89-ТАРАУ
Переядан Яһудеяға бара жатқан жолда
-
БІРЕУДІ СЕНІМНЕН ТАЙДЫРУ ҚАУІПТІ
-
КЕШІРІМШІЛ БОЛУ ЖӘНЕ СЕНУ
Иса біраз уақыт Иорданның арғы бетіндегі Перея аймағында болған (Жохан 10:40). Қазір оңтүстікке бет алып, Иерусалимге келе жатыр.
Ол жалғыз емес. Қасында шәкірттері мен қалың жұрт еріп келеді, араларында салықшылар мен күнәкарлар да бар (Лұқа 14:25; 15:1). Исаның айтқандары мен істегендерін жақтырмаған парызшылдар және дін мұғалімдері де сол топтың ішінде. Олар жоғалған қой, адасқан ұл, бай кісі мен Елазар туралы астарлы әңгімені естігендіктен, ойланатын нәрселері көп (Лұқа 15:2; 16:14).
Қарсыластарының келеке-мазақ етіп, күңкілдегені Исаның есінде болса керек. Ол ендігі сөзін шәкірттеріне арнап, Ғалилеяда айтқан бірнеше ойға қайта оралды.
Иса былай деді: “Адамдарды сенімнен тайдыратын жайттардың орын алары сөзсіз. Бірақ олар кімнің кесірінен болса, сол қасіретке қалады!.. Өздеріңе сақ болыңдар! Бауырласың саған қарсы күнә жасаса, оған ескерт. Егер күнәсіна өкінсе, оны кешір. Ол тіпті саған қарсы күніне жеті рет күнә жасап, жеті рет келіп: — Күнәма өкінемін,— десе, сен кешіруге тиіссің” (Лұқа 17:1—4). Бұл сөздер Петірдің есіне кешіруге қатысты сұрағын түсірсе керек (Матай 18:21).
Шәкірттер Исаның сөздеріне сай әрекет ете алар ма екен? Олар Исаға: “Сенімімізді нығайта көріңіз”,— деп өтінгенде, ол: “Егер қыша дәніндей сенімдерің болып, мына тұт ағашына: — Тамырыңмен жұлынып, теңізге отырғызыл,— десеңдер, бұл солай болады”,— деді (Лұқа 17:5, 6). Демек, аз ғана сеніммен адам үлкен іс атқара алады.
Сосын Иса кішіпейіл болудың және өзі жайлы тым жоғары ойламаудың маңыздылығын түсіндіру үшін, елшілеріне былай деді: “Қайсысың жер жыртып не мал бағып даладан қайтқан құлыңа: — Кел, тезірек дастарқан басына жантай,— дейсің? Керісінше, оған: — Маған кешкі ас дайындап, мен ішіп-жеп болғанша, алжапқышыңды байлап алып, қызмет көрсет. Содан кейін өзің ішіп-жейсің,— дейсің ғой. Ол тек өз міндетін атқарды, бұл үшін қожайыны оған алғыс айтпайды, солай емес пе? Сендер де өздеріңе тапсырылған істің бәрін атқарған соң: — Біз небәрі түкке тұрғысыз құлмыз, істеуге тиістіні ғана істедік,— деңдер” (Лұқа 17:7—10).
Құдайдың әрбір қызметшісі ең алдымен Құдайдың еркін орындау маңызды екенін түсіну керек. Оның үстіне, ұйымның бір мүшесі ретінде Құдайға ғибадат етудің зор мәртебе екенін ұмытпағаны жөн.
Көп ұзамай Исаға Мәриям мен Мартадан хабаршы келді. Олар Яһудеядағы Бетания ауылында тұратын Елазардың әпкелері. Олар Исаға: “Ием, жақсы көретін досыңыз ауырып жатыр”,— деген хабар жіберді (Жохан 11:1—3).
Досы Елазардың өлім аузында жатқаны жайлы хабар Исаға жай түскендей болған жоқ. Керісінше: “Бұл аурудың соңы өлімге апармайды, қайта, Құдайға даңқ әкеледі, әрі сол арқылы Құдай Ұлы даңқталады”,— деді. Сосын екі күннен кейін шәкірттеріне: “Яһудеяға қайта барайық”,— дегенде, олар: “Ұстаз, яһудилер сізді жақында ғана таспен ұрып өлтірмек болды емес пе, сол жаққа тағы барасыз ба?”— деп қарсылық білдірді (Жохан 11:4, 7, 8).
Сонда Иса: “Күндізгі уақыт 12 сағатқа созылмай ма? Күндіз жүрген адам ештеңеге сүрінбейді, өйткені осы дүниенің жарығын көреді. Ал түнде жүрген адам сүрінеді, себебі оның бағыт берер жарығы жоқ”,— деп жауап қайырды (Жохан 11:9, 10). Мұнымен ол жердегі қызметіне Құдай белгіленген уақыттың әлі бітпегенін айтса керек. Сондықтан қалған аз уақытын барынша пайдаланып қалмақ.
Сосын Иса: “Досымыз Елазар ұйықтап жатыр, ал мен оны оятуға барамын”,— деп қосты. Алайда шәкірттер Елазар ауырып жатыр әрі көп ұзамай жазылып кетеді деп ойласа керек. Сондықтан: “Ием, ұйықтап жатса, онда жазылады”,— деді. Сонда Иса: “Елазар қайтыс болды... Ал енді Елазарға барайық”,— деп ашығын айтты (Жохан 11:11—15).
Яһудеяда қарсыластары Исаны өлтіруі мүмкін екенін түсінген Тома оған қолдау көрсеткісі келді. Сол себепті басқа шәкірттерге: “Біз де Иемізбен барып, онымен бірге өлейік”,— деді (Жохан 11:16).