!”— деп қуана айғайлап жіберді (“Ұстаз” деп аударылады). Алайда Иса көкке кетіп қала ма деп қорқып, оны ұстап алды. Сондықтан Иса оған: “Маған жармасуды қой. Өйткені мен әлі Әкеме көтерілген жоқпын. Бауырластарыма барып, мынаны айт: — Мен өзімнің және сендердің Әкелеріңе, өзімнің және сендердің Құдайларыңа көтерілемін”,— деді (Жохан 20:16, 17).
Мәриям жүгіре отырып, елшілер мен басқа шәкірттер жиналған жерге жетті. Келе сала оларға: “Мен Иемізді көрдім!”— деп хабарлады. Басқа әйелдер де осындай хабар айтып келген еді (Жохан 20:18). Алайда шәкірттерге бұл “бос сөз болып көрінді” (Лұқа 24:11).