Құдай Тағаланың есімі кім?
Әлдекіммен танысқанда, ең алдымен “Есіміңіз кім?” деп сұраймыз. Осы сауалды Құдай Тағалаға қойсақ, қандай жауап алар едік? Ол былай жауап берер еді:
“Мен Ехобамын. Бұл — менің есімім” (Ишая 42:8).
Бәлкім, сіз: “Алланың 99 аты бар. Бірақ Ехоба деген есімді естімеппін”,— дерсіз. Дегенмен бұл есім Киелі жазбалардың түпнұсқа мәтінінде шамамен 7000 рет кездеседі. Бұл есім еврейдің ЙХВХ деген дауыссыз төрт әрпімен жазылған, әрі қазақ тіліне “Ехоба” деп тәржімеленген.
Құдай есімі еврей мәтінінде және Киелі кітаптың көптеген аудармаларында кездеседі
ҚҰНДЫ ЕСІМ
Бұл есім Құдайдың өзі үшін құнды. Құдайға бұл есімді ешкім бермеген, оны өзі таңдаған. Киелі жазбаларда Құдай: “Мәңгі бақи менің есімім осылай болмақ. Күллі келер ұрпақ мені осы есіміммен есте сақтасын”,— деген (Мұсаның 2-жазбасы 3:15). Жазбаларда Құдайдың Ехоба деген дара есімі Алла Тағала, Құдай, Жаратқан Ие деген сипаттарына қарағанда әлдеқайда көп кездеседі. Осы есім Ыбырайым, Мұса, Дәуіт және Иса пайғамбарлардың есімдерінен де жиі қолданылады. Ехоба өз есімінің әйгілі болғанын қалайды. Бұл туралы Киелі кітапта: “Адамдар сенің есімің Ехоба екенін, Бүкіл жер бетін билейтін жалғыз Құдай Тағала екеніңді білсін”,— делінген (Зәбүр 83:18).
Бұл есім Иса пайғамбар үшін құнды. Иса пайғамбар ізбасарларын Құдайға: “Сенің есімің киелі тұтылсын!”— деп дұға айтуды үйреткен (Матай 6:9). Оның өзі де: “Әке, есіміңді даңқтай көр”,— деп сиынған (Жохан 12:28). Құдай Тағаланың есімін даңқтау — Иса пайғамбардың өмірінде ең бастысы болған. Сол себептен де ол Құдайға: “Оларға есіміңді аштым және аша беремін”,— деген (Жохан 17:26).
Бұл есім Құдайды танитындар үшін құнды. Ежелде Құдайдың халқы өздерінің қорғанышы да, құтқарылуы да Құдайдың бірегей есімімен байланысты екенін түсінген. Киелі кітапта: “Ехобаның есімі — мықты мұнара, Әділ жан оған қашып барып, табар пана”,— делінген (Нақыл сөздер 18:10). Онда: “Ехобаны атын атап шақырған әркім құтқарылады”,— деп те жазылған (Жоел 2:32). Киелі жазбалардан көрінетіндей, Құдайдың қызметшілері оның есімімен ерекшелену керек еді: “Барлық халықтар өз құдайларының есімімен жүрсе, Біз мәңгі бақи өз Құдайымыз Ехобаның есімімен жүреміз” (Миха 4:5; Елшілердің істері 15:14).
МӘН-МАҒЫНАҒА ТОЛЫ ЕСІМ
Бұл есім Құдайдың асыл болмысын паш етеді. Көп ғалымдар Ехоба деген есім “ол болғызады” деген мағынаны білдіреді деп тұжырымдайды. Ехоба Құдай Мұса пайғамбарға тіл қатқанда, өз есімінің мән-мағынасын ашып: “Мен кім болғым келсе, сол боламын”,— деген (Мұсаның 2-жазбасы 3:14). Демек, Құдай Тағаланың есімі оған күллі тіршіліктің Жаратушысы деген сипат беріп қана қоймайды. Бұл есім оның ерекше қабілетін аян етеді: ол өзінің ой-мақсатын жүзеге асыру үшін, өзін де, жаратылыстарын да кім болу керек болса сол болғызады. Құдайдың сипаттары оның дәрежесін, билігі мен құдіретін көрсетсе, тек Ехоба деген есім ғана оның бар болмысын, яғни кім екенін және кім бола алатынын паш етеді.
Бұл есім Құдайдың бізге көңіл бөлетінін паш етеді. Құдай есімінің мағынасынан оның өз жаратылыстарына, соның ішінде бізге деген сарқылмас қамқорлығы көрінеді. Сондай-ақ Алла Тағаланың бізге өз есімін ашқаны оны танығанымызды қалайтынын айқын етеді. Ол өз есімін бағзы заманда-ақ, біз дүниеге келмей тұрып-ақ айтқан. Демек, Құдай өзін қандай да бір тылсым, адам түсінігі жетпейтін тәңір деп емес, жақындауға болатын тірі Тұлға деп қарағанымызды қалайды (Зәбүр 73:28).
Құдайды есімімен атағанымыз оған жақын болғымыз келетінін паш етеді. Мысалы, біреумен достасқыңыз келіп, есіміңізді айттыңыз делік. Ол сізді сол есіммен атағанын қалайсыз. Ал ол атыңызды мүлдем айтқысы келмесе ше? Оның сізбен дос болғысы келетініне күмән туар. Тап солай, Ехоба Құдай адамзатқа жеке есімін ашты. Ол өзін сол есіммен атағанымызды қалайды. Осылай етсек, Ехоба Құдайға жақын болғымыз келетінін паш етеміз. Ал Құдай Тағала “оның есімін бағалайтындарды” назарынан тыс қалдырмайды (Малахи 3:16, сілтеме).
Құдай Тағаланың есімін білу — оған жақын болу үшін қажет алғашқы маңызды қадам. Бірақ бұл — бастамасы ғана. Бізге осы есімнің артында тұрған Тұлғамен танысу қажет. Алдымен, оның сипат-қасиеттеріне тоқталайық.
ҚҰДАЙ ТАҒАЛАНЫҢ ЕСІМІ КІМ? Құдайдың есімі — Ехоба. Бұл есім оның ой-мақсатын жүзеге асыра алатын Тұлға екенін паш етеді