Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Электронды техниканың ой-өрісіңізге әсері

Электронды техниканың ой-өрісіңізге әсері

Адамдар үнемі үйрену үстінде. Балалар мектепке қажеттісін, үлкендер өмірге, жұмысқа керектісін іздеп жатады. Технология дәуірлеп тұрған шақта іздегеніңді табу қиын емес. Қазір ақпараттың небір атасын үйден шықпай-ақ, орныңнан тұрмай-ақ тез табуға болады.

Алайда электронды құрылғыны белсенді пайдаланушылар мынаны байқаған:

  • зейінмен оқу қиындап кеткенін;

  • бірден бірнеше істі тындырғысы келетінін;

  • жалғыз қалғанда тез жалығып кететінін.

БІЛГЕН ЖӨН

ОҚУ

Кейбіреулер мәтінді үстіртін оқи салады да, ой желісін көрмей қалады.

Әрине, мұндай әдіс сұрақтың жауабын жылдам табу үшін жақсы-ақ шығар. Бірақ тақырыпты тереңінен түсініп, мән-жайды ұғу керек болса, мұндай әдіс жарамайды.

ОЙТАРАЗЫ:Ұзын мәтіндерді зейінмен оқи аласыз ба? Соны үйреніп алсаңыз, мұның қандай пайдасын көресіз? (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 18:15).

ЗЕЙІН

Кейбіреулер заманауи техниканың арқасында бірден екі істі атқара аламыз дейді. Мысалы, оқып отырып, достарыммен жазыса аламын деп ойлайды. Бірақ адамның зейіні бөлінгенде, екі істі де қатырып тындыра алмайды, әсіресе екеуі де маңызды болса.

Зейін қою үшін адам өз-өзін тәртіпке көндіре білу керек. Бірақ бұл соған татиды. “Назарыңды бір-ақ нәрсеге аударсаң, көп қате жібермейсің, стресс те аз болады. Бір уақытта бірнеше тірліктің басын шалып өткенше, бір істі тиянақты бітіріп алған жақсы екен”,— дейді Гауһар есімді жасөспірім қыз.

ОЙТАРАЗЫ:Бірден бірнеше іспен әуре болғандықтан, оқып жатқаныңызды ұғып, есте сақтау қиын болып жатқан жоқ па? (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 17:24).

ЖАЛҒЫЗ ҚАЛҒАНДА

Кейбіреулер тыныш жерде жалғыз қалып кетсе болды, іштері пысып кетеді. Сөйтіп, олар құрылғыларына жармасады. Әлия деген әйел былай дейді: “15 минут бос отырып қалсам, соның өзінде зерігіп кетемін. Сол кезде қолым телефонға, планшетке, теледидардың пультіне жүгіреді де тұрады”.

Бірақ жалғыз қалған сәттердің қадірін білу керек. Өйткені сол кезде ғана адам өз-өзімен қалып, ой қорытып, барлығын саралап-салмақтай алады. Үйренуге таласы бар жастар үшін де, үлкендер үшін де бұл — таптырмас уақыт.

ОЙТАРАЗЫ: Жалғыз қалған уақытты кәдеңізге жарата аласыз ба? (ТІМӨТЕГЕ 1-ХАТ 4:15).

НЕ ІСТЕЙ АЛАСЫЗ

ӨЗІҢІЗДІ ТЕКСЕРІҢІЗ

Электронды құрылғылар сізге ой-өрісіңізді кеңейтуге қалай көмектесе алады? Ал үйреніп жатқан нәрсеңізді зейін салып меңгеріп алуға қалай кедергі жасауы мүмкін?

КИЕЛІ КІТАП ҚАҒИДАСЫ: “Даналық пен саналылықты сақта” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 3:21).