Мазмұнға өту

Ізашарлық мектеп Самбирде Патшалық сарайында (жоғарыдағы сурет), тағы бір мектеп Житомирде жертөледе өтіп жатыр (астыңғы сурет)

1 АҚПАН, 2023
УКРАИНА

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР №16 | Украинадағы әскери іс-қимыл кезінде бауырластар бір-бірін тастамады

Ізашарлық қызмет мектебі

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР №16 | Украинадағы әскери іс-қимыл кезінде бауырластар бір-бірін тастамады

26 желтоқсаннан бастап Украинадағы тұрақты және арнайы ізашарлар елдің қауіпсіз жерлерінде Ізашарлық қызмет мектебінде оқи бастады. Елдегі ахуалға байланысты ізашарлар бұл мектепке келіп те, Zoom арқылы да қатыса алады. Әуе шабуылдарына, электр жарығының жоқтығына, экономикалық қиындықтарға, Интернеттің бір өшіп, бір қосылып тұрғанына қарамастан, аяулы бауырластарымыз бұл мектепте тәлім алуды бәрінен биік қойды.

Әйел бауырластар жарық сөнгенде бірге Zoom арқылы мектепке қатысып отыр. Олар қуаттандырғыш батареяны пайдаланып, азғана электронды құрылғыларды іске қоса алды

Кривой Рогта тұратын Наталия былай дейді: “Бұл мектеп мен үшін құтқару шеңберіндей болды. Мен уайым мен қорқынышқа батып кетпедім”. Ал Черновцыда тұратын Анастасия: “Бұл мектепте Ехоба мені аялайтынын сездім. Соңғы жылы сұмдық оқиғалар болды, сондықтан осы мектеп маған ауадай қажет еді. Ехобаның батасы үшін аянбай күресемін деп нық бекіндім”,— деді.

Кицманьдағы Свитлана деген ізашарға мектепке шақыру келгенде, ол біраз уайымдаған екен. Ол былай дейді: “Мен Ехобаға бар уайымымды, қаражат жағынан қиналып жатқанымды айттым. Бәрін оған сеніп тапсырдым және өте дұрыс істеппін. Өйткені Ехобаның қамқоры мен сүйіспеншілігін сездім”. Свитлананың осындай қайсарлығына қарап, оның Куәгер емес күйеуі қауымға бара бастады.

Интернет байланысы өшкен соң, Виктория жақын маңдағы метро бекетінің қасында мектепке қосылып тұр

Әуе дабылы болғандықтан Житомирдегі ізашарлар мектеп кезінде екі рет жертөлеге көшуге мәжбүр болды. Бөлмені жылыту үшін олар пеш жағып, қайта сабаққа кірісті. Осындай қиындықтарға қарамастан жақында Житомирге көшіп келген Валентина былай дейді: “Бұл мектепті ешқашан ұмытпайтын шығармын. Өзімді Ехобаның қанатының астында жүргендей сезіндім”.

Украинадағы ізашарлар күллі жердегі ізашарлар сияқты жақында қысқарған сағат нормасына қатты қуанды. Осы жаңалықты естіген Юлия былай дейді: “Жүректегі сүйіспеншілігім асып-тасып жатты. Сол күні таңертең мен “осы қызметті атқара алайыншы” деп Ехобаға жалынып едім. Ехобаның қалай жауап беретінін білмесем де, жауабы міндетті түрде болатынын білдім. Сағат азайды деген хабарды естігенде, Ехобаның мен үшін істеп жатқан көп жақсылығы үшін алғысымды айттым. Мектептің соңында естіген осы жаңалық басты тамақтан кейін берілетін тәтті торттай болды”.

2023 жылдың 24 қаңтарына дейін Украинадан келіп түскен деректер бар. Бұл жергілікті бауырластардың айтқан сенімді мәліметтеріне негізделген. Алайда нақты саны әлдеқайда көп болуы мүмкін, өйткені елдің барлық аймағымен байланысу қиын болып тұр.

Бауырластарымыз жайлы ақпарат

  • 47 жариялаушы қайтыс болды.

  • 97 жариялаушы жарақат алды.

  • 8953 жариялаушы үйлерін тастап, қауіпсіз жерді паналап отыр.

  • 590 үй қирады.

  • 645 үйге қатты зақым келді.

  • 1722 үйге кішігірім зақым келді.

  • 8 Патшалық сарайы қирады.

  • 17 Патшалық сарайына қатты зақым келді.

  • 76 Патшалық сарайына кішігірім зақым келді.

Көрсетілген көмек

  • Украинада 26 Төтенше жағдайлар комитеті жұмыс атқаруда.

  • Осы комитеттер 54 445 адамды қауіпсіз жерге жайғастырды.

  • 27 655 жариялаушы басқа елге бассауғалады, әрі оларға бауырластар көмектесіп жатыр.

  • 46 үй жөндеуден өтті.

  • 5 Патшалық сарайы жөндеуден өтті.