Оқырман сауалдары
Елші Пауылдың “заң арқылы сол заң үшін өлі болдым” дегені нені білдіреді?
Ғалаттықтарға 2:19-да Пауыл: “Мен Құдай үшін тірі болайын деп, заң арқылы сол заң үшін өлі болдым”,— деген.
Пауыл Римнің Ғалатия провинциясындағы қауымдарға бір мақсатты көздеп хат жазды. Ол жақтағы мәсіхшілердің кейбірі жалған ұстаздардың ықпалымен жүрген еді. Олар адам құтқарылу үшін Мұса Заңын ұстану керек, нақтырақ айтсақ, сүндеттелу керек деп үйрететін. Бірақ Құдай сүндеттелу рәсімін бұдан әрі талап етпеді. Сондықтан Пауыл қисынды дәлелдер келтіріп, олардың жалған ілімдерін жоққа шығарды және бауырластардың Иса Мәсіхтің төлем құрбандығына деген сенімдерін қатайтты (Ғал. 2:4; 5:2). Оның Ғалаттықтарға 2:19-да айтқан сөздері осы тақырыппен тікелей байланысты еді.
Киелі кітапта адам өлгенде ештеңе сезбейтіні, оған ештеңе әсер етпейтіні айтылған (Уағ. 9:5). Пауыл “заң үшін өлі болдым” деуімен Мұса Заңы бұдан әрі оған әсер етпейтінін айтқысы келген еді. Бірақ төлем құрбандығына сенгендіктен, ол енді “Құдай үшін тірі” еді.
Пауыл ненің арқасында “заң үшін өлі болып,” “Құдай үшін тірі” болды? Тармақта “заң арқылы” делінген. Бұл сөздерді айтпас бұрын Пауыл: “Адам заңды ұстану арқылы емес, Мәсіх Исаға сену арқылы ғана әділ деп жарияланады”,— деген (Ғал 2:16). Әрине, Мұса Заңы маңызды рөл атқарды. Пауыл айтқандай, Заң “уәде етілген ұрпақ келгенше, күнәларды айқын ету үшін қосып берілген” (Ғал 3:19). Күнәкар, кемелсіз адамдардың ешбірі Мұса Заңын мінсіз ұстана алмағандықтан, оларға біржола шалынатын кемелді құрбандық қажет еді. Осылай Заң адамдарды “ұрпаққа”, яғни Мәсіхке алып келді. Егер олар Иса Мәсіхке сенсе, Құдайдың алдында әділ деп жарияланатын (Ғал. 3:24). Пауыл Мұса Заңы арқылы Исаны қабылдап, оған сенді. Осылайша ол әділ деп жарияланды. Демек, ол “заң үшін өлі болды”, ал “Құдай үшін тірі болды”. Бұдан былай оған Заңның емес, тек Құдайдың билігі жүретін болды.
Пауыл Римдіктерге жазған хатында да былай деген: “Бауырластарым, сендер де Мәсіхтің тәні арқылы Заң үшін өлдіңдер... Ал енді кезінде бізді құрсауында ұстаған Заң үшін өліп, одан босадық” (Рим. 7:4, 6). Бұл тармақта да, Ғалаттықтарға 2:19-да да Пауыл адамның Заңды бұзғаны үшін өлімге кесілуі жайында айтпады. Қайта, сол Заңнан азат болу жайлы айтты. Бұдан былай Заң Пауылға, өзге мәсіхшілерге билік жүргізбейтін. Өйткені Мәсіхтің төлеміне сенгендіктен олар азат болды.