“Терең түсінік адамды ашуға баяу етер”
Ашуға берілгені үшін колледждің баскетбол бапкері жұмысынан босатылады.
Айтқанын істемегені үшін кішкентай бала бақырып жылауда.
Бөлмесі шашылып жатқандықтан, анасы ұлымен айғайласуда.
БАРЛЫҒЫМЫЗ да ашуға булыққан адамдарды көргенбіз, тіпті өзіміз де кейде ашуға берілеміз. Біз ашу-ызаны арылу қажет жағымсыз сезім деп есептеуіміз мүмкін. Бірақ әлдебіреу біздің әділдікке қатысты сезімдерімізді аяқасты еткенде, әдетте, ашулануға барлық негіз бар деп ойлап жатамыз. Американың Психологтар Ассоциациясының бір мақаласында “ашу-ыза — кәдімгі сезімдердің бірі, тіпті көп жағдайда ол адамның денсаулығына пайдалы” делінген.
Мәсіхтің ізбасары болған елші Пауылдың Құдай рухының қозғау салуымен жазған сөздерін қарастырғанда, жоғарыдағы көзқарас дұрыс болып көрінуі мүмкін. Адамның ашуланатын кездері болатынын мойындап, ол былай деген: “Ашуланғанда, күнә жасамаңдар. Күн батпай тұрып, ашуларыңды басыңдар” (Ефестіктерге 4:26). Осы сөздерді ескерсек, біз ашуға берілуіміз қажет пе, әлде оны тізгіндеуіміз керек пе?
АШУҒА БЕРІЛУІМІЗ ҚАЖЕТ ПЕ?
Пауыл ашуға қатысты жоғарыдағы кеңесті бергенде, забур жыршысының: “Ашуланғанда күнә жасамаңдар”,— деген сөздерін ойда тұтқан болса керек (Забур 4:5). Онда Құдай рухының қозғау салуымен жазылған Пауылдың ескертуін қалай түсінуге болады? Ол әрі қарай былай деген: “Әрқилы өшпенділік, ашу, ыза, айқайласу, қорлық сөздер және бүкіл жамандық атаулыдан арылыңдар!” (Ефестіктерге 4:31) Шын мәнінде, Пауыл Мәсіхтің ізбасарларын ашуға берілуден сақтандырған. Бір қызығы, Американың Психологтар Ассоциациясының аталмыш мақаласында әрі қарай былай делінген: “Зерттеулерге сай, ашуға берілу ашу-ызаны да, агрессияны да өршіте түседі, әрі оның сізге... туындаған қиындықты шешуде еш пайдасы жоқ”.
Қалайша біз ашу-ызадан және одан туындайтын жаман іс-әрекеттерден арыла аламыз? Ежелгі Исраилдің дана патшасы Сүлеймен: “Терең түсінік адамды ашуға баяу етер, Кінәні кешіргені оны тартымды етер”,— деген (Нақыл сөздер 19:11 ЖД). Адам ашуға булыққанда, терең түсінігі оған қалай көмектесе алады?
ҚАЛАЙША ТҮСІНІК АШУҒА БАЯУ ЕТЕДІ?
Түсінік дегеніміз — адамның жағдайға жан-жақты қарай білу қабілеті. Түсінігі бар адам жағдайға
үстіртін емес, әлдеқайда тереңірек қарайды. Біреу ренжіткенде не ашуландырғанда, бұл қабілет қалай көмектесе алады?Әділетсіздікке кезіккенде, біз орынды түрде ашуланармыз. Алайда сезімдеріміздің жетегінде кетіп, дөрекілік танытсақ, өзімізге не өзгелерге нұқсан келтіруіміз мүмкін. Қараусыз қалған от бүкіл үйді жалмайтыны сияқты, жүгенсіз ашу да абыройымыздан, өзгелермен, тіпті Құдаймен жақсы қарым-қатынасымыздан айырады. Сондықтан бойымызды ашу кернегенде, жағдайға тереңірек үңілуге тырысуымыз керек. Орын алған жағдайды толығымен көре білгеніміз сезімдерімізді тізгіндеуге көмектеседі.
