Жеккөрушілік атаулы келмеске кетеді!
Жүрегімізге терең енген жеккөрушіліктен өзіміз арылсақ та, басқалардың іс-әрекетін және көзқарасын өзгерте алмаймыз. Міне, содан да жазықсыз жандар әлі де жеккөрушіліктен жапа шегіп жатыр. Олай болса, жеккөрушілік атаулыны кім біржола жоя алады?
Мұны тек Ехоба Құдай ғана істей алады. Бұл туралы ол өз Сөзінде уәде еткен (Нақыл сөздер 20:22).
ҚҰДАЙ ЖЕККӨРУШІЛІКТІҢ ТҮПТАМЫРЫН ЖОЯДЫ
-
1. ШАЙТАН ІБІЛІС. Бүгінде кең жайылған жеккөрушілік пен өшпенділіктің артында Құдайға қарсы шыққан Шайтан тұр. Құдай Тағала жақында Шайтанды да, оның ықпалына беріліп, жеккөрушілік танытатын адамдарды да жояды (Зәбүр 37:38; Римдіктерге 16:20).
-
2. ШАЙТАННЫҢ ҚАТЫГЕЗ ДҮНИЕСІ. Құдай өшпенділік отын тұтандыратынның бәрін, соның ішінде жемқор саясаткерлер мен жеккөрушілікке арандататын діни жетекшілерді жояды. Сондай-ақ ол жұртты алдап-сулап пайда көретін ашкөз сауда-саттық жүйесін құртады (Петірдің 2-хаты 3:13).
-
3. ПЕНДЕШІЛІК. Киелі кітапта адамдардың бәрі күнәкар болып туылатыны айтылған. Бұл дегенің — біздің ойымыз да, ісіміз де жамандыққа бейім (Римдіктерге 5:12). Адамдардың бір-бірін жақтырмай, жек көріп жататыны да содан. Жақында Жаратушының көмегімен осындай күнәкар бейімділіктің бәрінен арыламыз. Сол кезде жеккөрушіліктің ізі де қалмайды (Ишая 54:13).
ЖЕККӨРУШІЛІК БОЛМАЙТЫН ЗАМАНДА
-
1. ЕШКІМ ӘДІЛЕТСІЗДІК КӨРМЕЙДІ. Бүкіл әлемге Құдай Патшалығы мәңгілік билік ететін болады. Көктен басқаратын бұл үкімет жер бетінде әділдік орнатады (Даниял 2:44). Сол үкімет билік еткенде, алалаушылық, төзбеушілік деген атымен болмайды. Жаратқан Ие адамдар көріп жатқан әділетсіздіктің бәрін жойып, әділдіктің тұғырын берік орнатады (Лұқа 18:7).
-
2. БӘРІ БЕЙБІТ ӨМІР СҮРЕДІ. Ешбір адам соғыстан, зомбылық пен қатыгездіктен зардап шекпейтін болады (Зәбүр 46:9). Жер бетінде тек бейбітжан, жақсы адамдар өмір сүріп, Жер анамыз қауіпсіз мекенге айналады (Зәбүр 72:7).
-
3. ӘРБІР АДАМ ҒАЖАП ОРТАДА МӘҢГІ ЖАСАЙДЫ. Адамдардың бәрі бір-бірін шын жақсы көретін болады (Матай 22:39). Ешкім қайғы-мұңға батпайды, жаман ойлар да, естеліктер де көңілге қаяу түсірмейді (Ишая 65:17). Жеккөрушілік артта қалған сол заманда адамдар “керемет тыныштық орнағанын көріп, шаттыққа кенеледі” (Зәбүр 37:11).
Сіз осындай заманда өмір сүргіңіз келе ме? Қазірдің өзінде Киелі кітаптың ақыл-кеңестерінің арқасында көп адам жеккөрініш сезімінен арылып жатыр (Зәбүр 37:8). Дүниенің шартарабында тұратын миллиондаған Ехоба куәгері — бұған жарқын дәлел. Түрлі ортадан, түрлі мәдениеттен шықса да, олар бір үйдің баласындай бір-бірін жақсы көріп, бірлік-ынтымақта өмір сүріп жатыр (Ишая 2:2—4).
Ехоба куәгерлері сізге әділетсіздік көргенде, біреу сізді бөлектеп, кемсіткенде, не істеуге болатынын қуана-қуана айтып береді. Сонда адамдарды жек көруді емес, жақсы көруді үйренесіз. Барлық адамдарға, тіпті жақсылығыңызды түсінбейтін я сізді жек көріп, жақтырмайтын адамдарға да мейіріммен қарап үйренесіз. Соның арқасында өзіңізді бақытты сезініп, басқалармен араңыз жақсара түседі. Ал ең бастысы, Куәгерлерден Құдай Патшалығы билік етіп, жеккөрушілік атаулы мәңгіге жойылған заманда жасау үшін не істеу керектігін білесіз (Зәбүр 37:29).