2-БӨЛІМ
Адалдық барда үй іргесі шайқалмас
“Құдай қосқанды адам баласы ажыратпасын!” (Марқа 10:9).
Жаратушы Иеміз “адалдықты жоғары бағалағанымызды” қалайды (Миха 6:8). Бұл әсіресе отбасында маңызды, өйткені адалдық жоқ жерде сенім де болмайды. Ал сенім махаббат оты сөніп қалмас үшін аса қажет.
Өкінішке қарай, бүгінде адалдық атты ізгі қасиет аяқасты етілуде. Некеңізді бұдан сақтау үшін, келесі екі кеңеске ден қойыңыз.
1. ОТБАСЫҢЫЗ — ЕҢ ҚЫМБАТ ҚАЗЫНАҢЫЗ
КИЕЛІ КІТАПТА НЕ ЖАЗЫЛҒАН? Онда “ненің маңыздырақ екеніне көз жеткізіңдер” деген кеңес бар (Філіпіліктерге 1:10). Отбасыңыз — өміріңіздегі ең бағалы құндылықтардың бірі. Сондықтан оның алар орны ерекше болу керек.
Құдай сізден жарыңызға жіті көңіл аударып, “өмірдің қызығын” онымен бірге көреді деп күтеді (Уағыздаушы 9:9). Ол ерлі-зайыптылардың бір-бірін елеусіз қалдырмай, бақытты етудің жолдарын іздегендерін қалайды (Қорынттықтарға 1-хат 10:24). Сондықтан жарыңыздың өзін керекті әрі бағалы екенін сезінуіне қам жасаңыз.
ПАЙДАЛЫ КЕҢЕС
-
Сүйікті жарыңызға әрдайым уақыт бөліңіз, осылайша бар көңіліңіз жарыңызда екенін көрсетіңіз.
-
“Мен” деп емес, “біз” деп сөйлеп үйреніңіз.
2. ЖҮРЕГІҢІЗДІ БӨТЕН БІРЕУ ЖАУЛАП АЛМАСЫН
КИЕЛІ КІТАПТА НЕ ЖАЗЫЛҒАН? “Кімде-кім бір әйелге құмарта қараса, өз жүрегінде сол әйелмен неке адалдығын бұзғаны” (Матай 5:28). Егер әлдекім азғындық жайлы ойлай берсе, мұнысы жұбайына адалдық танытпағанмен бірдей болар еді.
Құдай Сөзінде: “Бәрінен де бұрын сақта жүрегіңді”,— делінген (Нақыл сөздер 4:23; Еремия 17:9). Бұл үшін алдымен не нәрсеге көз салатыныңызды қадағалауыңыз қажет (Матай 5:29, 30). Әйүп пайғамбар осы орайда керемет үлгі қалдырған. Ол бөтен әйелге ешқашан қарамаймын деп көзімен “келісім” жасасқан (Әйүп 31:1). Порнографияны мүлдем көрмеңіз. Өз қосағыңыздан бөтен біреуге романтикалық сезім оятудан аулақ болыңыз.
ПАЙДАЛЫ КЕҢЕС
-
Жұбайыңызға кіршіксіз адал екеніңіз өзгелерге көрініп тұрсын.
-
Жарыңыздың сезімдерін ойлаңыз және қарсы жынысты адаммен арақатынасыңыз оның көңіліне қаяу түсірсе, оны дереу тоқтатыңыз.