Сүлейменнің әкесі Дәуіт патша Набал есімді кісіге қатты ашуланып, жазықсыз адамдардың қанын төге жаздайды. Игі болып, бір адам оған жағдайға тереңірек қарауға көмектесті. Дәуіт пен оның адамдары Яһудея шөл даласында Набалдың қойларын қорғап жүреді. Қой қырқатын уақыт келгенде, Дәуіт Набалдан азын-аулақ азық-түлік сұрайды. Бірақ Набал: “Неліктен наным мен сусынымды, қырықтықшыларыма арнап сойылған малымның етін қайдан келе қалғаны белгісіз біреулерге бере салуым керек?!”— деп жауап береді. Не деген сорақы сөздер! Бұл сөздер Дәуіттің құлағына жеткенде, ол қасына 400 адамын ертіп, Набалды бүкіл үй ішімен қырып-жоюға шығады (Патшалықтар 1-жазба 25:4—13).
Бұл жайында естіп, Набалдың әйелі Әбигел Дәуіттің алдынан шығады. Ол Дәуіт пен оның жігіттеріне жолыққанда, оның аяғына жығылып: “Күңіңіздің сөйлеуіне рұқсат беріп, айтқандарына құлақ түре көріңіз!”— деп жалбарынады. Сөйтіп, Дәуітке Набалдың қаншалықты ақымақ адам екенін, сондай-ақ кек алса, адамдардың қанын төккені үшін кейін өкінетінін айтады (Патшалықтар 1-жазба 25:24—31).
Осы туындаған күрделі жағдайдың тігісін жатқызған Әбигелдің сөздері қалайша Дәуіттің көзін ашты? Біріншіден, Дәуіт Набалдың табиғатынан ақымақ адам екенін білді. Екіншіден, ол кек алса, жазықсыз адамдардың қанын төгетінін түсінді. Қандай да бір жағдай сізді де Дәуіт сияқты ашуға булықтыруы мүмкін. Сонда не істеуіңіз керек? “Терең-терең демалып, онға дейін санаңыз”,— делінген Майо клиникасының ашуды игеруге қатысты бір мақаласында. Иә, бір сәтке тоқтап, туындаған қиындықтың себебі және жасағалы тұрған іс-әрекетіңіздің салдары жайлы ойланыңыз. Осылайша түсінік танытып, ашуды басуға не тіпті одан арылуға тырысыңыз (Патшалықтар 1-жазба 25:32—35).
Аталмыш әдістің көмегімен бүгінде көп адам ашуларын игере алған. Себастианның сөздеріне сай, 23 жасында Польшада түрмеде отырған кезінде, ол Киелі кітапты зерттеу арқылы өзінің қызба мінезі мен ашу-ызасын тізгіндеуді үйренген. “Біріншіден, мен туындаған қиындық жайлы ойлаймын,— дейді ол.— Сосын, Киелі кітаптың кеңесін қолдануға тырысамын. Мен ең жақсы кеңестер Киелі кітапта екенін түсіндім”.
Сетсуо да шамамен осындай әдісті қолданған. Ол былай дейді: “Жұмыста әлдебіреулер мені ашуландырса, мен айқайға салатынмын. Киелі кітапты зерттеуді бастаған соң, мен біреуге айқайлаудың орнына: — Шын мәнінде, қиындық тудырып жатқан кім? Жағдайды ушықтырып жатқан мен емес пе?— деп ойланатын болдым”. Осындай сұрақтардың үстінен ой жүгірткені оның ашуын басып, бойындағы буырқанған сезімдерін тізгіндеуге көмектесті.
Ашу-ыза сезімі күшті болуы мүмкін, бірақ Құдай Сөзіндегі кеңестер одан да күшті. Киелі кітаптың дана кеңесін қолданып, әрі Құдайға дұға етіп көмегіне жүгінсеңіз, түсінігіңіз сізді де ашуға баяу етіп, оны тізгіндей алатын боласыз.