Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

92-ОҚИҒА

Исаның өлгендерді қайта тірілтуі

Исаның өлгендерді қайта тірілтуі

МЫНА қыздың жасы он екіде. Оның қолынан ұстап тұрған — Иса, ал оның жанындағылар қыздың әкесі мен шешесі. Олардың неге қуанып жатқанын білесің бе? Кел, білейік.

Бұл қыздың әкесі — Жайыр деген беделді адам. Бір күні оның қызы науқастанып, төсек тартып жатып қалады. Алайда ол науқасынан айықпайды, керісінше әлсірей түседі. Жайыр мен әйелі қатты абыржиды, өйткені кішкентай қыз әне-міне дегенше өліп қалатын сияқты. Бұл олардың жалғыз қызы болатын. Сондықтан Жайыр Исаны іздеуге шығады. Ол бұның алдында Исаның жасаған кереметтері жайында естіген еді.

Жайыр Исаны үлкен топтың арасынан табады. Ол топтың арасынан әрең өтіп Исаға жетеді де, оның аяғына жығылады.

— Менің қызым хал үстінде жатыр. Өтінемін, барып, оны айықтыршы,— деп жалбарынады. Иса баруға келіседі.

Жол-жөнекей топ Исаны ығыстыра түседі. Кенет ол тоқтай қалып, айналасына қарай бастайды.

— Маған қолын тигізген кім?— деп сұрайды ол. Иса өзінен бір күштің шыққанын сезеді де, әлдекімнің оған қол тигізгенін біледі. Бірақ бұл кім болды екен? Бұл он екі жыл бойы ауыр науқаспен сырқат бір әйел еді. Ол келіп, Исаның көйлегіне қолын тигізді де, айығып кетті!

Иса үшін адамдарды ауруынан айықтыру оп-оңай екенін көрген Жайырдың көңілі сәл орнығып қалады. Кенет хабаршы келеді де:

— Исаны енді мазаламай-ақ қой,— деп өтінеді Жайырдан,— сенің қызың өліп қалды.

Иса хабаршының сөзіне көңіл аудармай, Жайырға былай дейді:

— Қам жеме, бәрі де жақсы болады.

Олар ақырында Жайырдың үйіне жетеді де, қатты қайғырып жылап жатқан адамдарды көреді. Иса оларға:

— Жыламаңдар. Ол өлген жоқ. Ұйықтап жатыр,— дейді. Қыздың өлгенін білетін олар Исаны келеке етіп күледі.

Сонда Иса қыздың әке-шешесін және өзінің үш елшісін алып, өлген қыз жатқан бөлмеге кіреді. Ол қыздың қолынан ұстап тұрып:

— Тұра ғой!— дейді. Өзің көріп тұрғандай, өлі қыз қайта тіріледі. Ол орнынан тұрып, бөлменің ішінде жүре бастайды! Міне, сондықтан оның әкесі мен шешесі қуанып жатыр.

Бұл — Иса қайта тірілткен бірінші адам емес. Киелі кітаптың әңгімелеуі бойынша, ол алғаш рет Наин қаласындағы жесір әйелдің баласын да қайта тірілткен. Бұдан кейін Мәриям мен Мартаның інісі Елазарды да қайта тірілтеді. Иса Құдай тағайындаған Патша ретінде билік етуін бастаған кезде, өте көп адамдарды қайта тірілтеді. Бұл бізді қуанышқа бөлейді емес пе?